Қазақстан Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың қызметтен босату жөніндегі рапортын қарастырып, оның өтінішін қабылдады", - деп жазды Берік Уәли Facebook-те.
Бұған дейін қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Тараз маңындағы әскери қоймада жарылыс болғанын естігеннен кейін отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын айтты.
26 тамыз кешкі жетілер шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт шығып, артынша оннан астам жарылыс болды. Белгілі болғандай, қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталған.
Соңғы мәлімет бойынша төтенше жағдайдан 15 адам қаза тапты. Барлығының жеке басы анықталды.
Сондай-ақ, жүзге тарта адам жарақат алды, бір адам хабар-ошарсыз кетті. Қаза тапқандардың бәрі – қорғаныс министрлігі мен төтенше жағдай министрлігі өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері.
Жамбыл облысы әкімдігінің айтуынша, апат салдарынан 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық объект, үш мектеп бүлінген. Әкімдік үйлерді екі ай ішінде қалпына келтіруге уәде берді.
Ермекбаев апаттың себебі ретінде үш нұсқа қарастырылып жатқанын айтқан. Олар: жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия.
Бұл – Ермекбаевтың қорғаныс министрі қызметіндегі екінші апат. 2019 жылы осыған ұқсас жағдай Түркістан облысы Арыс қаласында болған. Ол жерде әскери қоймада жарылыс болып, төрт адам қайтыс болған, ондаған адам жарақаттанған. Апат салдарынан ондаған мың адам үйін тастап, босып кеткен.
Жамбыл облысындағы жарылыстан кейін 29 тамыз апат кезінде мерт болған азаматтарды аза тұту күні болып жарияланды. Бұл - тәуелсіз Қазақстан тарихындағы оныншы қаралы күн.
Сол күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев апаттан қаза тапқан қызметкерлерді марапаттау жөнінде қаулы шығарды.
