08 қыр, 2023 сағат 15:05

Қазпоштаның 4 мың қызметкері 20 мың теңге жалақыға күн көріп отыр

Фото: sknews.kz

Өткен жылы ұлттық пошта операторы ауылдық бөлімшелерін күтіп ұстағаны үшін 15,4 млрд теңге шығынға батты. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Қазпошта басшысының атап өтуінше, елімізде газет-журналдар және хат-хабар жеткізу қызметі жыл сайын орташа есеппен 17 пайызға қысқарып келеді. Өйткені, басылымдардың көпшілігі онлайнға ауысып жатыр.

«Дегенмен, егер не бәрі бір газет жеткізу қажет болса да көлік жібереміз», - деді Әсел Жанасова.

Оның мәліметінше, Қазпоштаның 4 мың қызметкері 0,2 ставкамен жұмыс істеп, 20 мың теңге ғана жалақы алып жүр.

«Ең төменгі жалақы 96 мың дейсіздер. Ал адам 0,2 ставкаға, жұмыс істеп 20 мың теңге алады екен. Бұл оның жалғыз жұмысы, ауылда басқа жұмыс жоқ. Меніңше, сіздерде 0,2 ставкаға өте көп адам жұмыс істесе, онда басқа қандай да бір технология енгізу қажет. Мұны ойластырған жөн», - деді осы орайда «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев.

Ал Әсел Жанасова бүгінде аталған қызметкерлерге қосымша қызметтер жүктеп, жалақысын көтеру мәселесі пысықталып жатқанын айтады.

Айта кетейік, 2024 жылыдң 1 қаңтарынан еліміздегі ең төменгі жалақы 85 мыңге дейін артады.