18 нау, 2021 сағат 08:22

Көрші елдерден ұрланған көліктерді қайтарудың жолы жеңілдетілді

Парламент Сенатының жалпы отырысында «2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл хаттамаға 6 елдің ішкі істер министрлері қол қойды, олардың арасында Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова бар. 

Хаттаманың негізгі мақсаты – ұрланған автокөлік иелерінің құқықтарын қорғау.

«Бүгінде ТМД келісіміне сәйкес, елдермен шекарамыз ашық. Осыны пайдаланып, кейбір адамдар заң бұзушылықтар жасайды. Мысылы, 2005 жылдан бастап осы кезге дейін ұрланған 223-дан астам көліктің тек 30 пайызы елге қайтарылған. Өйткені, сұрау салу нормаларының кемшіліктері бар. Осы кемшіліктерді жою үшін құжатқа жаңа нормалар енгізілді. Енді ереже бойынша сұрау салуды орындауға бір ай уақыт беріледі. Сондай-ақ, сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан бас тарту үшін нақты негіз қажет», - деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. 

Сонымен қатар, Хаттамада:

- жол-көлік, өрт және табиғи апаттан зардап шеккен автокөліктер туралы мәлімет беру; 

- кеден органдарымен ақпарат алмасу;

- 1 жыл ішінде сұрауы жоқ автокөлік, қай жерде анықталса, сол мемлекеттің меншігінде қалдыру мәселелері қарастырылған.

«Бүгінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастық елдерінің арасында автокөліктерді ұрлау проблема болып тұр. Осы Келісімді бекіту - азаматтардың құқығын қорғап, ұрланған көліктерді қайтарудың жолын жеңілдетеді. Осы Заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, қосымша қаржы талап етпейді», - деді министр.