Түбі бір түркі халықтарының ішінде ұлттық аспаптарына балық аулайтын арзанқол «леска» қармақ жіп тағып, ата-бабаларымыздың ежелгі қолөнер дәстүрінен қол үзе жаздаған қазаққа енді тез арада мұны қолға алмай болмайды…
Шеберлер шерткен шер
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі өнер, мәдениет және спорт институтының профессоры, белгілі қолөнер шебері Жолаушы Тұрдығұловпен хабарласқанымызда, жақында шәкірттерінің бірі Алматыда өткен домбыра жасаушылар байқауында бірінші жүлдені иеленгенін айтты. Оның өнегелі өнерімен сусындаған Ердос Рахымбеков, Ғани Жұмабаев, Талғат Жанасылов, Айхат Атамтаев, Алмас Мұстафаев сынды 30-дан астам шәкірті бүгінде Қазақстанға танымал шеберлер санатынан саналады. Жолаушы Әбілғазыұлы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі (2001), домбыра, қылқобыздарға арналған республикалық «Үкілі домбыра», «Дана қобыз» атты байқау-бәйгелерінің бас жүлделерінің иегері. «Мұрагер», «Жоғары шеберлік», «Асыл ұстаз» аталымдары бойынша жүлдегер атанған. Малайзия мен Үндістанда, Әзербайжан мен Түрікменстанда өткен көрмелерге қатысса, Парижде, Тэгуде (Корея) әріптестерін қасиетті қара домбыра үнімен сусындатқан.
Маманның айтуынша, Э.Романенконың домбыраға «леска» тағуы алғашқы кезде қазаққа керемет жаңалық болып көрінгенмен, екінші жағынан киелі аспаптың қоңыр үнін жоғалтып алған жайымыз бар. Енді оны жасайтын қазір адам қалмады. Төл аспаптарына отандық ішегі жоқ және оны өзі жасап шығара алмай отырған жалғыз халық, ол – біз екенбіз. Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақ қырғыз ағайынның өзі қомузына «лесканы» тақпайтын сыңайлы. Олар Қытайдан жібек алдыртып, иіріп, өңдеп барып қана пайдаланатын көрінеді. Мінеки, төл өнерге деген жанашырлық. Түбі түркінің кіндігінен 40-тан астам нәсіл тараса, солардың ішінде ішексіз отырған біздің домбырашылардың осыншалық қорлық көретіндей басына не күн туды? Және мұны үлкен кемшілік, орны толмас олқылық санап жүрген жанды көрмейтініміз тағы бар-ау. Бұл – қазақы үннің түп-тамырынан ажырап қалумен тең жағдай. Домбыраның акустикалық жүйелері туралы ғылыми диссертация қорғаған ғалым Жұмагелді Нәжімеденов қазақтың қасиетті қара домбырасының қоңыр үні жоғалды деп өмірден өтті.
Шебер соған қарамастан бүгінде қолөнер шеберлері қол қусырып қарап отырмағанын айтады. Көршілес кейбір мемлекеттерде музыкалық аспаптарға ішек жасайтын мекемелер азық-түлік өнеркәсібі министрлігіне қарайтыны тілге тиек етілді. Ендеше, біздің елімізде де ет комбинаттарының жанынан ұлт аспаптарына ішек илейтін отандық кәсіпке жол ашылса, нұр үстіне нұр болар еді-ау, дейді шебер. Білуімізше, бұл іс Ресей мен Украинада ойдағыдай дамыған және оған мамандар тарапынан ұдайы назар тігулі. Сондықтан шеберлер елімізде ішек жасайтын фабрикалар ашып, төл аспапты елдік деңгейде қорғауды құптауда. Домбырамызға өзіміз өндірген өнімді тақпайынша бұл шаруа «баяғы жартас – сол жартас» қалпында қала беретіні даусыз.
Аспаптың байырғы дәстүрлі үлгісін өле-өлгенше сақтап өткен шебер Қамар Қасымов домбыраны еуропаландыруға барынша қарсы болған адам. Сол байырғы салтқа адалдығы арқасында ғана ол қолөнер туындыларына ерекше сүйіспеншілікпен қарады. Бүгінде шебердің домбырасы Санкт-Петербург қаласындағы (Ресей) музейде сақтаулы тұр. Көптеген мемлекет басшыларына дәл осы Қамар шебердің домбыралары тарту етілген. Неге? Өйткені, қай елде де қайталанбас қолөнер туындысына құрмет сезімі жоғары. Ал, домбыра жасаушылардың кейінгі буынына келсек, бүгінде Ж.Тұрдығұловтың домбырасымен өнер көрсетіп жүрген өнер ұжымдары мен сахна майталмандары аз емес. Олардың қатарында Құрманғазы, Тәттімбет оркестрлері, Атырау мектебінің күйшілері, сондай-ақ Қайрат Байбосынов, Айтжан Тоқтағанов, Асылбек Еңсепов сияқты майталман әнші-күйшілер, әйгілі «Ұлытау», «Қоңыр» топтары бар. Оған қоса шебердің домбырасы АҚШ-тағы Дүние жүзі халықтары музыкалық аспаптары музейінде сақтаулы. Оның туындылары Ресей, Өзбекстан президенттеріне сыйға тартылыпты… Жеке кәсіпкердің «Жолаушы» мектебінде бүгінде шеберлер домбыра жасаумен бірге, кәсіби тұрғыда білім алып, мамандық сырына қанығады. Бұл ретте кәсіпкер алты жыл осы мектептің қыр-сырын үйрену арқылы бүгінде кәнігі шебер атанған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің музыканты Қуаныш Төлебаевты мысалға келтірді. Ұстаздың ойынша, домбырада керемет өнер көрсету үшін сахна иесіне оның жасалу технологиясын білудің пайдасы орасан зор болмақ.
«Қарапайым жай адам домбыраңызды қалай сатып алуына болады? Бағасы қанша тұрады?» деп қызығушылық танытқан сұрағымызға ол: «Әрине, мен домбырамның әр қазақтың төрінде ілулі тұрғанын қалаймын», – деді. – Бағасы әркімнің қалтасына қарай. АҚШ ақшасымен есептегенде, құны 1000 доллардан 10 мың доллар аралығындағы аспаптар бар».
16 жылда – 1000 аспап
«Әкемнің әкесі Мұхамәди кезінде атақты домбырашы болған адам екен», – деп өрбітті әңгімесін алматылық шебер Айхат Базаралыұлы. Қолөнерімен, оның ішінде етікшілікпен 6-сыныпта оқып жүрген кезінде айналысқан ол өзінен екі жас үлкен ағасымен бірге шеберханаға еріп барып жүріп, арада екі-үш ай өткенде домбыра жасау кәсібінің қарапайым тәсілдерін меңгеріп алады. «Менің жоғары дәрежелі шебер атануыма, белгілі қолөнерші, профессор Жолаушы Тұрдығұловтың сіңірген еңбегі шексіз. Ол кісіге қашанда ризашылығым шексіз», – деген жеке кәсіпкер де ұлттық аспаптарымызға шетелдік ішектердің тағылып жүргеніне алаңдаушылық білдірді. Кеңес дәуірінде Алматыда «Мерей», Қарағандыда Осакаровка музыкалық аспаптар фабрикасы жұмыс істеп тұрған болатын. Өтпелі кезеңде бұрынғы өндіріс ошақтары жабылып қалды. Сөйтіп, олардан кейін оркестрлерден, жекелеген адамдардан тапсырыстар қабылдайтын «Шертер», «Дала сазы» ЖШС-лері дүниеге келді. Бұл саланың тағы бір басты түйткілі ежелден мамандар даярлау мәселесі екенін тілге тиек еткен ол бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-да темірден, ағаштан түйін түйетін шеберлер даярланатынын айтты. Солай бола тұра, кезінде Ресейден көшіп келген хас шебер Э.Романенконың өзі алғашында Қамар Қасымовтан дәріс алғанын алға тартты.
«Кейде Қазақтың Страдивариі кім?» – деген сауалдар алға тартылып жатады. Сонда кейбір әріптестеріміз Романенко есімін жиі ауызға алып жатады. Оған қарсы емеспін. Бірақ оны бұл кәсіпке үйреткен қазақ қолөнерінің классигі Қамар Қасымов тарланымызды қайда қалдырамыз? Бірінші Қамар атамызды, одан кейін Романенконы атасақ та: «Неге олай етесіңдер?» – деп ешкім бізді сөкпейді», дейді жас шебер. Сонымен қатар, таза қазақ ұлт аспаптары шеберлерін даярлайтын республикамыздағы бірден-бір оқу орнының екі жылдық колледж деңгейінде шектеліп қалғаны көңілге қаяу түсірмей қоймайды. Өйткені, оны бітірушілер бұл саланы 100 пайыз толық біліп шықпайды. Колледж бар болғаны кәсіп туралы әліппенің алғашқы бетін үйретуші болып қана табылады. Сондықтан көптеген жастар әрі қарай не істерлерін білмей қаңтарылса, кейбірі жекелеген шеберлерден оқып-үйренуге мәжбүр. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын алматылық шебер мұндай кішігірім аудиторияда жастардың толыққанды мамандық иесі атануы екіталай, сондықтан олардың әрі қарай білім алуына жағдай жасауымыз керек дейді. 16 жылда 1000-ға жуық аспап жасаған шебердің өнімдерімен бүгінде көптеген белгілі әншілер мен күйшілер өнер көрсетіп жүр. Атап айтар болсақ, белгілі дирижер, күйші Айтқали Жайымов оркестрге екі домбыраға тапсырыс берсе, ал жақында шеберге жеке өз атынан тағы да өтініш түсірген. Айхаттың айтуынша, жергілікті жердің ағашынан жасалған домбыра 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін бағаланса, шетелдік ағаштар одан сәл қымбатырақ – 200 мыңның үстіне шығады. Шебер оған үйеңкі, қайың, арша, сондай-ақ, түрлі жеміс ағаштарының пайдаланылатынын айтты.
«Бипыл, бипыл, бипыл-ай…»
Белгілі күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбайдан қазақтың күйлері мен атақты күйшілердің, сондай-ақ домбыра түрлерінің арғы-бергі тарихы жайындағы ойларын моншақтай мөлдіретіп жазып бере алатындығына қарамастан, өңірлердегі домбыра түрлерінің қыр-сыры мен ерекшеліктері жайында әңгімелеп беруін өтіндік. Күйші соңғы уақытта ұмытыла жаздаған аспаптарға жанайқайын білдірді.
– Ең көне домбыраның көшірмесін түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы Моңғолиядан алып келді. Бұл жәдігердің ерекшелігі сол, оның пернелерінің орналасуы сыбызғы дыбыс қатарына (звукоряд) сәйкес тағылған, тағы бір өзгешелігі ол пернелер мойынға ойылып ағаштың өз діңін бұзбай кертілген секілді, бітеу перне. Жалпы айтсақ, бесперне (пентатоника) ладымен шертілетін аспап. Қазіргі «күйге нақ келтірілген» домбыраға машықтанған қол бұл домбыраға жүре қоймайды. Себебі, байырғы күйлердің әуенінің табиғаты мүлде басқа, басқа аппликатураны қажет етеді.
Домбыраның шанағының сыртындағы орхон жазуымен жазылған сөзін Қаржаубай ағамыз жобалап таратып айтты. Көне түркі мен Орхон Енисей үлгісімен жазылған қазіргі ұғымға сай мәтінді аударды. Артындағы қосу таңбасына келгенде сол жерді мекендеген тайпаның ішіндегі керейдің «ашамай» таңбасы деген болжамын да айтқан болатын. Домбыра балтамен, шотпен шауып жасалған, сөйтіп беті балқарағаймен жабылған. Бұл домбыра кейінгі кезде ансамбльге қолданылды. Бірақ қосбұрау домбыра секілді әлі қолданысқа толық енген жоқ.
Сосын тағы бір домбыра бар, ол мүлдем жойылып кетті. Оның аты – «Бипыл домбыра». Бұл аспапты алғаш зерттеген А.Эйхгорн болатын. Орыс пен Қоқан соғысы кезінде Ақмешітті генерал Перовский алғаны тарихтан белгілі. Онымен қатар Түркістанның генерал-губернаторы фон Кауфман да Орта Азияны жаулаушылардың бірі еді. Әлгі Август Эйхгорн деген музыкант орыс армиясының капелмейстері болып қызмет атқарған. «Орыс Түркістанының музыкалық мұрасы» атты кітабын неміс тілінде жазған. Аспаптар жинаумен әуестенген. Осы күні Ресей музейлеріндегі ең көне қобыз, домбыра, сыбызғы, керней, дутар, сетар, рубабтардың көбісі Эйхгорнның коллекциясынан. Сол кездегі беті жартылай терімен қапталған аспап отырықшы елде болғанын ол өз күнделігінде жазған екен. Көшпелі өзбектердің қыз-келіншектері мәслихат құрған кезде жаңағы шертерде ойнағаны өз алдына бөлек тарих. Мұны олар «бипыл домбыра» деп атапты. Олай дейтін себебі, жартылай беті теріден болған соң даусы бипылдап шыққан.
Жамал Омарованың: «Бипыл, бипыл, бипыл-ай. Тартшы құрбым, бір күй-ай», дейтініндегі бипыл осы домбыраның аты. Ондай аспап қазір бізде жоқ… «Бипыл» сөзінің түбірі алыста жатыр. Мысалы, көшпелі ел арқылы мына Қытайға кеткен біздің аспаптар бар. Қытайдың ғалымдары не болса да жылнамаларына жазып қояды, сосын жаңсақтыққа көп жол берілмейді, қате дерекке бой алдырмайды. Қазір оларда «бипа» деген аспап бар. Осы бипаңыз бипылдың арғы атасы. Қытайша бипа аталып кеткен. Жарайды, қазбалап тым алысқа ұзап кетпей-ақ қоялық. Мысалы, домбыраны дәуіріне қарап сипаттағанда, қазіргі ұғымымыздағы қалақ түріндегі домбыралар қыпшақ дәуірінен қалған ескерткіштер ретінде бағаланады. Ал дөңгелек болып келетіндері оғыз дәуіріне жатқызылады. Дәлел іздесек, Әзербайжан, осман түріктері, түрікмен, гагауыз, қырым татарлары әлі күнге дейін дөңгелек домбырамен тартады. Ал, татар, башқұрт, қарашай, ноғай, құмық, хакас, бурят, қалмақ, т.б. қыпшақ мәдениетінен қалған жалпақ домбыраны тұтынады, деп өз ойларымен бөліскен Ж.Жүзбай ұлттық аспаптың замана көшіне сай едәуір өзгеріске ұшырау себептеріне үңілдірді.
Қолы гүл еді
Домбыраны оркестрге лайықтап қайта жасау мәдениетіне академик Ахмет Жұбановтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бұл орайда Қамар Қасымов, түбі ресейлік Эмануэль Романенко, Оразғазы Бейсенбаев есімдері ерекше аталады. Төл аспап мұнан кейінгі уақытта жаппай шығарылып, домбыраның кең таралуына жол ашылғанмен, екінші жағынан байырғы қоңыр үн өзгеріске ұшырап, сапасының нашарлауына әкеліп соқтырғаны ашық айтылуда. Күйшінің пікірінше, домбыра жасаудың соңғы уақытта бизнеске, жеке кәсіпкерлердің табыс көзіне айнала бастағаны бір жағынан қуантса, екіншіден, ежелден өнер туындысы ретінде бағаланып келген ұлттық құндылығымыздың қадір-қасиетін мұнымен төмендетіп алмаймыз ба деген күдік тағы жоқ емес. Мысалы, Страдивари өзінің скрипкаларын кәсіп ретінде емес, мұны әлемдегі аспаптың ең бір сирек інжу-маржаны ретінде бағалап жасаған. Біреуден, екеуден ғана. «Сол сияқты Қазақстанда домбырасының құны ақшамен өлшенбейтін Эмануэль Романенконың Мырзатай аға айтпақшы, қолы гүл шебер еді. Өмірінің соңына дейін халқымыздың ұлттық аспабына ғұмырын арнаған оған қазақтар өмір-бақи қарыздар. Осы тұрғыдан Романенко біздің Страдивариіміз, нәсілі өзге ұлттың өкілі демесеңіз, қазаққа бір кісідей еңбегі сіңген адам», дейді өнер шебері. Естуімізше, ол Динаға, тағы сондай белгілі тұлғаларға арнап домбыра жасаған. Атақты шебер Қамар Қасымовпен бірге жұмыс істеген. Дегенмен де, Эмануэль Романенко домбырасының бір құдіреті бар. Ешқашан дауысы сөнбейді. Қазіргі домбыралардың сымбатына қарап әдемілігіне мін таға алмайсыз, бас кезінде үні құлақ тұндыруы мүмкін, ал кейін аяғында сөйлемей қалады. Тембр бұзыла бастайды. Себебі, мұның бәрі ағаштың қасиетін білмеуден, болмаса ағашты баптаудан кеткен қателіктен, бір ағаш пен екінші ағашты таңдағанда, олардың өзара қабысып, үйлесім құрып кетуін дәл анықтай алмаудан. Ал, Романенко шеберіңіз ең әуелі ағаштың тілін түсінген. Сондықтан да оның домбыралары бүгінде баға жетпес құндылық саналуда.
«Менің өзім үш адамның қолындағысын білемін, – деді Жанғали. – Біреуі ғалым академик Мырзатай Жолдасбековте, екіншісі күйші Секен Тұрысбековте, ал үшіншісін Ерлан Қошановтың қолынан көрдім. Бұлар әлемдегі ең қымбат скрипкалар сияқты аса бағалы. Мырзатай ағамыздың үйінде оннан астам бағалы домбыра бар. Ол кісі өзі күй тартатын болған соң халқымызға аттары белгілі – Азат Өзенбаев, Сұлтан Мұсаев, Ғинолла Смағұлов, Жақсылық Оспанов, Мұса Әділов сияқты шеберлердің бәйгеден озған аспаптарын жинақтаған, кейбір аспаптарды шеберлерге арнайы жасатқан. Белгілі қолөнер профессоры Жолаушы Тұрдығұлов пен оның шәкірттерінің аспаптары өте жақсы деген пікір көп естіледі. Ж.Тұрдығұлов аспаптар технологиясы саласында ғылыми зерттеулер жазған, кітаптар шығарған, керек болса шетелде домбырадан көрмелер ұйымдастырған адам. Ол кісінің Париж қаласындағы көрмесінде болдым. Аспаптарын ұстап көрдім, бірақ сатып алған емеспін. Себебі, ақшам болмады, ауқатты кісілер болмаса қарапайым мұғалімнің қалтасы көтеретіндей бұйым емес екен… Одан кейін Жолаушының шәкірті Айхат ініміз де концерттерге лайықты дұрыс аспаптар жасап жүр. Мендегі Арқаның домбырасы осы Айхат шебердің қолынан шыққан. Әрине, Жолаушы шебер негізінен акустикалық аспап шапқанға шебер, бірақ шоу-бизнеске эксперимент ретінде жартылай акустикалық, электркүшейткіші бар аспаптар жасау саласында оның өкшесін басып келе жатқан және тамаша жетістіктерге жеткен жастар өте көп. Мұнан басқа электронды гитара-домбыралар жасайтын шеберлер бар. Бірақ мен оларды домбыра ретінде ұға алмай жүрмін… Кезінде «Үкілі домбыра» байқауы өтіп тұрды. Өкінішке қарай, кейін тоқтап қалды. Сонда Мағауия Хамзин, Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияров, Секен Тұрысбеков сияқты тарландарды ортаға алып күйлерін рахаттана тыңдаған сәттер әлі күнге есімізде».
Домбыра жасаушылармен бірге бүгінде сондай сирек үлгілерді көз қарашығындай сақтайтын коллекционерлер әлемінің өзі сыры бөлек бір ғажап.
«Кәкімбек Салықов ағамыздың үйінде тамаша домбыра сақтаулы. Ол – Қаныш Сәтбаевтың домбырасы. Мұны музейге өткізген жоқ. Оны кезінде Қамар Қасымов жасаған. Қайталанбас өнер туындысы. Оның ғажап үні мамандарды таңдандырып келеді. Бірақ шеберлік құлпын аша алмай әлекпіз. Сол сияқты Э.Романенко да құпиясын өзімен бірге алып кеткен шебер. Атақты шеберлердің бәрі солай болған. Амати, Страдивари, Гварнери сырын ешкімге ашпаған. Осы италиялық үш шебердің жасаған скрипкаларының бағасы миллионнан кем тұрмайды. Үшеуі бір-бірімен бәсекелес болған. Бетіне жағатын бояуына дейін әлі құпия деседі. Романенко да солай, домбырасының тылсымына әлі күнге дейін ешкім бата алмайды. Біздің домбырашылар оны әдейі ашып көріп, қайтадан жапқан кезде баяғы алғашқы тембрін жоғалтып алған көрінеді. Көрдіңіз бе, бұлар аса бағалы домбыра болып саналады», – деген Жанғали тарих тағылымына терең бойлап, ой өрбітті. «Ахмет Жұбановтың Нұрғиса Тілендиевке сыйлаған домбырасымен орындалған «Қыз Жібек» фильміндегі күй арқылы халқымыздың баға жетпес жауһары дүниеге келгенін білгенімізбен, ол сол баяғы Романенко шебердің жасаған домбырасы екенін біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін», – деді. Домбыра туралы әңгіме тиегі ағытылғанда, ой шырағының Арқа сал-серілері тұтынған домбыра үлгілерін өз көзімен көрген Ақселеу Сейдімбек ағамыз әлемін сәулелендіруі әбден заңды еді. Күй өнерін зерттеген ғалымның өзі де қолынан келмейтін өнері жоқ әмбебап жан болатын, ер-тұрман, шақша жасайтын, ол кісінің қолынан өзім 7-8 домбыра көрдім. Әбікен Хасенов тұсындағы, Сайдалы Сары Тоқа шәкірттерінің домбырасы үлгісіндегі нұсқаларды қазақы қолөнердің салтымен шауып отырып жасайтын. Бүгінде бұлар балаларының үйінде сақтаулы болса керек. Музейге тапсырды деп естігенім жоқ. Бір ғаламаты, өзі шығарған сол күйлерді өзі жасаған домбыралармен тартып отыратын. Көңілі түскен адамға домбыра сыйлай салатын жарықтық, Ақаңның ақкөңіл мінезін, өнерін бөлек зерттейтін кез жетті», – деп тұлғаны еске алды күйші.
Құлқынға құрықталмайтын құн
Қолөнер шебері Эмануэль Романенконың оркестрге, жекелеген орындаушыларға, әнші-күйшілерге арнап жасаған домбыраларының ұзын-ырғасы 100-ден асып жығылады деген дерек алға тартылды. Ал, енді осылардың құны туралы айтатын болсақ, нарық заманында кез келген асыл бұйымның алдымен бағасының алдыңғы орынға шығуы орынды саналады. Өкінішке қарай, бізде мүліктің бағасын айқындау, мұрағаттың құнын белгілеу саясаты әлі күнге әлемдік стандартқа сай келе қоймайды екен. «Әлемдік стандарт бойынша белгілі бір заттың құны айқын болуы тиіс. Аукциондағы бағасы белгіленеді. Былайша айтқанда, мемлекеттің тағайындаған құны болады. Бізде ондай жүйе жоқ, – дейді өнер иесі. – Мысалы, Қайрат Айтбаев дейтін күйші жігіт бар. Мына Қызылжар, Семей өңіріндегі атақты, өзі әрі ақын, әрі сері кісінің ұстаған домбырасы соның қолында. Осыны бір дәулетті адам «Мерседес» машинасын беріп, сатып алмақшы болған екен, бермепті. Оны жасаған шебердің аты-жөні, қай жылы жасалғаны, ру-тайпасына дейін арап ғарпімен домбыраның артында тайға таңба басқандай жазулы. Бүлінбеген, тамаша қалпында. Ал әлгі күйшінің өзі үйсіз-күйсіз жүргеніне қарамастан, киелі аспапты сатпапты. Себебі, ол домбыраның құнын біледі. Қазірге дейін бізде санамызда әлемдік деңгейдегі ең қымбат саналатын скрипка, виоленчель тақылеттес аспаптар деген түсінік қалыптасып қалған…Бірақ әлемдік аукционда олардан гитараның даңқы асып тұр. Мысалы, Джон Леннонның ұстаған гитарасы десе, бұл үшін қалтасынан ақшасын аямайтын әуесқойлар баршылық. Мамандардың айтуынша, әлемдегі ең қымбат аспап Паганинидікі болып саналады. Оның үстіне әлемнің ең жарық жұлдыздарына ғана ойнауға рұқсат етіледі, исі қазақтан бұл скрипкамен Айман Мұсақожаева өнер көрсеткен екен».
Кеңес өкіметі кезінде кез келген материалдық құндылықтың, аспап болсын, қолөнер туындысы болсын, бәрінің өз құны бар еді. Мысалы, Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз Алматыдағы ұлт-аспаптар музейін ашарда оған қоятын аспаптың түпнұсқасын таппаған. Содан этнограф-ғалым, қолөнер шебері Дәркембай Шоқпаровқа көшірмелерді жасауға тапсырма беруіне тура келген. Оған құнды жәдігерлерді, ұлттық музыкалық аспаптардың түпнұсқаларын өткізу уақыт өте келе жүзеге асқан. Болат Сарыбаев сияқты мықты зерттеушілер коллекциясын өзінде сақтап қалды. Мұны айтып отырғандағы мәселе, көптеген тарихи домбыралар жекелердің меншігінде қалып отыр.
«2006 жылы Қарағанды қаласындағы «Болашақ» университетіне бардым. Мақсатым – сол университеттің ректоры Нұрлан Дулатбековке күй жинағымды көрсетіп көмек сұрау болатын. «Қазақтың шертпе күйлері» атты алғашқы кітабымды Нұрекең шығарып берген еді. Сол жолы Нұрекеңнің кабинетінен бір аса ісмердің қолынан шыққан қымбат домбыра көрдім. Тегін аспап емес екенін бірден танып: «Мынау кімнің домбырасы?» – деп сұрасам, атақты Аққыз күйшінің домбырасы болып шықты. Аққыз күйшінің өзі оңай адам емес, мыңдап жылқы біткен атақты Ахмет байдың тұқымынан. Сонда осыған қарап домбырасы қаншаға шабылғанын есептей беріңіз. Жалпы, құнды аспаптарды көз қарашығындай сақтап отырған мұндай аптал азаматтарға бас июіміз керек, осындай құнды аспаптардың жалпы каталогы жасалып, мемлекеттік тізімге ілінсе де игі іс болар еді», – деген ұсыныс білдірді күйші. Өйткені, олардың арасында аспапты кәдімгідей бағалай алатын зиялы жандар баршылық дейді.
Іргедегілер ішегімен ілгері
Маманның айтуынша, қазіргі кезде алыпсатар фирмалар аса мықты шеберлердің өнімдерін сатып алып, өз дүкендеріне қоя салады. Ал шетелде гитара жасайтын өндіріс ошақтары бар, онымен тұтас бір елді мекендер айналысып жатады. Әлемдегі ең қымбат гитараны солар шығарады. Орталық Азия аумағы бойынша өзбектер аспап жасау өндірісі бойынша бәрінен оза шауып тұр. Жалпы, бұл халық өзінің төл дәстүрлі мәдениетіне келгенде өте мықты. Мысалы, бізде домбыраның ішегі жасалмайды. Жаппай сатылымдағы домбыралардан байқайтынымыз, ішегіне балық аулайтын қармақтың «лескасын» байлап жүрміз. Қаның қалай қайнамайды. Ал іргедегі өзбек ағайындар өз технологияларын жоғалтпаған, қайта дамытқан. Олар дәстүрлі атакәсіпті кеңестік кезеңнің өзінде жалғастырып бақты. Рубоб, дутар сияқты аспаптарына тағатын ішекті өздері жасап шығарады. Ресейде де ішек жасайтын фабрикалар бар. Саха, хакас, тыва секілді түбірі бізден алыстамаған халықтар да өздерінің фабрикаларынан шыққан бұйымды тұтынады. Бағасы да кедейдің қолы жетердей келісті-ақ.
«Дәстүрлі әншілердің арасында әзірге домбыраға келеді-ау дейтін сапалы ішекті Ресейден, Сібірден ат арытып алдыртатын талғампаз музыкант – Ерлан Рысқали бауырымыз ғана. Сырбаз әнші дүние күйіп кетсе де домбырасына арзанқол ішекті тақпайды. Ресейлік шеберлерге тапсырыс бергізіп, алғызады. Сол тағылған соң ғана қоңырлата «Молдабайдың әнін» шырқайды. Жалпы, «ұлт болам десең домбыраңның ішегін түзе!» дейтін кез келді. Міне, бізге ең құрығанда осындай ішек иіретін өндіріс орны керек», – деп күйші бұл саладағы өзекжарды ойын ортаға салды.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»