Фото:astanatv.kz
Биылғы жыл қалай өтті, 2025 жылға қандай жоспарлар ба? ULT.KZ тілшісі Мәжіліс депутаттарынан жылды қалай қорытындылап жатқанын білді.Депутат Абзал Құспан елде болған қайғылы жағдайлар биылғы жылдың оңай өтпегенін көрсетіп отырғанын айтса, мәжілісмен Айдарбек Қожаназаров «қоғамда ешқандай мұқтаж адам болмаған кезде ғана өзіме көңілім толады» деп отыр. Ал депутат Дәулет Мұқаев жыл сайын жаңа жыл қарсаңында кем дегенде 50 арманын жазатын көрінеді. Биыл депутат армандарының 90 пайызын орындапты.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан:
- «Өкінішке қарай қазірдің өзінде Талғарда болып жатқан оқиғаны алып қарайық, дәл бүгінгі болған ұшақ апаты сияқты қайғылы жағдайлар бар 2024 жылдың ауыр өткенін көрсетеді.
Ал жеке басымда бірқатар іске асқан шараларым да бар. Мысалы үшін Парламент тарихындағы ең үлкен заң жобасы - Қылмыстық, қылмытсық процессуалдық және қылмыстық атқару Кодекстері жұмыс тобының жетекшісімін. Осы жұмысты аяқтап қалдым. Бірақ бүгінгі пленарлық отырысқа үлгерте алмадым. Енді қаңтар айында шығарамын деп отырмын. Онда қарапайым тергеушілер, бірінші сатыдағы судьялардың жұмысын кәдімгідей жеңілдететін заң жобасы болады. Қылмыстық заңнама дегенді көп адам түсіне бермейді, әр бір басқан қадамыңыз азаматтардың Конституциялық құқығымен шектеледі. Сол себепті де осы үлкен заң жобасын аяқтағалы жатырмын. Биыл негізінен сол заң жобасымен айналыстым.
Жалпы Қазақстан әсіресе сыртқы саясатта үлкен жетістіктерге қол жеткізді деп есептеймін. Әлемде болып жатқан қаншама ыстық нүктелерге қарамастан мемлдекет басшысының кәсіби біліктілігі, осы саладағы тәжірибесінің арқасында өте ыңғайсыз географиялық жағдайда орналассақ та бізді бұл айналып өтуде. Мұны елдің қауіпсіздігі тұрғысынан үлкен жетістік деп санаймын. Болашақта да тыныштығымыз сақталса деп тілеймін».
Ult.kz тілшісі:
- «2025 жыл қалай болады? Украинада соғыс әлі жалғасып жатыр, АҚШ президенті болып Дональд Трамп келіп жатыр, басқа да ірі саяси оқиғалар елімізге қалай әсер етпек?»
Абзал Құспан:
- «Ашығын айту керек 2025 жыл бізге үлкен қиындықтармен келеді деп есептеймін. Оның басты себептерінің бірі өзіңіз айтқандай Трамптың сайлауда жеңіске жетуі және оның сайлауалды бағдарламасындағы мұнайдың бағасын 40 долларға дейін түсіремін деген мәлімдемесі. Бұндай жағдайда Қазақстан экономикасына бұл өте кері әсер ететін болады. Биылғы 2024-тен де белбеуімізді қаттырақ тартуымызға тура келеді. Бұл біздің экономикалық-әлеуметтік жағдайымызға теріс әсер етеді деп ойлаймын. Бірақ, кім білген, Үкімет аяқ астынан жақсы-жақсы шешімдер қабылдап, кіріс кіргізудің жаңа жолдарын тауып, сол жемісін бермаса қиындау болатын сияқты.
Өзім келер жылы негізінен қылмыстық заңнамаға және қылмыстық істерге қатысты мәселелер көтеремін. 2024 жылы байқасаңыздар қазақ қоғамын көбірек алаңдатқан мәселе қылмыстық істерге қатысты болды. Құқыққорғау органдарының әрекеттері немесе керісінше әрекетсіздігіне байланысты туындап жатыр. Сондықтан мен де осы бағыттан таймайтын боламын. 2024 жылы ең көп депутаттық сауал Бас прокурордың атына жолдадым. 2025-те де осы бағытта жұмысымды жалғастыратын боламын».
Депутат Дәулет Мұқаев:
- «Мен блогымда да айтамын, арман-мақсаттарды жазу керек. Ол мотивация береді. Бәріміз пендеміз, шаршаймыз. Сол кезде арман-мақсаттарың жазылған параққа қарап, алға ұмтылуға көмектеседі.
Биылғы жұмыстағы нәтижелерімізге келер болсақ, бізде жұмыс тобында болған отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның күшіне енуі қазіргі кезде оң нәтижесін беріп жатыр. Одан бөлек лудоманияға қарсы заң, соның ішінде байқасаңыздар жарнама мен билборд, барлығы қазір тоқтады. Одан кейін әр Қазақстан азаматы e-gov mobile арқылы өзіне 10 жылға дейін шек қоя алады. Одан кейін вейб саудасының тоқтағанын да ауыз толтырып айтуға болады. Сосын, үлескерлердің құқығын қорғау бойынша да заңның күшеюіне өзімдік үлесімді қосып жатырмын. Ал келер жылға әлі жоспар құрған жоқпын».
Мәжілісмен Айдарбек Қожаназаров:
- «Біз мемлекеттік сатып алу бойынша ең көп өзгерістер енгізген партиямыз. 70 -тен астам толықтырулар мен өзгертулер енгіздік. Атап кетсек, орта және кіші бизнестерді қорғау үшін сатып алу жүйесінде екі немесе одан да көп жекеменшік сатыпалушы болса, онда квазимемлекеттік қатысушыны алып тастауға заңға түзету енгіздік. Бұл біздің бизнесте жүрген азаматтарға бизнесін нығайтуға көмектеседі.
Ең мықты өзгерістердің бірін айтып кетейін, Самұрық-Қазынаның 50 пайыз дивидендін бюжетке тапсыру. Мұндай бұрын болмаған, және бұның бастамашысы менің өзім және біздің партия мен басқа партия депутаттары. Енді Самұрық-Қазына өз ақшасын өзі қолданып отыра бермейді, 50 пайыз дивидендін Үкіметке өткізеді және Үкімет оны қажет шығындарға жаратады. Одан басқа Салық Кодексі бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз, ол әлі күнге дейін талқылануда. Жүзден астам ұсынысты біздің партия ұсынды. Осы Салық Кодексінің уақыттын создырып берген Президентімізге рахмет. Ол шынайы, жақсы Салық Кодексін жасап шығаруға мүмкіндік береді. Бұл істелген жұмыстардың он пайызы ғана шығар. Басқа да атқарылып жатқан жұмыстар көп».
Айта кетейік бүгін, 25 желтоқсанда Парламенттің төменгі палатасының жылдық қорытынды отырысы өтті.