Қазақтың қызыл жебесі, белгілі жазушы, журналист Шерхан Мұртаза Кеңсай зиратына жерленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Қазақстан халқы Алматыда М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салды.
Жазушымен бақұлдасуға зиялы қауым өкілдері, жазушылар, қаламгерлер, Алматы әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов секілді белгілі тұлғалар келді
"Бір кем дүние деп шырылдап өткен Алаштың арысы Шерағаңды ақтық сапарға шығарып салуға жиналып отырмыз. Бұл - баршамызға ортақ орны толмас қаза. Шерхан Мұртазаның еңбектері ел тағдырымен тамырлас. Сонымен қатар ол кісі ортамызда отырған көптеген азаматтардың рухани ұстазы болған", - деді ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Мəдениет министрі өз сөзін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатымен жалғады.
«Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды. Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты. Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», - деді А.Мұхамедиұлы көңіл хатты оқи келе.
«Ұлт руханияты мен баспасөзі қара жамылып ауыр халге түсті. Азалы сөз халқына өлшеусіз еңбек сіңірген, елінің маңдайы мен таңдайына айналған Қазақстан халық жазушысы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаға айтылды. Өзінің саналы ғұмырын қазақ баспасөзіне басшылық қызметіне арнап келген. Оқшауланып тұратын мемлекетшілдік қасиетімен редакторлардың редакторы атанған, оқырмандарының ризашылығына бөленген адам. Топырағы торқа, иманы саламат болсын», - деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.
Ақын, драматург Нұрлан Оразалин Шерхан Мұртазаның журналистік, редакторлық тұлғасы туралы айтып өтті.
«Алып империяның сол кездегі Социалистік Қазақстан - Егеменді Қазақстан газетінің басына Шерағаң келді. Осыған дейін «Қазақ әдебиеті» газетінің алпыс екі тамырына қан жүгіртіп, орталық комитеттің шешімімен «Социалистік Қазақстан» газетінің басшылығына келді. Атын «Егемен Қазақстан» деп өзгертті. Сол кездерде республикалық парламентке депутат болып сайланды. Қалың қазақстандықтар басқадан күтпесе де Шерхан Мұртазадан адал әрі әділ, отты, жалынды, шын сөзді күтетін еді. Сол кездегі 360 депутаттың басым көпшілігі ұлтшыл, қазақ интеллектуалдары еді. Ойы дара азамат тәуелсіздік жылдарында Нұрсұлтан Назарбаевтың қасынан табыла білген еді. Оны қалың ел тыңдау үшін жиналатын. Айта білетін. Ешкімнен жасқанбай, бүгежектемей, намысына қайрақ, жігеріне қамшы сала білетін еді. Сонысымен қадірлі болған еді», - деді Н.Оразалин.
Сонымен қатар, белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның тарихи шындықты көрсеткен аз жазушының бірі екендігін айтты.
«Шерхан Мұртаза «Қызыл жебені» жазуға 30 жыл ғұмырын арнады. Ташкент, Омбы, Петербор, Мәскеу, Орынбор архивтерін ақтарды. Тұрар Рысқұлов өте күрделі кезеңде өмір сүрді. Алаш арыстарының сөзі бір жерден шығып жатпаған кез. Кейбірі коммунистік ұстанымда болса, кейбірі алаш ойлы мемлекеттің мүддесін қорғаған. Солардың ешқайсысының ала жібін аттамай, сол кезде азаматтар туралы шынайы ақпарат алуға болатындай, сол кездің тарихи шындығын бүкпесіз жазған, бірден-бір батыл шығарма - Қызыл Жебе болатын. Біз бүгін қатардағы жазушы емес, көрнекті жазушы ғана емес қазақ дейтін халықтың ұлы перзентін шығарып салып жатырмыз», - деді Н.Оразалин.
Айта кету керек, Қазақстанның белгілі жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 86 жасына қараған шағында 9 қазанда шамамен 18:30-да Алматы қаласындағы үйінде ауыр науқастан қайтыс болған еді.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Ол 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болды. Жазушының әр жылдары жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ прозасына қосқан өшпес туынды болып қалары сөзсіз.
суреттер: Sputnik