(Қазақтың үлкен ақыны Тыныштықбектің болмысы туралы)
«Әдебиет дегеніміз – ешқашан ескірмейтін жаңалық» (Эзра Паундт). Әр жақсы жазылған дүниеден жаңа ой тауып отырасың. Тіпті «Абайды әр оқыған сайын жаңа қырын ашып отырамыз» дейтін ғалымдардың сөзі де сөздің ешқашан ескірмейтінін айғақтап тұрғандай. Өнер әлемі галактика секілді түпсіз. Онда әр жарық жұлдызға, әлсіз жұлдызға да орын табылады. Солардың арасында жарығының шуағы көпшілікке пайдалы болмақ. Тыныштықбек Әбдікәкімұлының поэзиясы да шуақты сөздің сәулесі іспеттес.
Бағашар Тұрсынбайұлы: Әдебиеттегі шартты болса да айтылатын «буын» деген сөз бар. Егер онжылдықтармен жинақтайтын болсақ, сіздер тоқсаныншы жылдарда әдебиет табалдырығын аттадыңыздар. Сексенінші жылдардың басында қазақ поэзиясына маңдайы жарқырай келген екі адам болса, соның бірі – Тыныштықбек. «Қазақ әдебиеті» газетіне «Ақшам хаттары» деген атпен шыққан бір топ өлеңі сол кезде-ақ жоғары бағаланғанға ұқсайды. Кейін осы атпен жыр жинағы да шықты. Сондан кейінгі ақын болам деушілердің тыныштықбекпен «ауырмағаны» кемде кем шығар. Сіздің буынға Әбдікәкімұлы қалай әсер етті?
Маралтай Райымбекұлы: Мен тоқсаныншы жылдары Алматыға келгенде Алматыдағы әдеби орта «Тыныштықбек» деп дем алып тұр екен. Тыныштықбек маған «адам» еместей көрінді. Жастардың бәрінің аузында Тыныштықбек. Бәрінің жазу мәнері Әбдкәкімовше. Бүгінгі белгілі ақын, әдебиетші Әмірхан Балқыбек, Қазыбек Қабжанов, Бақытжан Қосбармақов тағы да басқа сол кездегі «менмін» дейтін қалам ұстаған ақындардың баршасына дерт жұғыпты. Ол дерт – тыныштықбекше жазбаса да, тыныштықбекше ойлау мәнері еді. Сол дерт күллі Қазақстанды меңдеді. Павлодар жақтан Серік Елікбай бауырым көрінді. Сол дерт осы күнге дейін асқынбаса жазылған жоқ. Әдебиет ауласына кірген әрбір жас Тыныштықбек әлемін бір айналмай өткен емес. Тыныштықбек феномені шын мәнінде назар аудартпай тұра алмайтын әдеби құбылыс. Тыныштықбекпен пікірлесу сол кездегі әрбір жастың арманына айналды.
Сократпен кездесу кезеңінде Платон одан бұрынғы натуфилософиялық, пифагорлық, софистік бағыттардағы ойшылдардың, Гераклиттің, Демокриттің, идеяларымен жақсы таныс болған. Философияда өзіндік бағытын әлі айқындай қоймаған жас жігіт өлең, драма жазумен де айналысқан. Алайда, Сократпен кезігіп, оның сұхбаттарын тыңдай бастағаннан кейін ол бұрынғы жазғандарын отқа өртеп жіберген деседі, антикалық әдебиеттерде. Тыныштықбек те кейінгі жастарға дәл осылай әсер етті десем асылық болар. Дегенмен көкірегі ояу бозбалаларды дүниені басқаша қабылдауға жетеледі.
Бағашар Тұрсынбайұлы: Умберто Эко: «әрбір көркемдік дәуірдің өз постмодернизмі бар» дейді. Егер осы тақырыпты қаузай қалсақ, өлең өлкесінде алдымен көзге түсетін де біз сөз етіп отырған ақын. Оның өлеңдеріндегі Әбіш Кекілбаев «біртүрлі» деген құрылымы мен поэтикалық қуаты, өзіне тән ойлау жүйесі оқырманын қызықтырай тұрмайды. «Сенің жанарыңнан сағынышты көрдім» деген стереотип тіркестерді айтпай, «сол жанардан сағыныштың даусын естимін» деп Тыныштықбек өз даусын естіртер еді. Түнның құлаған мұржадан қалқитқан ақынның мына өлең шумағына үңілейікші:
«Сөз сүйегін өлшеме, мұңды өлшегін,
Ой – көп, қобыз-ділімнің түртер ішегін.
Сары дала дөңбекшіп күн астында,
Сайтан-сағым сорады бұл емшегін», - деп сөзбен образ жасайды. Осы тосын ойлардың өзі жаңалық секілді.
Маралтай Райымбекұлы: Біздің әдебиетші-ғалымдарымыздың әлі атқарып бітпеген шаруалары шаш етектен. Соның бірі ұлт ақындарының шығармаларын классификациялау. Қазақстандағы дәстүрлі ән мектептері сияқты қазақ поэзиясының да өзіндік сан-салалық тарамдары бар. Бұл жүйені біздің әр ақынымыз жақсы біледі. Мәселен, бір жас ақын бір шумақ жырын оқыған бетте-ақ, е, мынау пәленшенің мектебі ғой деген ой келеді. Ешкімде аспаннан салбырап түскен жоқ. Бәрі де еліктеген, бәрі де үйренген. Содан кейін барып өз соқпағына түскен. «Жалғыз аяқ соқпақ жатыр іргесінде үйімнің, Соған шығу қиыны екен өмірдегі қиынның» - дегенде Мұқағалидың не ойлағанын білмейміз. Сен мысалға келтіріп отырған Тыныштықбектің өлеңі мен Жұмекен Нәжімеденовтің мына өлеңін салыстырып оқысаң жоқтан еш нәрсенің пайда болмайтынына көз жеткізе түсер ек:
Кең-ау, шіркін, менің ата мекенім,
маған,
саған,
оған да жер жетеді.
Қуырылған жүгерідей
аспанда
Ақ жұлдыздар ыршып-ыршып кетеді.
...Хақ қолына өтіп кетіп ішіп-жем,
қинап жүрді со бір күнгі түсімде ел.
Сирень-бұзау мөңіреді аулақта,
босағада қыңсылады күшік-жел.
Саулы інген-шың бұлақ-сүтін лақтырып,
ағызды-ай бір,
қалды айнала қақ тұрып.
Қыр астында құлын-көңіл кісінеп,
әлдеқайда қасқыр-пиғыл жатты ұлып.
Шақұр-шұқыр тас пен темір қырқысқан:
вулкан атқанекен деймін бір тұстан.
Уысымда бір жапырақ бұлт жатты, -
тиген үлес екен деймін жыртыстан.
Бұлақ таудан қашып шығып – құтылмақ,
тастар үркіп,
жел жүгірді қыпыңдап.
Көктөбелер мөңкіп жүрді,
беткейде
арқан-жолдар жатты үзіліп бытырлап...
Менің бұл өлеңді есіме алғанда айтайын деген негізгі ойымды тағы да Жұмекеңнің мына бір шумағы айқындай түседі.
Бақытты ана – тапқан ана алғаш ұл,
Гүл еккен жан, сенің ісің қалды асыл.
О, жасаңдар, алғашқылар!
Айтам-ау,
Кейінгінің бәрі, бәрі қайталау.
Тыныштықбек өзі жырлағандай қобыз ділді Қоңыр! Оның діті, поэтикалық қуаты «Күңіреніп күн түбіне жортады». Махамбет пен Ақтанбердіден әрі Доспанбет пен Қазтуғандардың шыңырауынан зәмзәм таттырады. «Егер өткен ғасырда қазақ халқы Олжасты тудырмаса ұят болар еді» - деген бір ағамыздың сөзі рас. Сол сияқты жаңа мыңжылдықтар тоғысында Тыныштықбек тұрмаса және ыңғайсыз болар еді. Ол алдындағылардан өз еншісін бөліп алған АҚЫН. Тыныштықбекке еліктеушілерге де осы жолды тілер едім.
Бағашар Тұрсынбайұлы: Тыныштықбек әр оқырманы үшін алдымен ақын. Оның жазып жүрген трактат сынды дүниелеріне қарғанда, өлеңдері қымбатырақ. Өлеңге жаңа леп әкелген ақын кескенді өлеңдер де жазды. Бәлкім көркемөнермен қабысқан сөз өнері дерміз. «Поэтический словарь» еңбегінде Квятковский: «Кескінді өлеңдер мармақтары, жұлдыз, крест, жүрек, ваза, үшбұрыштар, пирамида сияқты белгілі бір кескеннің сызбасымен беріледі. Өлеңнің осындай формасын алғаш жасаушы грек ақыны С. Родосский» дейді. ХХ ғасырдың басында Еуропаның модернист ақындары К. Моргенштерн мен Г. Апполинари де кескенді өлең түріне жүгініпті. Сонымен қатар Тыныштықбек қазақ верлибрінің дамуына да еңбек сіңірген жоқ па?!
Маралтай Райымбекұлы:«Қалыптасқан қара өлең қалыбынан шығып өзінше жол іздеу бұрында болған. Мәселен, Тілеужан Исмаилов, Жүсіп Қыдыров, Байботалар осы бағытта еңбектенді. Бірақ бүгінгі таңда ондай ақ өлең, верлибр т.б. формалар жақсы қабылданбайды. Себебі біздің қалыптасқан оқырмандар өлеңді Абай ата айтқандай «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» - деген өлшемде қабылдайды.
Жалпы әлем әдебиетінде формалық ізденудің төрт-бес қана нұсқасы бар. Қазақтың қара өлеңі осылардың арасында өз қазанында пісіп-жетіліп дамудың шарықтау шыңына шыққан. Оны әрі қарай дамыту мүмкін емес!» Бұл Есенғалидың пікірі. Өкінішке орай сен айтып отырған кескінді өлеңдер менің ұғымымда да өзін-өзі қызықтау, сөзбен ойнау сияқты әсер қалдырады. Кескінді өлеңдерді былай қойғанда жалпы, осы күнге дейін Меңдекештің «Махамбеттің монологы» деп аталатын аллитерациялық өлеңнен асқан сәтті дүниені кездестірмегенімді айтқым келеді. Әдебиеттегі кейбір көпе-көрнеу жасандылыққа жақын, әдейі қолдан жасалатын формашылдыққа жатырқай қараймын. Әлбетте, Тыныштықбек бұл сапта жоқ. Ұмытпасам оның ақ өлең үлгісіндегі «Гегомония» деген өлеңі бар:
Ажалдарын ел мақтаған жазықта
Жел жылайды күн сайын.
Мұржасы зор моладан үрпек басты үрейім
Қарап отыр далаға.
Дүние оған терезеге сыйып тұр.
Төртбұрышты. Төрткүл дүние елесінің алдында
Кешке тағы отырамын бұйығып.
Сенікі де, менікі де
Төртбұрышты сұр қалыптан құйылған.
Ертең тағы төртбұрышты бір залда,
Төртбұрышты жылтыр стол басында
Үміт заманы сөз болмақ.
Тағы да бәріне бірдей үй салу керек,
Нан пісіру керек бәріне бірдей, төртбұрышты.
Біздің осы төртбұрышты ойларымызды қорлайтындардан
Төртбұрышты заңымыз бар қорғайтын.
Көсемдеріміз көп еді
Төртбұрышты рамклерінің кеңістігінен
Ащы ауа гулеп тұр.
Мені де төртбұрышты қабір тосып жатқан шығар бір жерде,
Несі бар, төртбұрышты қызыл қағаздарға
Табыт сатып аламын үшбұрышты.
Міне, бұл дүние бізге жат емес. Себебі біздің санамызға бауырлас «Бұдырайған екі шекелі, Бұздай үлкен көбелі. Қар ұнымы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шайы жібек оққа кірісті... Буыршынның бұта шайнар азуы, Қалайылаған қасты орданың сырығы»«Мұз үстіне от жағып, бұзбай бұлан пісірген» бабалар рухы атой салады. Тек қана автордан «Үшбұрышты» табыттың мән жайын біле салудың артықтығы жоқ. (Әрине, бұл әзіл)
Бағашар Тұрсынбайұлы: «Шынайы жыр жасырынып тұрған дүние сұлулығының шымылдығын сыпырып тастайды» (Шелли). Байрон: «табиғатты сүйем, сұлулыққа бас ием» дейді. Абай Жиырма жетінші сөзінде: «Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен ләззат қалай алар едік?» деп жазды. Орыс ғалымы Н. Дмитриеваның пікірінше жаратылыстан сұлулық іздеу эстетикалық қасиетке жатады. Сөз шеберлерінің жаратылыс кереметі туралы айтпай кеткен ғақлиялары аз-ау. Тыныштықбек ақын да өз хәлінше сұлулыққа құмар.
«...Шуыл құрап қалың ши, ызың құрап,
Жолға шықтым іңірде қызылқұлақ.
Дауылдатқан дәл осы күн секілді
Өзімнің де келеді бұзылғым-ақ!
Қайран менің өз тауым, өз қыратым,
Сайтан бар ма сені де азғыратын?
Бұл қай дауыл?!...Құйрығы құмға айналып,
Қызғылттанып қылшығы көзге ұратын?
Жолға шықтым ал енді қаным тасып,
Қалың шығар, білмеймін, сорым да шын.
Қайдасың сен, бауырым – қоңыр тауым?!
Қайдасың сен, самал жел – қарындасым?!».
Көрдіңіз бе? Бізге қарағанда Тыныштықбекке жақын ұрпақсыздар ғой. ақын бір өлеңінде: «өтірік боп та ойсызға «оқылармыз», өсектердің алдында сан ақталып» деп жазады. Осы бір «ақтаулы» деген сөздің ар жағында үлкен бір қайғы жатқандай ма?..Жалпы ақын атаулының негізгі арман-мұраты не?
Маралтай Райымбекұлы: Бағы жанып айналымға түспей жүргендері болмаса, иншАлла қазақта да ұлы ақындар жетерлік. Солардың бірі Жұматай Жақыпбаев «Бір құдай бар бүгінге ертең деген. Ертеңге жет бүгінге кегің болса» - деп еді. Жаратылыс пен жан сұлулығын да бір ақындай жырлаған осы Жұматай болатын. «Адам саяси хайуан» деген кім еді? «Әйел төсекте көйлегімен бірге ұятын да шешіп тастау керек» - деген мен емес. Әркім сұлулықты әрқалай таниды. Самал желге қарындас, Қоңыр тауға бауыр деп қарайтын Тыныштықбектің танымы бүгінгі әңгімеміздің өзегі, дей тұрғанмен барша ақынның арман-мұраты бір арнаға тоғыса бере ме?!
Бұл фәниде бар-жоғы беймәлім Әділ Ботпанов:
Ием болсаң көкірекке салған жан,
Жатырқамай жылытсаңшы боп пана.
Өз-өзіне тең таппаған жалғаннан,
Сен емес қой тек қана – деп Тәңіріне арзу айтады. Жиырма бір жасар Артығали «Адамдар сияр табытқа, Ақындар бірақ симайды» деп шорт кесті.
Менің байламым:
Топырақтан шығып ең,
Топыраққа барасың.
Топырақтың астында,
Топырақ боп қаласың.
Ал, бәрінен осылайша күдер үзсек өмірді не үшін сүріп, не үшін өлең жазып жүрміз...
Теңіз жұлдызы деген жәнтік бар. Теңіз жұлдызы жұмыртқасын суға емес құмдауыт жағаға салады екен. Жұлдыздың кішкентай балалары жұмыртқасын жарып шыға сап теңізге қарай асығады. Өкінішке орай мың-миллион бала-жұлдыздардың санаулысы ғана суға жетіп үлгереді. Ал, қалғандары түрлі себеп-салдардан опат болып кетеді екен.
Ақынның арманы, ақынның мұраты да осы теңіз қойнауына асыққан кішкентай жұлдыздар секілді. Ол теңіздің аты Алланың шапағаты, екіншісі, әрине, халықтың махаббаты.
Бағашар Тұрсынбайұлы: «Бір Күн аз ба?
Көп бола мажетіКүн?»
Әй, қызылТіл, келебереркөкігің.
БІР «КАПИТАЛ» – ЖҮЗ МИЛЛИОН ҚҰРБАН ЖАН!..
Ортақ? Меншік?
Ежелденжауекіұғым?
«КОММУНИСТІК ОРТАҚ ҚҰРЫЛЫС» – кешегім,
Бас Сүйектентұрғызылған, есебі.
КілҚызылСөз!
Саясаттаркөшіеді...
Бүгінгіміз – саудагерлершешетін
Ортақ? Меншік?
Ол – «Шығай»?
Сен – «Көсесің»?
«Шығайбайлар» жібермейдіесесін!» деген саяси сарындағы өлеңдер қарапайым оқырманға қаншалықты өтімді?
Маралтай Райымбекұлы: Егер олар сен айтып отырғандай қарапайым оқырман болса, ендеше олар қарапайым ақындарды оқысын. Талант тобырдың деңгейіне түсуге тиісті емес. Жалпы, поэзия әдебиетші-ғалымдардың айтуынша үлкен үш ұстын: образ, әуез және ойға құрылады. Ал, сен тілге тиек етіп отырған дүниеде осының бәрі бар...
Бағашар Тұрсынбайұлы: Әбіл Серік Әбілқасым Әлиакпарұлы деген кісі: «Тыныштықбек Әбдікәкімұлы – піспеген әдебиет теоретиксымақтары шығармашылығының түпсіз тереңіне бойлай алмай, әйтеуір осыған бір баға беру керек қой деген сыңайда ауыздарына ала салған «бүртүрлі ақын» емес, заманымыздың заңғар философ-ақыны. Шәкәрім мен Мәшһүрдің тіл-көзден аман қалған соңғы тұяғы, қазақ ақылмандығының могиканы. Бізге екінші Тыныштықбек 1000 жылда бір келер, келмесе мүлде жоқ. ...Ал біз қолда бар алтынның қадірін біреулердің «бір түрлі ақын» дегені үшін арыға бармай отырмыз» деп өзі де арыға бармай, осылай тым «биіктен» сөйлейді. Әбіл Серіктің өзінің «Қас Сақ аңқымасын қаншалықты түсіне қойғанын кім білсін... тегенде Серікбол Қондыбай ағамыз қайтыс болғаннан кейін соны түсінетін адамның қалғанына менің де күмәнім бар. «Біртүрлі ақын» деген сөзді айтқан Әбіш ақсақал. Және ол сөзді айту арқылы нені меңзегенін ақсақал тәптіштеп айтқан еді. Сондықтан бүгінгі үлкен ақсақалдың атын «біреулер» демей-ақ тура атаса болады. Осы бауырымыздың берген бағасының өзі қаншалықты әділ? Тегі біз біреуді мақтасақ жалпақ сөзге жүгініп, сыңар езу ат секілді бір жаққа шаба береміз. Тыныштықбек қазақ әдебиетінде «Қас Сақ аңқымасының» үш кітабымен емес, жазып жүрген трактат тақылеттес дүниелерімен емес, «Ақшам» хаттары мен «Ырауанымен» қалады деп ойлаймын. Өйткені бүгінгі қазақтың сенімі айқын.
Маралтай Райымбекұлы: Тыныштықбек әрісі Адамзат, берісі ұлттың рухани жадысын тірілтуге талпынып жүр. Тыныштықбектің қара сөзден гөрі өлең жазғанын қалайтын шынайы жанашырлары бар екенінде білемін. «Ақшам хаттары» Тыныштықбектің бас құжаты. Ал, оның танымдық жазбаларының бағасын болашақ таразылай жатар.
Мен Тыныштықбек Әбдікәкімұлы туралы мына сөзді айтқым келеді: «Әбділда Тәжібаев Жұмекен Нәжімеденовті «Біздің енді ашылатын алтын сандығымыз депті» – дейді қазақтың қаражал қаламгері Рақымжан Отарбаев, – «Біз сол сандықты аша алмай қойдық».
"Қазақ әдебиеті"