23 там, 2016 сағат 10:23

Керри: Мәскеумен Сирия мәселесі бойынша келіссөз аяқталуға жақын

"АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри АҚШ пен Ресей арасындағы Сириядағы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қарсы күресте әскери ынтымақтастық жөніндегі келіссөз аяқталуға жақын қалды деп мәлімдеді", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

"Біз қазір расымен үнемі келіссөз жүргізіп жатырмыз және мен келіссөзді аяқтауға жақын қалдық деп сенемін" деді Керри Кенияға барған сапарында.

"Алдағы күндері біздің топ кездеседі және оның қорытындысына қарай Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров екеуміз келіссөз жүргізуіміз әбден мүмкін" деді Керри.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Сириядағы қақтығыс тым ұзаққа созылып кеткенін айтып, Сирия билігін қолдайтын Ресей мен Иран және оппозицияшыл көтерілісшілерді қолдайтын АҚШ пен оның Таяу Шығыстағы одақтастары қақтығысты бірлесе тоқтатқаны маңызды екенін мәлімдеді.

Керри Ресейге ИМ-ге және "Әл-Қаиданың" Сириядағы қанаты "Нусра майданы" тобына қарсы әуе шабуылдарында координация жасау және Сирия билігі әуе күштерінің көтерілісшілерге шабуылын тоқтату үшін Ресеймен барлау мәліметтерін алмасып отыруды ұсынды.