24 жел, 2020 сағат 13:53

Халық пен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланыс артып келеді – саясаттанушы

Соңғы уақытта елімізде халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланыс артып келеді. Осыған қатысты билік пен халық арасында қарым-қатынас орнатуда әлеуметтік желілердің маңыздылығы туралы саяси кеңесші Дина Айкенова өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылды қорытындылай келе ерекше айтып өтетін жайт, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара кері байланыстың артуы. Оны Twitter-дегі түрлі бағыттағы хабарламалар арқылы байқауға болады. Бұл дегеніміз - халықпен кері байланыстың арқасында мемлекеттік органдардың қолжетімді болуы», - деді Д. Айкенова. 

Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік органдар әлеуметтік желілерді белсенді қолданып келеді. 

«Тағы бір айтып өтетін жайт, мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілерге көшуі. Бұл үрдіс алда әлі кеңінен етек жаятын болады. Мысалы, АҚШ президенті Джо Байден арқылы әлеуметтік желі маңыздылығын аңғара аламыз. Яғни, әлеуметтік желі арқылы қолжетімділіктің негізінде саяси партиялардың немесе мемлекеттік аппараттың қызметіне деген халық сенімі арта түседі», - дейді ол. 

Сондай-ақ, саяси кеңесші қоршаған ортаны қорғауға жастардың ерекше назар аударатынын айтып өтті. 

«Соңғы уақытта ел арасында қоршаған ортаға және жануарларға деген адами қатынас мәселесі жиі талқыланып келеді. Бұл не үшін маңызды? Әлемде жастар саяси оқиғаларға аса белсенді араласпайды деген қағида қалыптасса, есесіне экология мәселесіне келгенде олар өте белсенді. Сонымен қатар, қазіргі кезде азаматтардың отбасылық құндылықтарға мән беруі артып келеді», - деді жас саясаттанушы. 

Айта кетсек, бүгін елордадағы Еуразиялық интеграция институтында «Тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет»: Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы басты жеті ісі» атты бағдарламаны талқылауға арналған іс-шара өтті. Оған саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.