16 қыр, 2024 сағат 12:01

«Көптеген партиялардың азаматтық қоғамды дамытудағы белсенділігі төмен» - саясаттанушы


Фото:egemen.kz алынды

Дегенмен елімізде азаматтық қоғам енді қалыптасып келеді дейді сарапшы. 

«Азаматтық қоғамның қалыптасуына әлеуметтік желі мен ақпараттық құралдары әсер етіп жатыр. Көздері ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз бар. Өздерінің шынайы ойларын анық жеткізетін азаматтарымыз мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау кезінде белсенділік танытты. Яғни, әлеуметтік желі арқылы, дөңгелек үстел арқылы өздерінің дауыстарын ашық санап, ойларын еркін білдіре алды. Кешегі өткен референдум да биліктің азаматтық қоғаммен санасуының негізгі дәлелі», - деп жауап берді саясаттаншы Талғат Жанысбай. 
 
Расымен, мәслихат депутаттары өте маңызды функция атқарады. Себебі бұл өңірлердегі жағдайға қанық, қоғамның ішінде жүрген, жергілікті билік пен халықтың арасындағы қарым-қатынас, бюджет, әлеуметтік жағдай, қоғамдағы көңіл-күй және басқаны жақсы білетін, сол процесстің ішінде жүрген жандардан құралады.

Жалпы бізде 3300-ден астам мәслихат депутаты бар. Соның 70 пайызы Астанада ІІ республикалық форумда бас қосты. Форумға президент те қатысты. Сөз сөйлеп, мәслихат депутаттары жұмыстарының маңыздылығын, оларды халықтың ой-пікірін білдіруші тарап ретінде қызметінің жоғары екенін айтты. Әйелдер мен жастардың өкілді билікте саны артып келе жатқанын, мәслихат депутаттарының құзіреті кеңейе түскенін, ал депутаттар облыс және қала әкімдерін баламалы негізде таңдай бастағанын да тілге тиек етті. 

Біліктіліктерін арттыруды ұдайы жүргізіп, мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесі өзекті болып тұрғаны айтылды. 

Біздің халықтың дауыс беруде, саяси шешім қабылдауда тәжірибесі бар. Себебі тәуелсіздік алғалы референдум елімізде 4-ші рет өткізіліп отыр. БАҚ-та дауыс беруге келген қазақстандықтардың қарасы көп екенін көрдік. Әсіресе, еліміздің бас қаласы Астананың тұрғындары белсенділік танытты. Сонымен қатар, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары да тізімнің көш басында тұр.

Әрине, сайлау науқаны кезінде байқаушылардың жұмысы аса маңызды. Олар сайлау учаскелердің уақытылы ашылуын, дауыс берушілердің регистрациядан өтуін және олардың құқықтарының бұзылмауын жіті бақылап отырды. Егер дауыс берушілердің құқықтары шектеліп жатса, онда бақылаушылар тиісті құжат толтырып, қажетті органдарға жіберді.
Бұл  референдумды әлемнің 30 елінен 177 байқаушы қадағалады. Олар Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі, Франция, Ресей, Испания, Қытай, Беларусь, Грузия, Жапония сынды 30 мемлекеттен келген өкілдер.

Одан бөлек, 4 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. Бұл қатарда Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Түркі мемлекеттерінің ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес бар.

Биыл атом электр станциясын (АЭС) салу бойынша референдум өтті. Сайлаушылардың жалпы саны 12,28 миллион болса, олардың ішінен 7,82 миллион адам немесе 63,66% референдумға қатысты. Дауыс бергендердің 71,12%-ы АЭС құрылысына қолдау білдірді.  Ал 2022 жылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өткізген  референдумға халықтың 66,98 пайызы қатысқан. Бұл саяси өзгерістер азаматтық қоғамның белгілі бір дәрежеде қалыптасып жатқанының көрсеткіші. 

«Азаматтық қоғамның белгілері - жеке тұлғаның негізгі құқықтары мен еркіндіктері заң жүзінде қамтамасыз етілуі. Саяси қорғалған мемлекеттен тыс қатынастар саласындағы үйлесімді дамыған қоғам. Демократиялық қоғамда әр адам өзінің ойын ашық әрі еркін жеткізе алуымен белгіленеді. Азаматтық қоғам билікке ықпал ете алатын жеке дара тұлғалар, оппозициялық тұлғалар, қоғам қайраткерлері, ел жанашырларынан тұрады. Белгілі бір азаматтардың топтасып саяси партиялық күштерге айналуы кезінде азаматтық қоғам пісіп, жетілді», - деді саясаттанушы.