"Зимняя вишня" ойын-сауық сауда орталығы өртеніп, бірнеше адам қаза тапқаннан кейін Кемерово тұрғындары алаңға шығып, митинг өткізіп жатыр. Халық губернатор Аман Төлеевтің отставкасын талап етуде.
"Кемерово қаласында митинг. Шамамен 4 мың адам әкімшілік ғимаратының маңына жиналып, Аман Төлеевтің отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Жиналған халықтың арасында өрттен қаза тапқандардың туыстары да бар", - деп жазылған Mash Telegram-каналында.
"НГС.Новости" порталы болса митингтің Совет алаңында өтіп жатқанын жазды. Жиналған тұрғындар марқұм болғандарды аза тұтып, оқиғадан кейінгі ойларымен бөлісуде. Халық алдына қала мэрі Илья Сердюк шығып басу айтқан. Дегенмен, тұрғындар оның да қызметтен кетуін талап етіп, сөзін тыңдаудан бас тартыпты.
Айта кетейік, Ресей президенті Владимир Путин де қазіргі уақытта Кемеровте. Осыған дейін Ресей президенті Кемеровтегі 64 адамның өліміне әкеп соққан "Зимняя вишня" сауда үйінде болған өрттің неден шыққанына қатысты пікір білдірген болатын.
"Бізде не болып жатыр, бұл әскери қақтығыс емес, кен орнындағы метанның шығып кетуі емес қой. Адамдар демалуға келді, балалар. Демография туралы айтып, осынша адамды неге жоғалтып отырмыз? Бұл қылмыстық салғырттықтан, бос белбеуліктен болды", - деген еді Путин өрт салдарын жоюға арналған Кемеровтегі жиын барысында.
Еске сала кетейік, 25 наурызда болған төтенше жағдайдан кейін 64 адамның қаза тапқаны, олардың ішінде кем дегені сегізі бала екені хабарланған еді. Cондай-ақ, ауруханаларда төтенше жағдайдан зардап шеккен 13 адамның жатқаны айтылған болатын. Кейіннен тағы 50 адам медициналық көмекке жүгінген.