Күні кеше ғана шыққан «Қазақ әдебиеті» газетіндегі (16.03.2018 ж.) Қазақстан Жазушылар Одағы жанындағы Көркем аударма жөніндегі кеңестің төрағасы Құрманғазы Қараманұлының «Көркем аударма: қазіргі хал-ахуал» атты мақаласы маған ой салды. Тіпті, Аударма деген бөлімнің жабылып қалғанына жаным ашып, жылағым келді.
Негізінен, көптен бері айтпай жүрген едім, айтпасқа болмады. Жалпы, біздің қоғамда аудармашы деген мамандық бар еді. Оны арнайы оқытатын еді. Қазір де оқытып жатқан шығар. Онда дауым жоқ. Бірақ, ол мынау біздің жоғарғы жақта, яғни Үкімет пен министрліктерде сол аудармашының құны бар ма? Парқына жете алып жүр ме?, - деген сұрақ ойландырады кейде.
Аудармашыларды біздің Үкімет орыс тілін білмей қалып, қысылтаяң кезде ғана шақыртып, аудартып алатын ойыншыққа айналдырды. Олай дейтінім, мен өзім Министрліктер үйіндегі Комитеттердің бірінде аудармашы болып қызмет атқардым. Көзіммен көргенімді айтайын, бізді, яғни аудармашыларды Министрліктерде штат болмағандықтан, өздеріне қарасты жекеменшік компанияларға басқа мамандықпен тіркеп қойып, Комитет жұмысын жасататын. Ол деген не? Ол – қазақ тілін жетік біліп, өзіміз аударып отырмыз. Аудармашыны қажетсінбейміз. Тіпті, штат ашып оларға жұмыс орнын ашып отырған жоқпыз. Сөйтіп, өз есемізді қазақ тілін білу жағынан жетістіріп отырмыз деген сасық саясат еді. Бірақ, сонда отырғандардың бірен-сараны ғана өздері аударып әкелетін ресми құжаттарды. Заң жобасын аударамыз кейде, ол өте жауапты әрі күрделі нәрсе. Мемлекеттік құжатты олар қалай аударсын? Майталман аудармашының өзі күні-түні аударып, оның ресми қалпын сәйкестендіріп, дәлме-дәл келтіруді Сенат, одан қалса, Мәжіліс талап ететін. Одан ол құжат әбден сорпасы қайнап, сапалы болған дайын болған кезде Президент апаратына тапсырылады. Сол үшін қаншама айқай, қаншама сөгіс алатын қызметкерлер. Ақыры, соның бәрі аудармашының жауапкершілігіне байланысты болып шығатын. Әрі-бері қызметкерлердің өздері барып келеді дайын құжатты Парламентке тасып. Оны кім аударды десе, өздері аударғандай болады. Себебі, астында орындаушының аты-жөні, қолы тұрады ғой. Мемлекеттік қызметкерлердің бұл жерде қызметі жеңіл. Біреуге аудартасың ба, өзің аударасың ба Парламентке бәрібір емес пе? Әйтеуір, мінсіз етіп әкелсе болды. Сонда олар келіп айтатын, «Сенатқа барсақ, жанталас, аударманы қабылдамайды. Өз аудармалары жетіп, артылады. Ал, Мәжіліске барсаң рахат, бәрі жайбарақат кофе ішіп отыр», деп. Неге десек? Мәселе жоғарыда екен. Президент аппараты барлық проблеманы Мәжіліске артады. Мәжіліс Сенатқа артады. Сенат Министрліктерге артады. Содан Министрлік құзырті жетіп отырған қол астындағы өзіне қарасты мекемелерге аударма жасауға тапсырыс береді. «Футболит етеді» өздері айтқандай. Аударма штатын ашпай, аудармашыларды жұмысқа салып, мемлекеттік қызметкерміз деп жүрген галстук таққандар арасында құжат тасып қана жүр. Сондай аудармашының мәртебесін кім көтереді? Тіл білмегенін жасырмақшы ма? Аудармашылар да әдемі офисте, комитетте министрлермен бірге қызмет атқарғысы келеді. Солар секілді мемлекеттік қызметкер болғысы келеді. Ал, айлығы жағынан ренжітпейді. Өздері үшін-ақ. Тіпті, керек десеңіз, бірнеше жерге тіркеп, бірнеше жерден айлық алып бере алады. Бірақ өздері сол офисте мемлекеттік қызметкер секілді бір кабинетте отырып, ұжымдасып жұмыс істейді. Оларды өздері «Подснежник» деп атап қояды. Тексере келсе, оларды іссапардағы қызметкерлер деп көрсете салады. Тіпті, әлі күнге дейін бар, Зейнеткер мықты аудармашы шалдар мен кемпірлерді әлі күнге дейін уақытша тіркеп қойып ұстап отырғандар. Неге дейсіз ғой? Олар сол аударманың отымен кіріп, суымен шыққан қасқыр аудармашылар. Сақылдатып, әрбір термин мен сөздердің қалай байланысатынын, әрбір құжаттың қай кезде қалай аударылғаны, шаблондарының қайда екенін жатқа білетін мамандар. Мемлекеттік қызметкерлердің бүгінгі күні соларға туып тұр. Кез келген жиындарға сөйлейтін сөздерін жазып беретін кім? Сол аудармашылар. Өздері қаншама уақыт сол ақпаратты жинайды, оның орысшасын өздері пысылдап жүріп, сауатты-сауатсыз жазады. Соншама еңбекті кейде аудармашыларға жылдам аудара салуды талап етеді. Аудармашы деген тілді білсе болды, оңай деп ойлайды. Солардың күні бойы аударғандарын оқып, елдің алдына шыққандарына мәз. Нағыз рахат дүние сол емес пе?! Бір штат аш деп сұрасаң, жоғары жақ рұқсат етпейді дейді. Неге рұқсат етпейді, айналып келгендей сол баяғы тіл білмеу мәселесінің өздеріне айналып тиетіні біліп отыр. Бұл бір мәселе!
Бұл көпке топырақ шашу емес. Мемлекеттік және жекеменшік органдардың кейбіреуінде мемлекеттік тіл бойынша штат ашылмаған. Штат ашылғандары саладағы тіл мамандары құжаттардын сараптамадан өткізіп отырады. Олар аударма жасаумен ғана шектеліп қалмаған. Олар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және насихаттауға бағытталған іс-шаралардың да бел ортасында жүреді. Өздеріне қарасты органдармен бірлесіп, республикалық деңгейде түрлі байқаулар ұйымдастырып отырады. Осы жағын қатты қадағаласа екен деген ой менікі.
Екінші мәселе. Аударма жайында. Терминологияның қолданысын бақылаумен қатар, халықаралық қолданыста кеңінен таралған сөздердің дұрыс қолданылуын бақылап отыратын аудармашылар да бар. Солардың бастарын неге біріктірмеске?! Термин сөздерді дұрыс қолданбау салдарынан бүгіндері бірқатар салаларда соның зардабы анық көрініс тауып жататыны бар. Аударма саласында бірізділікті сақтауымыз керек.
Аударманың көркем әдебиеттегі жағдайы да жетісіп тұрғаны шамалы екен. Жоғарыда мақалам жазған Құрманғазы Қараманұлының шырылдайтындайы да бар. «Бірнеше ретт мақала жазып едім, оныма құлақ қойған ешкім жоқ», депті.
Осындай бетімен кеткен Министрліктерге аударманың қазіргі жағдай қалай әсер етіп жатқанын қайдам? Аударма жасау деген оңай шаруа емес. Тілді білу бір бөлек, оны меңгеру тағы, өз алдына бөлек мәселе. Сауаттылық деген мәселе тағы бар.
Майталман аудармашы атамыз айтатын маған «жақсы аудармашыдан журналист шығады, жақсы журналисттен аудармашы шықпайды», деп. Неге десем, Аудармашы болу үшін 3 негізгі қағиданы білуі керек. Біріншіден, аудармашы өзі аударып отырған тілді (орысша да, қазақшада да жатық меңгеру, біреуінен ақсасаң онда сенің аудармаң дұрыс шықпайды) теңдей еркін білуі керек. Екіншіден, терминдерді жатқа білуі керек. Кез келген жерде, сөздіктен қарамай өзі бірден аудара беретін болуы керек. Үшіншіден стилист болуы шарт. Аударып отырған нәрсеңді дұрыстап өз ретімен, сауатты құрастыра білу өнер дейтін.
Әрине, аударма саласында 12 жылдай қызмет атқардым. Ол аз. Әлі де жаттайтын терминдер көп. Аудармашы деген орысша-қазақша сайрау емес. Аудармашы деген күнделікті, тіпті күн сайын терминдерден қалыспай, жаттап, меңгеріп отыратын мамандық. Оған тіл білмеген пысықайлар қалай болса солай қарауы дұрыс емес.
Қазақ тілін білмегені үшін ұялатын ештеңе жоқ. Аударманы мамандық деп қарауы керек деп ойлаймын. Оның дәрежесін көтеретін кім? Шығармашылық жетістік деген бар ма жалпы аудармашыларда? Олар неге өзара терминдерімен бөліспейді? Олар неге тәжірибе алмаспайды? неге сөздерді талқыламайды? Аударманың сапасын неге бақыламайды? Ресми аудармашы түгілі, көркем аудармашылардың да жағдайы нашар екен ғой. Әдеби аударма дегеннің шығармашылық тұрғыда жағдайы жақсы шығар деген ойымның астаң-кестеңі шықты. Аудармашылар әр жерде бір шашылып жүр шынын айтсақ.
Шетелді былай қойғанда, небір мықты аудармашылар бар. Неге солардан сабақ алмасқа! Зейнетке кеткен аудармашылардың ойында небір терминдер тасқа басылғандай жазылып қалған ғой, шіркін! Мемлекеттің жаны ашымаса, қазақ тілі десе ат-тондарын ала қашса, аудармашыларды қолжаулық секілді керек кезінде ғана пайдаланса, аудармашының құны қанша?
Құрманғазы Қараманұлының айтуынша, аударма әдебиетінің қадамын қадағалап отыратын орган неге құрылмасқа! Роман-хикаяттарға дер кезінде өзіндік баға беретін кімдер болуы керек? Аударманың сапасын дәлелдеп жазылып жатқан мақалалар неге жоқтың қасы? Сыни тұрғыдан қарағанда, көркем әдебиеттің өзін талдап, талқылауымыз керек. Өзіміздің бағамызды беруіміз керек. Әрине, жағымпазданбай, қараламай, жамандамай нақты сынын айтқан дұрыс. Жазушылар Одағынан осындай әрбір сала бойынша, атап айтқанда, поэзия, проза, драма, аударма т.б. талдау бөлімдері ашылса, құба-құп болар еді. Сынап газетке жазбаса да автордың өзіне пікірлерін айтатын Одақ мүшелерінен құрылған топтар болса. Қаламымыз аз да болса түзелер ме еді? Одақ мүшелерінің шаруасы сол емес пе?
Аударма деген де шығармашылықтың бір түрі. Біреудің жазған дүниесін өзің қайта жазып шыққанмен пара-пар. Негізінен, әрбір мемлекеттік болсын, басқасы болсын әрбір ұйымның бір-бір корректорлық, редакциялау және аударма бөлімін ашып алуы тиіс. Тоқетерін айтқанда аудармашылардың басын құрайтын, үлкен бір Одақ құрылуы керек, деп ойлаймын. Әрі пікір-тәжірибе алмасады, әрі аудармалардың сапасы артар еді. Оларға арнайы марапат жасап отырса, тіптен тамаша!
Әсел Назаралы