23 қыр, 2024 сағат 15:35

Кітап бала тәрбиесінің қайнар бұлағы


Фото:adebiportal.kz
Кітапханаларда да балаларға арналған шығармашылық шеберханалар мен курстар ұйымдастырылып тұрады. Қазақстанда 4 мыңнан астам кітапхана жұмыс істейді, олардың көпшілігінде шығармашылық бағыттағы бағдарламалар бар.

Осы ретте балалар әдебиетіне ерекше көңіл бөліп, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге ат салысып жүрген Шыңғыс Мұқан туралы айтып кетпеске болмас. 

Шыңғыс Мұқан «Мазмұндама» баспасының негізін қалаушылардың бірі. Бұл баспа қазақ тілінде балаларға арналған әдебиеттерді, сондай-ақ әлемдік бестселлерлер мен тұлғалар туралы шығармаларды ана тілімізге аударумен айналысады. Қоғам белсендісінің басты мақсаты – балалар әдебиетін дамыту. Оқырмандарға танымал тұлғаларды таныстыратын «Ол кім» атты серия кітаптарын да шығарды. 

«Еліміздің болашағы қазақ тіліне байланысты. Сондықтан қазақ тілінде берілетін ақпараттар мен контенттердің мазмұнына терең үңілу керек. Мазмұнды дамыта отырып, қазақ тілін дамытамыз, ол арқылы қазақтарды дамытамыз, солайша еліміздің дамуына үлес қоссақ па деген ниетте аталмыш баспа құрылды», - дейді Шыңғыс Мұқан. 


«Ауылға кітап» жобасы аясында Мазмұндама баспасы бірқатар балаларға арналған әдебиеттердің тұсаукесерін өткізді. Шарада «Алжернонға арналған гүл», «Қабанбай батыр кім», «Бірлік бар жерде», «Ақша ағашта өспейді», «Жақсы оқысаң, мақсатыңа жетесің», «Әкем жұмыссыз қалды» кітаптары ауыл балаларына тегін таратылды. 

Елімізде балалар әдебиеті жылы 2021 жылы жарияланған. Бұл шешім Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қабылданып, балаларға арналған әдебиетті дамытуға, қазақ тіліндегі кітаптардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Балалар әдебиеті жылының мақсаты – балаларға арналған сапалы әдебиетті қолдау және насихаттау арқылы олардың оқуға деген қызығушылығын ояту.

«Балалар әдебиеті» жылында оқу талғамынан шыққан ең үздік балалар жазушысы болып балалар жазушы, киносценарист, қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбаева танылды. 

Балалар тақырыбына қатысты шығармалар жазуға автор өз ойын былайша білдірген екен: 

«Ал балалар тақырыбына баруымның себебі қызыма қатысты. Адам амалдың жоқтығынан кейде сондай батыл қадамдарға барады екен. Мысалы, "Батумен оның достарының басынан кешкендері" повестіне балалар керемет қызығушылық танытып, мұны "Хәрри Потердің" қазақша баламасы», - деген еді жазушы. 


Зира Наурызбаева – қазақстандық жазушы, этнограф және сценарист. Ол қазақ мәдениеті мен мифологиясы, тарихы туралы зерттеулер мен шығармашылық жобаларымен танымал. Зира Наурызбаева қазақ халқының ауыз әдебиеті мен ұлттық мифологиясын зерттеп, осы тақырыптарды қазіргі заманғы әдебиетке енгізеді. Сондай-ақ балалар әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосып, қазақ ертегілері мен мифологиясына негізделген кітаптар жазып, оқырмандарға ұлттық құндылықтарды жеткізуді мақсат етеді.