ҚР Қорғаныс министрі болып Жасұзақов Сәкен Әділханұлы тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Бұған дейін бұл қызметті Иманғали Тасмағамбетов атқарған болатын. Ол бүгін ҚР премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды.
Жасұзақов Сәкен Әділханұлы 1957 жылы қазанның 25-інде Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Шалдар ауылында дүниеге келген.
Алматы жоғары жалпы әскери командалық училешесін (1978), Мәскеу әскери академиясын (1990) бітірген. 1978 — 1987 жылдары Балтық бойы әскери округінде барлау взводы командирі, барлау ротасы командирі, жеке барлау батальоны штабы бастығы қызметтерін атқарған. 1990 — 1994 жылдары Алматы қаласындағы ауданның азаматтық қорғаныс штабы бастығы, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі штабының барлау бөлімінде аға офицер, барлау басқармасының ғылыми-ақпарат бөлімінің бастығы, 1994 — 1996 жылдары Ресей Қарулы Күштері Бас штабы әскери академиясының тыңдаушысы, 1996 — 2000 жылдары Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, шұғыл жоспарлау департаментінің бастығы, армиялық корпус командирінің орынбасары, штаб бастығы болып жұмыс жасады. 2000 жылдан әскери құрама командирі.
Ұлт порталы