Фото: Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті "Богатырь-Көмір" ЖШС-мен бірлесіп, капиталының 50%-ы "Самұрық-Қазына" қорына тиесілі көмір өндіру кәсіпорнындағы жымқыру схемасын анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Күдіктінің 2020-2022 жылдар аралығында "Богатырь-Көмір" ЖШС қабылдау комиссиясымен алдын ала сөз байласу арқылы серіктестіктің қаражатын жүйелі түрде жымқыру әрекеті анықталды.
Схема жалпы сомасы 830 млн теңгені құрайтын жаңа бөлшектердің орнына айтарлықтай тозған, пайдаланылған қосалқы бөлшектерді жеткізуден тұрды.
Бұл әрекеттер мемлекетке аса ірі көлемде материалдық залал келтірген. Күдіктіге қатысты сот "үйқамақ" түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады" - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.