20 қыр, 2024 сағат 16:41

Қазір қанша тірек мектебі бар?


Фото:egemen.kz

«Жобамызға 2022 жылы 17 мектеп қосылды, 2023 жылы - 62 мектеп, 2024 жылы - 56 мектеп. Енді 2025 жылы тағы да 56 мектеп қосылады. Қазір соңғы 56 мектеп тізімін жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Ернар Сейтахмет. 

Жаңа 2024-2025 оқу жылында Қазақстанда 3,9 млн-нан астам оқушы мектепке барды. Оның 352 мыңы – бірінші сынып оқушылары.  Яғни, жыл сайын бала саны артып келеді. Ал Мемлекет алдында сол балалардың болашағына жағдай жасау міндеті тұр. Бұл туралы Мемлекет басшысы әрдайым айтады.

Әр оқу жылының басында ата-аналар баласын қай мектепке берген дұрыс болатыны жайлы ойлайды. Себебі мемлекетімізде екі түрлі білім ордасы бар. Бірі -мемлекеттік болса, екіншісі – жекеменшік. 

Жыл сайын жекеменшік мектептерге сұраныс артып келеді. Соңғы жеті жылда елімізде 700-ден аса ақылы мектеп ашылған. Онда 240 мың бала оқиды. Жарты бөлігі мемлекеттік тапсырыс аясында тегін білім алады. 
2023 жылы 114 жекеменшік, 72 мемлекеттік мектеп бас лицензияларын алып, оларға білім беру қызметін бастауға заңды мүмкіндік берілді. Бұл жерде лицензияны алмай, білім беру процесін бастауға заңмен рұқсат берілмейтінін айта кеткен жөн. 

Биыл 34 мың бала сиятын 80 жекеменшік мектеп ашылады деген болжам бар. Жаңа оқу орындары Астана, Алматы, Шымкент, сондай-ақ еліміздің жеті басқа облыстарында бой көтереді. 
Қазір баласын мемлекеттік мектептен алып кетіп, қымбат болса да ақылы білім ордасына берген жағдайлар жиі кездесіп жатыр. Оның бірнеше себебі бар. Бала үшін жеке мектеп дұрыс па, мемлекеттік мектеп дұрыс па? Бұл сұрақты саралау үшін психолог маманмен сұқбаттастық. 

Айгүл Наурызбаева өзі педагог, 14 жыл мектепте еңбек еткен. Алайда арманы жетелеп, соңғы жылдары бағытын психологияға ауыстырған. Сарапшының айтуынша, кез келген ана бірінші кезекте жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын, қай жерде мықты кадр болса, сол білім орнын таңдайды. 

«Жекеменшік және мемлекеттік мектептің айырмашылығы жер мен көктей. Мемлекеттік білім ордалары әлі күнге дейін ескінің жолымен келеді. Яғни, сыныпта бір-екі лидер болады, солармен ғана жұмыс жасап үйреніп қалған. Ал қалғандары көптің бірі болып жүре береді. Балаларға деген қарым-қатынас басқаша. Екінші баламды бірден жекеменшік мектепке бердім. Оның басты себебі – баламның сағы сынбаса екен, көптің біріне айналып кетпесе екен уайым. Балалардың мінезі әр түрлі, соған қарай әр баламен жеке жұмыс істеледі, баламен санасады, баланың пікірін ескереді. Бір сөзбен «эмпатия» бар. Сонымен қатар, эмоционалды интеллект те маңызды. Эмоционалды интеллектісі жоғары баланың бойында сенімділік, өзіне деген, өзгелерге деген махаббат қалыптасады. Өзін жеке тұлға ретінде бағалай алады. Бұл қасиеттерді баланың бойында қазіргі таңда жекеменшік мектеп қана бере алады», - дейді психолог. 


Психолог маманның пікірінше, тәрбие мен білім қатар жүрген кезде саналы ұрпақ қалыптасады. 

«Академиялық білім ұрсу, жазалау арқылы емес, махаббат пен мейірім арқылы берілген ұрпақ саналы, білімді болып өседі, дамиды. Мектептегі қарым-қатынас ол – тәрбие. Ал тәрбие мен білім қатар жүруі керек. Сол кезде баланың шығармашылығы да, білімі де биіктейді. Ал баланың жағдайына түсіністікпен қарамай, жалпылама берілген білім балаға ауыр тиіп, баланың сағы сынады», - дейді маман.