Қиын жағдайға тап болған адамдардың қайғысынан пайда табу адамгершілікке жатпайды. Бүгін министрлік жанындағы жем-шөппен қамтамасыз ету жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев осылай деді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Аталған жиында құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің қажеттіліктері есептелгені айтылды. Белгілі болғанындай, жем мен кебек бағасының негізсіз өсуіне байланысты жағдай қиындаған. Осы орайда қолданыстағы заңнама аясында бағаның негізсіз өсу фактілеріне жедел ден қою қажет.
«Жем-шөп пен кебек сататындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын ерекше атап өткім келеді және құрғақшылық салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдардың қайғысынан пайда табу адамгершілікке жатпайтынын еске саламын. Сондай-ақ, бұл істе делдалдардың араласпауын қадағалау қажет», - деді министрдің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев.
Сонымен, құрғақшылықтан зардап шеккен облыстарға Үкімет резервінен мал азығын арзандату үшін 3,6 млрд теңге бөлінсе, Маңғыстау облысына мал азығын дайындау үшін 5,3 млрд теңге бөлінген. Осылайша өңірлердегі жем-шөп жинаудың қазіргі жағдайы туралы Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Қ.Мұтаев былай деді:
«Бүгінгі таңда шамамен он сегіз мимллионға жуық тонна шөп дайындалды, бұл жоспардың 74%-ын құрайды. Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерге көмек қолын өңірдің басшылығы мен үкімет қана емес, ел азаматтары мен қарапайым тұрғындар да атсалысып жатыр. Шамаларының келгенінше жеп-шөп жинап, халықтан жылу жинап, ешкім үнсіз халып жатқан жоқ. Осындай қиын сәтте жұдырықтай жұмылып әрекет етіп жатқан барлық жанға алғысымыз шексіз. Ел барда, халық барда біз бармыз», - деп хабарлады Қ.Мұтаев.
Сондай-ақ, атқарылып жатқан жұмыстар туралы Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарының штаб өкілдері хабарлап, жем-шөп дайындау бойынша өңірлердегі қазіргі жағдай, шешілуі қажет мәселелер, сондай-ақ алдыңғы кездесуде қойылған міндеттердің орындалу барысы талқыланды.
Ал Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғ.Ниязовтың айтуынша, бүгінгі таңда құрғақшылықтан зардап шеккендерге 70 млн теңге қаржы берілген. Тамыз айының соңына дейін Үкімет резервінен бөлінген барлық қаржы жіберілетін болады.
«Елдегі құрғақшылық ешкімге де оңай соғып жатқан жоқ. Барлық аймақтардан қолдау көріп отырмыз. Жәрдем ретінде жүк-жүк артқан үлкен көліктер келіп жатыр. Біз бұл үшін тек қуаныштымыз. Бір Маңғыстаудың өзінде бүгінгі таңда құрғақшылықтан зардап шеккендерге жетпіс млн теңге қаржы берілді. Ең бастысы, жем-шөп қорын құру басты мәселе болып қала береді. Осы бойынша баланс жасап, сатуға арналған көлемдерді айқындау керек және әкімдіктердің сайттарына орналастыру қажет», - деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғ.Ниязов.
Ал министрдің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев Маңғыстау облысының әкімдігіне Қазақстанның барлық азаматтары мен ұжымдары қайырымдылық жинайтын арнайы шот ашуды тапсырды. Сондай-ақ, Қарашөкеевтің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі зардап шеккен фермерлерге және Маңғыстау облысының жеке шаруа қожалықтарына бір күндік жалақысын аударуға шешім қабылдаған.
Сонымен бірге, құрғақшылық кезінде өртті болдырмаудың немесе алдын алудың мәселелері де қарастырылды. Өйткені, Қарағанды облысы мен Ақтөбе облысының жайылымдарынан да өрт шыққан болатын. Аталған жиынға штаб жұмысына оның мүшелері, өңір басшыларының орынбасарлары және БАҚ өкілдері қатысып, құрғақшылық салдарын жою және алдағы қыстауға мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелерін шешу бойынша жергілікті жерлерде қабылданып жатқан барлық шаралар кешенін ақпараттық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін министрлік жанындағы жем-шөппен қамтамасыз ету жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев қиын жағдайға тап болған адамдардың қайғысынан пайда табу адамгершілікке жатпайтынын айтқан болатын. Аталған жиында құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің қажеттіліктері есептелгені айтылды. Белгілі болғанындай, жем мен кебек бағасының негізсіз өсуіне байланысты жағдай қиындаған. Осы орайда қолданыстағы заңнама аясында бағаның негізсіз өсу фактілеріне жедел ден қою қажет.
