11 қаз, 2024 сағат 23:17

Көші-қон саясатына басқаша көзқарас керек

 

Фото: okg.kz


Бізде өз-өзін ақтамаған жобалар аз емес. Соның бірі – халқының саны аз өңірлерге қарай ішкі көші-қон саясатын жүргізе отырып, жабылып қалғалы тұрған ауылдарға жан бітіру. Бұл бастаманың қолға алынғанына біраз жыл болды. Бірақ, шындығын айту керек, нәтиже көңіл толарлықтай емес.

 

Таяуда «Егемен Қазақстан» газетінде осы мәселеге байланысты көлемді мақала жарық көрді. Белгілі журналист Жолдыбай Базардың қаламынан туған дүниеде еліміздегі ішкі көші-қон саласына қатысты мәселе егжей-тегжейлі қамтылған. Автордың айтуынша, бұл мәселеге бүгін-ертең назар аударып, басқаша әрекет етпесек, қазіргі бағытымыздың ақыры құрдымға кетіп барады. «Ішкі көші-қон, урбанизация саласындағы қалыптасқан ахуалдың қоғамды алаңдатып отырғаны Үкіметті нақты шаралар қабылдауға итермелеуі тиіс. Өйткені, аталған мәселе ұлттық қауіпсіздікке, елдің әлеуметтік дамуына, халық тұрмысының жақсаруына, мәдени-рухани өміріне тікелей теріс әсер етеді. Бұл кері әсердің салдары уақыт өте ұлғая түссе, одан пайда болған қиындықтарды тезге салу тым қымбатқа түседі» деген журналист ауыл халқының қалаларға, әсіресе ірі мегаполистерге көшу үдерісі үздіксіз жалғаса берсе, қала тұрғындарының саны ауылдағылардан едәуір артып, оның соңы түрлі келеңсіздіктерге ұрындыратынына алаңдайды. «Қала халқының саны табиғи жолмен емес, ауылдықтар есебінен өсуі экономикаға, қоғамдық көңіл-күйге оңай тимейді. Бұл айналып келгенде, бірінші кезекте әлеуметтік қайшылықтардың, қылмыстық оқиғалардың көбеюіне әкеледі, тіпті саяси тұрақсыздықтың туындауына жол ашады. Еліміздегі ең үлкен урбанизация орталығы саналатын Алматы қаласындағы бұған дейін болған жағдаяттарды еске түсірейік. «Шаңырақ», «Бақай» оқиғалары, «Қалқамандағы» жер дауы бізге ой салуға тиіс. Тек Алматы шаһары емес, Астана, Шымкент, Тараз, Түркістан және басқа да қалалардың шеткі аудандарындағы немесе ауылдан келушілер есебінен ұлғая түскен, қаламен ұласып жатқан елді мекендердің мәселелері, ондағы инфрақұрылымның нашарлығы немесе жоқтығы жергілікті биліктің әрекетсіздігінің көрінісі тәрізді. Мұның барлығы – қоғамдық көңіл-күйді бұзатын, атқарушы билікке деген сенімді азайтып, өкпе-ренішті арттыратын дүниелер. Бұған қоса қалаларға өзге өңірлерден көшіп келгендерді баспанамен, жұмыспен қамту міндетін ешкім мойнына алған емес. Тек әр азамат өз қотырын өзі қасып, өз арбасын өзі сүйреп жүріп жатыр. Бір күні қотыры асқынып, сүйреп жүрген арбасы сынса, шарасыздық оны көшеге алып шығады. Ол жалғыз емес, әрине. Міне, саяси тұрақсыздықтың «көзі» осылай ашылады».


Иә, мұны бүгінгі қоғамдағы «бітеу жара» деуге болады. Мәселені түбегейлі шешудің орнына сылап-сипап, жараның бетін таңумен ғана шектеліп келеміз. Өзегі алынбаған соң ол бір күні жарылатыны белгілі. Еліміздің солтүстік өңірлеріне халықты көшіру саясаты да еріксіз осы ойларға жетелейді. Жиырма жылға жуықтап қалған шығар, қазынадан қыруар қаржы бөлу арқылы жылына қаншама квота бөлеміз. Ел арасында үгіт-насихат жүргізіп, ондаған, тіптен жүздеген отбасын көшіріп те бардық. Бірақ, солардың қаншасы тұрақтап қалды? Өзіміз білетін отбасылардың бір-екеуі қайтып келді. Қалғандары да ауылына қарап алаңдап күн санап жүр. Көбінің айтатыны – «аздап жағдайымды жасап алған соң ауылға қайта барамын» дегенге саяды. Мақала авторы бұл мәселенің де оң нәтиже бермейтінін айта келе, қазынаның ақшасын жүйесіз жобаға шаша бергенше басқа жолдарын қарастыруды ұсынады. «Ауылдардан қалаларға нәпақа іздеп келушілердің көшін солтүстік өңірлерге бұрғанымыз дұрыс. Бірақ, ол бүгінгідей бей-берекет емес, жүйелі, нәтижелі болуы тиіс. Алдымен аталған бағытта Президенттің және азаматтық қоғамның тікелей бірлескен бақылауында болатын мемлекеттік ірі бір жоба қолға алынуға тиіс.

Осы жоба аясында, біріншіден, солтүстік өңірлердегі бос жатқан және иесі бар, бірақ, ұзақ жылдар игерілмей келген жерлерді ғарыштық мониторинг жүргізу арқылы түгелдеп, оларды мемлекет меншігіне қайтарып, сол аймақтарды ұзақ жылдарға жалға беру құқымен отандық бәсекеге қабілетті фермерлерге, құрылымдарға беру қажет. Бұл жерде «мұндай фермерлер мен құрылымдар көктен түспесе қайдан табылады?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұған жауап беру қиын емес. Алдымен мемлекеттің барынша қолдауымен жергілікті фермерлерді, қожалықтарды тірек құрылымдарға айналдырып, бұған қосымша оңтүстік өңірлерден ауыл шаруашылығы саласындағы ірісі бар, шағыны бар, жұмыс істеуге мүмкіндігі мол құрылымдарды мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсете отырып тарту қажет. Осындай жолдармен солтүстік өңірлерде мал, егін шаруашылығына қатысты ірі ауыл шаруашылығы  корпорацияларының пайда болуын, олардың көбеюін қамтамасыз ету маңызды.


Бұл құрылымдарға мемлекет тарапынан мынадай нақты көмектер көрсетілуі керек:


– үкімет импортқа қолдау көрсетуден тыйылып, экспортқа оң көзқарас қалыптастыра отырып, солтүстік өңірлердегі отандық барлық шаруалардың өнімін лайықты бағаға өткізу үшін ішкі және сыртқы нарықтық алаң дайындап беру немесе өнімдерді өткізуде маңызды міндеттемелерді мойнына алу;

– салықтың ең аз мөлшерін белгілеу;

– мемлекеттің инвестициялық саясатын аталған бағытқа бұру;

– жоба шеңберінде атқарылатын барлық жұмыстарды материалдық тұрғыда қамтамасыз етуде тек қана отандық өндірушілердің әлеуетін толық әрі тиімді пайдаланып, олардың шығарған өнімдерін (әсіресе, ауыл шаруашылығы техникалары, құрылыс материалдары, т.б.) пайдалануға басымдық беру;

– жанар-жағармай, техникаларға қажетті бөлшектерге жұмсалатын қаржының 60-70 пайызын республикалық және жергілікті бюджет есебінен төлеп беру;

– аталған құрылымдарда жұмыс істейтін еңбеккерлерге мұнай, басқа да қазба байлық өндіру саласында еңбек ететін азаматтардың жалақысымен салыстырғанда едәуір жоғары ақы төлеу, оның 50-60 пайызын республикалық және жергілікті бюджет есебінен өтеу;

– өңірде тірек шаруашылықтар орналасқан маңнан лайықты орындар белгіленіп, еңбек етуге барған жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелері үшін сол жерлерге заманауи ­инфрақұрылым құрылып, сапалы біліммен, дәрігерлік көмекпен, тұрғындар санына қарай әлеуметтік нысандармен, интернетпен, сондай- ақ, орталықтандырылған су, жарық, жылу жүйелерімен қамтылған елді мекендердің қазығын қағу;

– жергілікті халықтың өзге өңірлермен қатынас қажеттігін өтеу үшін құрлық және әуе жолдарымен қамтамасыз ету қажет.


Бұл қадамдар жерасты байлығына әбден сеніп қалған мемлекетімізде болашақта экономикамыздың негізгі драйвері ауыл шаруашылығы болуына жол ашады. Сонда солтүстік өңірлерді уақыт талабына сай игеру, оны тәуелсіз еліміздің игілігіне айналдыру әрі ұлт қауіпсіздігін қорғау бағытында нақты, өзін-өзі ақтайтын қадам болар еді.


Иә, солтүстік өңірлерді осылайша игеру көп шығынды талап етеді деушілер табылар. Оларға айтарымыз, егер біз атаған бағыттарда мемлекет жүйелі жұмыстар жүргізсе, кеткен шығын аз ғана уақыттың ішінде өтеледі. Кейбір елдер дағдарыстың өзінен пайда тауып, ысылып, серпін алып шығып жататыны сияқты, аталған жоба Қазақстанды жер­асты қазба байлықтарына тәуелділіктен құтқарады.


Екіншіден, солтүстік өңірлерді, әсіресе, шекара маңы аймақтарын елге толтыру, оны экономикалық тұрғыда игеру, оған барша қазақстандықтарды тарту ісіне ақпараттық қолдау жұмыстарына маңыз беру қажет.

Үшіншіден, жобаға қатысуға шетелдегі қандастарымызды арнайы жеңілдік пен тиімді шарттар ұсына отырып тартуға, сондай-ақ, өзге елге жұмыс іздеп кеткен отандастарымызды шақыруға баса назар аудару керек.

Төртіншіден, аталған жобаға рейдерлік, бюрократиялық, коррупциялық кедергілерді түбегейлі жолатпау, барлық жұмыстың барысы туралы деректердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету аса маңызды.

Бесіншіден, солтүстік өңірлерге тек қана ауыл шаруашылығына қатысты ғана емес, руханият, ғылым, заманауи­ технологиялар және тағы басқа да салалар бойынша ірі жобаларды жүзеге асыру өзекті. Өйткені, мұндағы халық, олардың ұрпағы тек ауыл шаруашылығымен ғана емес, өмірдің басқа салаларында да қызмет етуге құқығы бар. Олар бұл құқығын жергілікті жерлерде пайдалана алуға тиіс.

Алтыншыдан, қазба байлыққа телміріп, жердің астына көз сүзе бермей, жердің үстіндегі байлықты ықтияттап алуға ұмтылдыратын мемлекеттік ішкі және сыртқы саясат тұжырымдамасы жасалуы керек. Бұл саясат Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға аталған салада тәжірибесі мол, ұлтымызға демографиялық қауіп төндіре алмайтын Батыс Еуропа елдерінің компанияларын тиімді шарттармен тартуға да мүмкіндік беруі қажет» дейді Ж.Базар.



 

Аман Жайымбетов,
«Оңтүстік Қазақстан».