Киберқылмыстар саны да жиілеп кетті. Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Пандемия кезінде әлемде қабылданған шектеулер қоғамдағы мәселелер мен міндеттердің көбісін интернет желісі арқылы шешуге үйретті. Дегенмен киберқылмыстар саны да жиілеп кетті, оның ішінде интернет-алаяқтық жағдайлары көбейді. Өткен жылы мұндай 14 мың қылмыс жасалса, ал биылдың қаңтар айында 1 700-ден асып түсті», - деді Қ. Нұрмағамбетов онлайн режимдегі брифингіде.
Оның сөзіне қарағанда, көп жағдайда алаяқ пен одан зардап шеккен адамдар елдің әртүрлі өңірлерінде болады. Қылмыскерлер ақша жымқыру мен жеке мәліметтерді алуға, аккаунттар мен электронды шоттарға қол жеткізуге бағытталған әрекеттерді жасап келеді.
«Тәжірибе көрсеткендей, бір алаяқтың соңынан заңсыз әрекеттердің тұтас тізбегі жалғасып жатады. Қылмыс жасау үшін түрлі банк шоттары, карталар, сондай-ақ басқа адамдарға рәсімделген абонеттік нөмірлер пайдаланылады», - деді Криминалдық полиция департаментінің өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қылмыстардың жалпы ауқымында 10 пайыздан астамы алаяқтыққа тиесілі.