Фото:gov.kz
14 ақпанда өткен Мәжіліс отырысында депутат Ұлықбек Тұмашинов еліміздің көптеген аймақтарда тасқын жүру қаупі бар екенін айтып, Үкіметті шұғыл шараларға дайындалу керектігін ескертті деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Биыл Қазақстан аймақтарында ерекше климаттық ауытқу болып тұр. Бір жерде қар апталап жауып тұрса, содан қашық емес жерлерде тасқын болып жатыр.
Жыл сайын болатын су тасқындары азаматтарымыздың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіріп қана қоймай, отандастарымыздың моральдық-психологиялық деңгейіне де кері әсер етуде!
Өткен жылы көктем кезінде Ақтөбе, Атырау облыстарында тасқын болып, біздің сайлаушылардың әбігерін шығарған болатын.
«AMANAT» партиясы зардап шеккен тұрғындарға құрылыс материалдарымен көмек көрсетті!
Адамгершілікпен өзара көмектесу әрбір азаматтың парызы деп білеміз.
Биыл су көшкіні Шығыс Қазақстан облысы, Орталық Қазақстан, Ақтөбе облыстарында болуы ықтимал.
Еліміздің азаматтары тағы да қиын-қыстау жағдайда қалмауы керек», -дейді Ұ. Тұмашинов.
«AMANAT» Фракциясы атынан депутат су тасқынына қарсы келесі шараларды Үкімет шұғыл қабылдауы қажет деп есептейді:
1. Еліміздің барлық аумағында Су тасқыны қаупі бар жерлердің картасын жасау.
2. Халыққа тасқын, сел қаупі жөнінде дер кезінде хабар беру жүйесін тексеру.
3. Төтенше жағдайдар министрлігінің құтқару қызметтерінің азаматтарды дер кезінде қауіпті жерлерден алып шығу қабілетін қазірден тексеру.
4. Су тасқыны қаупі бар жерлердің барлығында тасқыннан қорғайтын қорғайтын дамбалар, контррегуляторлар, су өтетін өткелдер салу аса маңызды.
«Ең бастысы, көктем кезінде «аяқ астынан» тасқын болып, тағы да біздің азаматтар зардап шегіп жүрмесін»! -деп отыр депутат Тұмашинов.
Еске салсақ, өткен аптада Астанада өткен брифингте Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері елімізде 13 облысты сел басу қауіпі жоғары екенін хабарлаған еді.
Мамандардың сөзінше Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай және Ұлытау облыстарында алдын ала болджамға сәйкес сел жүру қауіпі жоғары екен. Ал орташа қауіпке ілініп отырған аймақтар: Жамбыл, Жетісу және Павлодар облысы. Сел жүру қауіпі ең төмен болып Маңғыстау және Қызылорда облыстары есептеледі.
«Өткен жылдың соңында, яғни желтоқсан айында көп жаңбыр жауып, қар жөнді жаумады. Қазір сол судың бәрі жерге сіңді. Сондықтан аяқ асты сел жүру қауіпі күтіліп отыр. Ақпан айының аяғында Оңтүстік өңірлерде, ал наурыздың басында Солтүстік өңірлерде сел күтілуде», -деген болатын Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов.