Фото: BAQ.KZ
Киелі Түркістан аймағы еліміздің рухани-мәдени ошағы ғана емес, халық саны бойынша Қазақстандағы ең ірі аймақ ретінде көш бастап тұрған ірі экономикалық потенциалы жоғары өңір. Бұл өңірде туризм ғана емес, аграрлық сала да жақсы дамыған.
Екі миллион бір жүз мыңнан артық адам тұратын Түркістан облысы бала туу көрсеткіші жағынан да елдегі алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі екені рас. Халық саны көп, тығыз орналасқан, әрі халқы басқа өңірлерге қарағанда жас болып есептелетін облыс бүгінде табысы, халқының тұрмысы жағынан қандай? Бұл туралы біздің тілші ізденіп көрген еді, Елдегі және оның ішінде Түркістан облысындағы ахуал келесідей екен.
Қазақстандағы кедейшілік деңгейі туралы мәліметтер өте маңызды мәселелерді көрсетеді. Ресми мәліметтер бойынша, мемлекетімізде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың пайыздық көрсеткіші 5,3 %-ды құрайды, ал ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) әдістемесі бойынша бұл көрсеткіш шамамен 10 % деп анықталған. Бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстырғанда салыстырмалы түрде төмен болғанымен, әлі де шешімін табуды қажет ететін мәселе болып табылады. Айта кетерлігі, еліміздің өңірлерінің басым бөлігінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың үлес салмағы артып отыр. Олардың арасында Түркістан облысы да бар. Түркістанда тіпті табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдардың саны бойынша орташа көрсеткіштен асып кеткен. Бұл әрине көңіл көншітетін ақпарат емес, алайда өңір аймақтағы өзекті проблеманы шешудің жолдарын қарастырып жатқан көрінеді.
Халықтың тұрмыс деңгейінің төмендігі тіпті дамыған елдерде де баршылық екенін статистикаға қарап көруге болады. Мысалы, АҚШ-та кедейшілік деңгейі 16,8 %, Израильде 17,7 %, Чилиде 16,8 %, Канадада 14,2 %, Аустралияда 12,8 %, ал Ұлыбританияда 10,8 %-ды құрайды. Қазақстанның көрсеткіштері кейбір ЭЫДҰ елдерінен төмен болғанымен, әлі де кедейшілік мәселесі өзекті болып қалуда, әсіресе жұмыссыздықпен байланысты проблемалар шешімін толықтай таба қойған жоқ.
Тағы бір айта кететін мәселе, жалпы өңірлердегі өнімде де үлкен алшақтық айқын байқалады. Мысалы 2020 жылы Атырау облысында адам басына шаққандағы жалпы өңірлердегі өнім Түркістан облысы бойынша көрсеткіштен 17 есеге көп болған екен.
Еліміздің мұнайлы батыс өңірлеріндегі Атырау мен Маңғыстау және Қазақстанның екі ең ірі қалалары Алматы мен Астанада табыс мөлшері салыстырмалы түрде жоғары болғанымен, табыстың өсу тенденциясы тұрақсыз көрінеді. Ал Түркістан облысы өкінішке қарай елдегі нақты табыстың орнықты өспеуі, еңбек табысының төмен болуы, өзін-өзі жұмыспен қамтудың жоғары болуы және халықтың кетуі сияқты мәселелері ең жоғары көрсеткішке ие болып отырған төрт аймақтың бірі екен.
Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік бағдарламалар мен экономикалық реформалар қажет болып отыр. Сондықтан да елімізде «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» қабылданған болатын. Алайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 сәуірдегі № 218 қаулысы қабылданып, Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары бекітілгенін айта кеткен жөн.
Бұл кешенді жоспарды іске асырудың негізгі бағыттары мен мақсаттары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Бағдарлама бойынша 2029 жылға дейін мемлекеттің қолдауымен және бөлінетін қаражат арқылы кешенді жоспарды іске асыра отырып, тұрғындардың еңбекақысын арттыру, әл-ауқатын көтеру, экономиканың нақты секторында жұмыс санын арттыру, бюджеттік мемелердегі қызметкерлердің жалақысын ұлғайту, ауыл тұрғындарының әлеуетін жақсартып, олардың жұмыссыздық мәселесін шешіп, осы тұрғыда биік көрсеткіштерге қол жеткізу көзделіп отыр:
Жоспардың алға қойылған мақсатты нәтижесінде: 3,3 миллионнан астам адам, оның ішінде 2,3 миллион жас азамат жұмысқа орналастырылады; ЖІӨ-дегі еңбекақы төлеу үлесі 30,1%-дан 41,1%-ға дейін ұлғаяды; Бұдан басқа, кедейшілік деңгейі 5,3%-дан 5%-ға дейін төмендейді; Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан 4,6%-ға дейін азаяды.
Бұл шаралар елдегі әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған екенін айта кеткен жөн.
Аталған бағдарлама аясында Түркістан облысы бойынша халықтың табысын арттыру жөніндегі негізгі қызмет өнімділігінің көрсеткіші үш жыл бұрын 69,7 пайызды құраса, 2029 жылға қарай 88,7 пайызға көтеру жоспарланған. Ал кедейшілікті төмендету бойынша аймақта негізгі қызмет өнімділігінің көрсеткіші 2021 жылы 9,8 пайыз болса, кешенді жоспар аяқталғанға дейін 10,1 пайызды құрамақ. Жұмыссыздық деңгейі өңірде 5,1 пайыздан 4,8 пайызға қысқармақ екен.
Бәрімізге белгілі, киелі Түркістан өңірі Қазақстанның туристік потенциалы жоғары аймақтарының бірі.
«Түркістан – еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы және бүкіл халқымыздың бойтұмары. Бұл қасиетті жерді көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек», -деп мемлекет басшысы, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мәдени, әрі тарихи ошағымыз Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру да мемлекеттің назарында.
Тағы бір айта кетерлігі, халықтың табысын арттыру бойынша мемлекеттік бағдарламада Маңғыстау және Түркістан облыстарында оқиғалық туризмді дамыту жолымен экономикалық белсенділікті ынталандыру «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында көзделген болатын. 2022 – 2025 жылдар аралығында жыл сайын 40 оқиғалық іс-шара өткізу; жыл сайын 40 мың турист тарту; жыл сайын 800 жұмыс орнын құру; 2025 жылға дейін – 2 400 жұмыс орнын ашу жоспарланған. РБ шеңберінде – жыл сайын әрбір өңірге 500 000 мың теңге бөліну жоспарланған. Бірақ
Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша 2024 жылдың бірінші тоқсанының өзінде аймақта ішкі туризмде ішкі туристер саны – 45 500-ге жуық болады деп жоспарланған, бірақ жоспар артығымен орындалып, 46 683 адамға жеткен екенін айтып отыр.
Айта кетейік, 2024 жылдың бірінші тоқсаны бойынша Түркістан облысының аудандары мен қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуының рейтинг нәтижелері жарияланды. Түрлі салаларға қатысты есептелген 37 индикаторға қол жеткізу жоспарланған болатын.
Бұл индикаторлар облыс экономикасының негізгі салаларындағы оң динамиканы көрсетіп, жоспарланған көрсеткіштер асыра орындалды, -деп отыр Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды.
- Өнеркәсіп: Жоспарланған 226,1 млрд теңгенің орнына 274,3 млрд теңге көлемінде өнім өндірілді, нақты көлем индексі 107,1% құрады.
- Өңдеу өнеркәсібі: 122,5 млрд теңгеге өнім өндіріліп, бұл жоспарланған 103,3 млрд теңгеден жоғары нәтиже көрсетіп, нақты көлем индексі 114,8% болды.
- Ауыл шаруашылығы: Өнім көлемі 122,5 млрд теңге жоспарланған болса, іс жүзінде 128,8 млрд теңгеге жетті.
- Инвестициялар: Негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 132,3 млрд теңгені құрады, бұл жоспарланған 105,5 млрд теңгеден айтарлықтай жоғары.
- Құрылыс: 31,5 млрд теңге жоспарланған құрылыс жұмыстары көлемі орындалып, тіпті одан асып, 150,3 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді.
- Мобильді интернет: Ауылдық елді мекендерді қамту бойынша жоспар толығымен орындалды.
- Денсаулық сақтау: Ауылдық жерлерде жүрек-қан тамырлары аурулары мен қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім деңгейі төмендеді.
Жалпы рейтингте көшбасшылар ретінде Сауран, Кентау, Сайрам және Түркістан қалаларының әкімдіктері атап өтілді. Облыс басшысы Дархан Сатыбалды әкімдерге жұмысты одан әрі күшейту бойынша тапсырма берген еді.