Қаңтардағы тәртіпсіздікке қатысты көліктегі полиция 72 қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Сарықұл Жоланов 2022 жылғы қаңтар айында көлік нысандарында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысты қылмыстық істердің тергелу барысы жайында брифинг өткізді.
Оның айтуынша, департамент пен оның аумақтық бөлімшелері биылғы 3-31 қаңтар аралығында жаппай тәртіпсіздік бойынша 72 қылмыстық іс тіркеді. Бұл тұрғыда ұрлық пен тонау фактілері тексеріліп жатыр.
Қылмыстар бойынша уақытша ұстау оқшаулағышына 14 күдікті қамалды. 31 қаңтардағы жағдай бойынша көлік нысандарындағы келтірілген шығынның алдын ала сомасы 530 792 668,8 теңгені құрады.
Осы орайда көлік полициясы қызметкерлері күдіктілерден 24 587 874 теңге сомасындағы ұрланған мүлікті тәркіледі. Соның арасында 3 автокөлік, 5 ұялы телефон, 2 299 825 теңге самасында ақша және құны 635 000 теңге болатын киім бар.
«Наразылық акциялары кезеңінде қылмыскерлер мемлекеттік маңыздағы екі нысанға зақым келтірді. Оның қатарында Алматының халықаралық әуежайы мен Алматы қаласы әуежайындағы полицияның желілік бөлімі бар. Сонымен қатар, әуежай ғимаратының ішінде орналасқан сауда нысандарына да шығын келтірілді», - деді Сарықұл Жоланов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта полиция департаменті қызмет көрсететін аумақта жедел іздестіру іс-шаралары жалғасуда.