Алматы қаласындағы «Достық үйінде» «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазақ әдебиеті антологияларының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Бұл жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі. Оның негізгі мақсаты – тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетін, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерін әлемге таныту.
Жиынға шығармалары әлем тілдеріне аударылған авторлар мен аудармашылар, ҚР Мемлекеттік хатшысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.
Басқосуда аударма жұмысы қорытындыланып, авторларға алты тілде жарық көрген шығармаларының жинақтары тапсырылды.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және оны осындай кең көлемде тарату біздің тарихымызда бұрын-соңды болмағанын айтты. «Бұл жобаны ұйымдастыру және үйлестіру жүйесі де бұрынғыдан өзгеше болды. Ондағы басты мақсат көркем аударманың жоғары сапасын қамтамасыз ету еді. Осы ретте, ең алдымен, жобаны жүзеге асыруға 6 елдің көркем аударма саласында тәжірибесі мол, беделді деген баспалары таңдалды. 60 автордың үздік туындылары енген антологиялар дүниежүзінің 5 құрлығындағы 93 мемлекеттің ірі кітапханаларына, іргелі оқу орындарына, мәдениет пен әдебиетке маманданған ғылыми орталықтарына таратылады», – деді Қырымбек Елеуұлы.
Қазақ әдебиеті жинақтарының ағылшын тіліндегі нұсқасын Кембридж университетінің баспасы, араб тіліндегі басылымын Мысырдың Ұлттық білім және мәдениет орталығы, испан тіліндегі жинақтарды Сервантес институты, орыс тіліндегі антологияларды М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі, қытай тіліндегі жинақтарды Бейжіңдегі ұлттар баспасы, француз тіліндегі басылымды Париждің мәдени бірлестігі дайындады. Аталған серіктес-ұйымдардың аудару, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына 300-ге жуық маман жұмылдырды.
Жоба аясында аударманың ерекшелігін талқылап, өзара әңгімелесу үшін шетелдік аудармашылар мен баспагерлердің қазақстандық авторлармен кездесуі өткізілді. Бұл аударманы түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатуға әрі оның көркемдік сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берілді.
Әр антологияның таралымы – 10 мың дана. Жалпы саны 120 мың жинақ әлемнің 23 мыңнан астам ірі кітапханасына, оқу орындары мен ғылыми орталықтарға жеткізілді. Оның ішінде ағылшын тілді басылымдар ағылшын тілі ресми мәртебеге ие 18 мемлекетке, араб тіліндегі жинақтар осы тілде сөйлейтін Таяу Шығыс пен Африкадағы 22 мемлекетке, испан тіліндегі басылымдар Испаниямен қатар Латын Америкасының 20 еліне, Қытай тіліндегі басылымдар 1,5 миллиард халқы бар елдің барлық аймақтарына, орыс тіліндегі жинақтар орыс тілін білетін 14 мемлекетке, француз тіліндегі таралым Еуропа мен Африканың 17 еліне таратылды.
Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің антологиялары ірі кітапхана қорлары мен ондағы ерекше кітаптарды есепке алатын WorldCat деп аталатын халықаралық библиографиялық жүйеге енді. Антологияларды алған елдер мен ұйымдардан 100-ден аса алғыс хат келді. Мәселен, Франция Президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания білім министрі Гэвин Уильямсон алғыс хатын жолдады.
Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асырылды.