24 там, 2016 сағат 20:20

Кенесарының бас сүйегі табыла қояр ма екен?

Осы таяуда БАҚ құралдарында Қазақстан Премьері Кәрім Мәсімовтің  ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевпен кездесуі барысында атақты тарихи тұлғаларымыз  Кенесары хан мен Кейкі батырдың бас сүйектерін елімізге қайтару жөнінде  мәселе қойғаны жазылды. Өз кезегінде Ресей үкіметінің басшысы ұсынысты дұрыс қабылдап, тиісті орындарға тапсырма беретінін айтыпты.  

Артынша-ақ  Санкт-Петербургтегі І Петр атындағы антропология және этнография музейі  директорының орынбасары Ефим Резванның  Кунсткамерада Кейкі батырдың бас сүйегі бар екенін, егерде жоғары басшылық тарапынан Жарлық шығарылып, нұсқау берілетін болса, қайтарылатынын мәлімдегені айтылды. Бірақ, ол: «бізде Кенесары ханның бас сүйегі сақталмаған», — депті.

Біздің өткен ғасырлардағы тарихымызға қатысты мұн­дай жаңалық хабар жұртшылықты елең еткізді. Елдің көбі білетіндей, Кенесары хан (1802-1847) — Қасым ханның бала­сы, Абылай ханның  немересі, 1837 — 1847 жылдары ұлт-азат­тық көтерілісін басқарған, қазақтың соңғы ханы болса,  Кейкі (шын аты Нұрмағанбет) Көркембайұлы (1871 -1923) — ержүрек батыр, Торғай даласындағы әйгілі 1916 жылғы Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтері­лістің белсенді қатысушыларының бірі.  Екеуі де халқымыз­дың азаттығы мен бостандығы жолында күресіп, құрбан бол­ған, құрметтеуге лайық  тұлғалар. Сондықтан  Кенеса­ры мен Кейкінің бас сүйектерін қайтару елдік, ұлттық намысы­мыз­ға сын, әрі ата-бабаның рухын қастерлеу болып табылады.

Жалпы, отарлаушы елдердің  дәстүрінде отар болып, артынан тәуелсіздік алған елдерге  мәдени-рухани құнды­лықтары мен жәдігерліктерін  қайтару үрдісі бар. Кезінде Ұлыбритания да, Франция да, Нидерландия да сөйткен.  Бұл — өркениеттілік пен мәдениеттілік белгісі.

Тарихи деректерде  Кенесарының  1847 жылы қырғыз жеріндегі  Кекілік-Сеңгір аңғарында ұсталып, Жамбы ауы­лында өлтірілгені, денесі сонда қалдырылып, бас сүйегінің Омбыдағы Батыс-Сібір аймағының генерал-губернаторы, князь  Петр Горчаковқа апарып берілгені айтылады.

Ал, Кейкі  батыр 1919 жылы Амангелді Иманов қайтыс болғанан кейін кеңес өкіметінен қуғын көріп, біраз жыл Ұлы­тау мен Қызылқұмда  бой тасалаған. 1923 жылы комис­сар Александр Токаревтің берген уәдесіне сеніп, оған жолығуға келеді. Алайда, Токаревтің арам ниет-пиғы­лын сезіп қойып, оны сол жерде атып тастайды. Осыдан кейін қызыл әскерлер Кейкінің соңына түсіп, түн ішінде абайсызда қолға түсіреді. Қорлап өлтіріп, екі қолын кесіп, бас сүйегін Орынборға жібереді. 1926 жылы Қазақстанның астанасы Қызылдордаға көшірілуіне байланысты  батырдың бас сүйегі  Санкт-Петерборға жөнелтіледі.

Көпшілік хабардар, Кенесары мен Кейкі­нің бас сүйектерін елге қайтару жайы талай­дан қозғалып келеді. Осыған байла­нысты   Қазақстан Республи­ка­сының  Санкт­-Пеберугтегі  Бас консулдығы сұрау салып жазған хатқа 2004 жыл­дың 4 қараша­сында Кунсткамераның  (яғни, Ресей Ғылым академиясына қарасты Антро­пология және этнография музейі)  дирек­торы Юрий Чистов пен антропология бөлімі­нің меңге­рушісі Валерий Хартанович: «Біздің музейде Кенесары Қасымовтың бас сүйегі және оған қатысты ешбір құжат-қағаздар  сақталма­ған» деп жауап берген.  Бұдан басқа да сұрау салу мен іздеу әре­кеттері болған.  Кезін­де газеттерде  жазушы ғалым Тұрсын Жұртбай мен журналист-жазушы Думан Рамазанның  Кенесары ханның бас сүйегін іздеп Ресейдің бірқатар жерлерін шарла­ғандары туралы жазылып,  екеуінің жолжазбалары жарияланды.

Бұған қоса, Кунсткамераның жоғарыда аты аталған директорының орынбасары Ефим Резван  «Азаттық» радиосының тілші­сімен болған сұхба­тында: «Мұндай жәдігер­ліктерді  Эрмитаждан іздеу бос әурешілік. Әдетте ондай заттар тек Кунстка­мера­да ғана сақталады. Менің білетінімдей, Кене­сары хан­ның бас сүйегі бізде жоқ. Ендеше, оны басқа жақтан іздеу керек» деген пікір білдірген.

Осы орайда мен көрнекті ақын, Мемле­кет­тік сыйлықтың лауреаты  Ұлықбек Есдәу­лет  айтып жүрген мына бір деректі көпші­ліктің қаперіне салып, іздеушілердің назарына ұсынғым келеді.

Ұлықбек бұл деректі сонау 90-жылдардың аяғында Атырауға барғанда белгілі драматург Берік Қорқытовтан естіпті.  Берік ақсақалға оны   ертеректе орыстың  танымал  ақын-жазушысы  Сергей Марков айтқан көрінеді. Сергей Николаевич Марков 1920 — 25 жылдары Қазақстандағы Ақмола, Петропавл қалаларында тұрып, жергілікті газет­терде жұмыс істеген. Қазақ даласы жайында «Горячий ветер» деген өлең жазған ақын. Ол әрі   Сібір, Қазақстан, Орта­лық Азияның талай жерлерін аралап,  көптеген  танымдық дүниелер тудырған саяхатшы, тарихшы және  этнограф.

Сол айтқан Сергей Марков бірде соғыстан кейінгі кезеңде тарихи-этнографиялық материалдар жинау мақса­тымен Ор қаласындағы өлкетану музейіне барады. (Ор емес Омбы қаласы болуы мүмкін. — Ә.А.) Сонда музей директо­рының алдынан адамның бас сүйегінен жасалған күлсал­ғышты  көреді. Марков таңырқап қарап қалғанда музей директоры: «Білесіз бе, бұл  қазақтың соңғы ханы Кенеса­рының бас сүйегі» деп мақтанады. Жазушы күлсалғышты айналдыра қарап, қайта орнына қояды. Сөйтіп, барған шаруасын тындырып, кері қайтып кетеді.

Жолы түсіп, екінші рет барғанда музей директорының алдынан баяғы күлсалғыш бас сүйекті көрмейді. Дирек­тордан:  «Экспонат күлсалғышты қайда жібердіңіз?» деп сұра­ғанда ол: «Бәлесінен аулақ, құртып, көзін жойып жібердім!» дейді. Сөйтсе  сол тұста  «Правда» газетінде  Кенесары ханды қаралаған мақала шығып, үлкен шу болып жатқан екен. (Мұнда әңгіме  1950 жылғы 25 желтоқсанда «Правда» газетінде  жарық көрген Т.Шойынбаев, Х. Айда­рова  және Я. Якунин жазған «За марксистко-ленинское освещение истории Казахстана» деп аталатын мақала туралы болып отыр. Ол мақалада  тарихшы Ермұхан Бек­ма­хановтың  «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-30 жылда­рында» атты зерттеу еңбегі сыналып, Кенесары бастаған көтеріліске ұлт-азаттық  қозғалыс емес, керісінше: «үстем таптың мүддесін көздеген феодалдық-монархиялық көтеріліс» деген баға берілген еді. — Ә.А).

Жазушы-драматург Б. Қорқытов осы әңгімені айта келіп: «Жігіттер Кенесарының бас сүйегін іздеп, босқа  арамтер болып жүр. Ол әлгіндей жетесіздің кесірінен жойылып, құртылған ғой» депті. Бұл дерек қаншалықты рас?  Нақты дәлелдер  болмаған соң оған «пәлендей» деп  пікір айту қиын.

Осы айтылғандарға қосар тағы бір жәйт, 2014 жылғы қазанда Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия  университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы  «Мегаполис» апталығына көлемді мақала жазып, онда бірқатар тың деректер мен мәліметтерді келтірді. Оның  омбылық өлкетанушы Андрей Палашенков пен жазушы Сергей Марковтың  жазбаларына сүйеніп айтуына қарағанда, Кенесары ханның бас сүйегі 40-жылдарға дейін Омбының өлкетану музейі қорында сақталып, кейіннен Кунсткамераға  жіберілген. Одан  Этнос­тар мен адамның пайда болуы ғылыми-зертету инси­титутына өтіп, әрі қарай  Ресейдің Гохранасына тапсы­рылған. Мұны 2003 жылы бір басылымға берген сұхба­тында КСРО ҒА Музей қорын ұзақ жыл басқарған  академик Юрий Хорошилов айтыпты. Бір айта кетерлігі, бас сүйектің маңдайшасына мөр басылған еді деседі. Соған қарағанда,  осылай ресми түрде мемлекеттің бақылауында болғандықтан, оның әлдекімнің өтінішімен күлсалғышқа айналуы екіталай.

Расында да, Гохранаға тапсырылған болар дегенге сенейін десең, Гохрана туралы ереженің 1,7-тармағында бұл мекемеде: «тек алтын, күміс, платина, палладий, ири­дий, родий, рутений және осмий сияқты аса қымбат металлдар сақталады»  деп  көрсетілген. Сондықтан «ондай қымбат металға жатпайтын Кенесарының бас сүйегі қалайша Гохранаға тапсырылған?» деген сұрақ туады.

Бұл ретте 1986 жылғы Алматыдағы әйгілі Желтоқсан көтерілісінен кейін КГБ-ның ұсынысымен Кенесарының бас сүйегі  «түптің түбіне» жіберілген деген де болжам айтылады.

Жоғарыда айтылған Берік Қорқытов ақсақал Омбы музейі дегенді  Ор қала­сының музейі деп қате естіген болуы  да ықтимал.

«Айтпаса сөздің атасы өледі». Руслан Шер­баев дейтін археолог Caravan.kz медиа-порта­лына берген сұхбатында:  «Кене­сарының бас сүйегі төңірегіндегі әңгіменің бәрі аңыз бен қауесет. Негізінен, жоңғарлармен шайқасқан қазақ, қырғыз және қарақалпақ халықтарының салт-дәстүрінде ханның басын алу әдеті болма­ған. Сол үшін Кенесарының сүйегін қыр­ғыз жерінен іздеу керек» дегенді айтыпты.

Орыстардың өздерінің: «үміт соңынан үзіледі» деген тәмсілі бар ғой.  Сол айтпақ­шы, тілек­тес жұрт   қазақтың бостандығы мен бірлі­гін көксеген соңғы хан Кене­сары­ның бас сүйегі Ресейдің әлдебір түкпірінен табылып қалар деген үмітте. Ендеше, Қа­зақстан Үкіметі басшы­сының сұрау салып, оған Ресей премьер-министрінің уәде беруі  істің жаңа сипатта қолға алы­нып, нәтижелі болуына  ықпал етеді деген ойдамыз.

Әшірбек Амангелді

"Алматы ақшамы"