16 нау, 2021 сағат 07:24

Химия өнеркәсібінде биыл 3 жоба жүзеге асырылады

Биыл химия өнеркәсібінде 3 жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл химия өнеркәсібінде нақты көлем индексі саладағы үлесі 57 пайызды құрайтын ірі кәсіпорындардың өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен 102 пайызға жетуі тиіс. Фосфат тыңайтқыштар өндірісін 16,6, аммофос 15,4, аммиак селитрасы 10,7, хром қосылыстар өндірісін 13,6 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз», - деді өңдеу өнеркәсібін дамыту жайында баяндаған министр. 

Оның атап өтуінше, биыл үш жаңа жоба іске қосылып, саланың өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

«2025 жылға дейін бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және минералды тыңайтқыштар өндірісінің қуатын 1,5 млн тоннаға дейін арттыру көзделген», - деді Бейбіт Атамқұлов.