16 қар, 2016 сағат 10:28

Қазақтың классикалық музыкасы: бары мен жоғы

90-шы жылдар басы әлем саяси картасына күрделі өзгеріс енгізді. Шаттанып алман елдері бірікті, у-шусыз тып-тыныш Чехия мен Словакия ажырасып кетті, діни соғысқа батып берекесінен айрылып Югославия быт-шыт болды. «Мызғымас» КСРО-ның орнына 15 жаңа мемлекет құрылып, толқып шалқыған кеңес өнері бір күнде ешкім керек етпес жетімге айналды.

Ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы орындалған сол бір күндерде Қазақ елінің Тәуелсіздігіне шығармашылық интеллигенциядан артық қуанған ешкім жоқ шығар. Бірақ, өтпелі кезеңнің қиындықтары, нарықтың да жұртты бірден қарық қылмауы, әсіресе, шығармашылық қауымға оңай соқпағаны белгілі. Жасырары жоқ, осы кездегі қиындықтар мен Үкімет тарапынан болған кейбір солақай шешімдер ондаған жылдар бойы қалыптасқан Қазақстан мәдениетін қатты тұралатып, титықтатып тастады. Мәдениет үйі, клуб, кітапхана ғимараттары сатылып, кітаптар далаға лақтырылды. Көркемдік кеңестер жабылып, шығармашылық ұйымдар мемлекет құзырынан шығарылып, «қаламақы» деген біржола ұмытылды.

90-шы жылдары 7-8 жыл ішінде біздің Одақ Қазақстан композиторлық мектебінің бетке ұстар тұлғалары, тіреуі, мақтанышы саналатын жалпы мүшелерінің 40 пайызынан айырылды. Жастаулары күнкөріс қамымен музыкаға қатысы жоқ түрлі шаруамен айналысып кетті. Шығармашылық жайына қалды, ешкім ештеңе жазбады. Бұл үрдіс ұзаққа созылды. Тіпті, қазір де, еліміздегі 25 жыл ішіндегі композиторлық шығармашылықты сарапқа салып, талдай отырып, барлық жазылған шығармалар саны 80-ші жылдардың съезд аралығында жазылатын деңгейіне жетер-жетпес екеніне реніштімін.

Операдан бастар болсақ, соңғы 25 жыл ішінде екі-ақ опера жазылды. Еркеғали Рахмадиев «Абылай ханын» (2004) жазғанда екі мақсат көздеген: оның бірі Қазақ мемлекетінің Тәуелсіздігін дәріптеу болса, екіншісі егемен еліміздегі ұлттық опера жанрын қайта жаңғырту еді. Либреттосындағы кемшіліктеріне қарамастан, қазақ саз өнерінің ақсақалы шығарған күрделі, көлемді дүние патриотизм, бостандық, тәуелсіздік идеяларын жұртшылыққа кеңінен толғап жеткізе білді. Ал, екінші жағына келсек, тілек бір бөлек, ол тілектің орындалуы бір бөлек. Е.Рахмадиевтің «Абылай ханы» алдағы көптеген жылдар бойы қазақтың соңғы операсы болып қала берері, могиканның соңғы тұяғындай болып тұғырда тұра берері хақ. Мұны композитордың өзі де түсіне білді, бірақ, бұл түсінік ол кісіні уайымға салып, күйзелтіп кетті. Балқаш жағалауында (соңғы көргеніміз екен), бізбен қоштасып жатып ағаның соңғы айтқан өсиеті: «Қазақ операсын өлтіре көрмеңдер!» деген сөздер болатын.

Менің «Қалқаман-Мамыр» опера-балетімнің тақырыбы Тәуелсіздік идеясымен байланысты емес. Дегенмен, бұл туындым еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізгенінің арқасында ғана жарық көрді. Спектакль екінші қаралымдағы толықтырылған нұсқасында сахнаға қойылды. Осынау дүниенің 1980 жылы шығарылған бірінші нұсқасына тыйым салынған еді. Оған себеп, біріншіден, шығарма Кеңес идеологиясына қайшы, қазақ даласының ежелден келе жатқан дәстүрлі заңдылығын қастерлейді, екіншіден, аты жабық Шәкәрім поэмасының желісі бойынша жазылған-ды. Шығарма синтетикалық жанрда мүсінделген: көркемдік жағы балет арқылы бейнеленіп, драматургиялық шарықтауы опера арқылы жетеді.

Балеттің жайы да көңіл көншітпейді. Соңғы 15 жыл ішінде еліміздің композиторлары 18 балет жазды, бірақ, біреуі де сахнада қойылған жоқ. Оны түсіну қиын емес: театр директорларының және басқа да еліміздегі мәдениет тұтқасын ұстап отырғандардың біразының білім-сауаты ХІХ ғасыр құндылықтарымен шектелген бе деп ойлап қалуға болатындай. Қазір ХХІ ғасыр емес пе? Оның үстіне, отандық өнімге деген менсінбеушілік те жетерлік, «Шет елде бәрін жақсы жасайды» дейтін төменшік санамен қарау да бар. Мысал ретінде 2009 жылы өткен «Тәуелсіздік толғауы» байқауын алайық. Біздің композиторлар жазған бес балетті ығыстырып қойып, Гран-При Канада тұрғыны Ә.Бестібаевқа берілді. Алдынала жарияланған ережеде: «Конкурсқа тек қана Қазақстан азаматтары қатыса алады» деп жазылған болатын. Ең еттен өтіп, күйдіріп кеткен жері – ол шіркін, шын мәнінде балет болса екен-ау! Не мазмұны жоқ, не белгілі бір либреттосы жоқ, автордың бұрынғы шығармаларынан алған жеке нөмірлер. Кейін Мәдениет министрлігі оны «Бәйтерек» деп атап, негізіне түкке тұрғысыз сюжетті алып, жеке нөмірлердің басын біріктіріп, сахналады. Қыруар ақша жұмсалып, екі-ақ рет қойылып, міне, арада жеті жыл өткенде ондай балеттің болғаны да ұмытылды.

Симфониялық шығармаларды алайық. Ежелден композиторлық шығармашылықтың ең биік шыңы симфониялық шығарма болып саналады. Бәлкім, сондықтан шығар, біздің аға буынның туындыларының басым көпшілігі тек қана симфониялық оркестрге арналып жазылған. Ал соңғы жылдары шыққан дүниелер саусақпен санарлық: 2 симфония, 12 симфониялық поэма, 3 оркестрлік және 16 жеке аспаптық концерт, бірнеше симфониялық суреттеме мен күйлер. Мұның бәрі – біздің буынның тірлігі. Біз Одақ мүшелігіне 80-ші жылдары өткен, қазір 60 жастың арғы-бергі жағындағы, соңғы кеңес композиторларымыз. Келешекте бұған да тиісті баға берілер деген үміттемін. Нақ біздің толқын қазақ академиялық музыка шығармашылығын тығырықтан шығарып, бас-аяғын жинақтап, шынайы өріс табуына септігін тигізді.

Осы тұрғыда Бақтияр Аманжолдың «Есіктер» симфониясын атап айтуға тұрарлық. 7 бөлімді көлемді дүние терең философияға толы, Тәңірім ерекше жаралған қазақ ұлтына түрлі есік ашып, ғарыш кеңістігіне, рухани дамуға, сакралды әлемге және т.б. бағыт көрсетеді. Бейбіт Дәлденбайдың «Желтоқсан толқуы» симфониясы ақиқат болған оқиғаны суреттейді. 1986 жылдың желтоқсан айындағы «ішкіштер мен нашақорлар» деген жала жабылған қазақ жастарының көтерілісі тек ұлттық сезімді оятып қана қойған жоқ, Кеңес одағы ыдырауының да басы болды. Бүгінде шығармаларын қарапайым қазақ ауылынан бастап әлемнің ең мәртебелі залдарында мақтана орындауға тұрарлық қазақ композиторлары Ермек Өміров, Владимир Стригоцкий-Пак, Хабиболла Сетеков, Артық Тоқсанбаевтар заманға сай саз толғап жүр. Осы қатарда әйгілі отбасы дәстүрін жалғастырып жүрген Әліби Мәмбетов-Жұбанов та бар.

Ал енді жай-күйі ең нашары – ол кантата-ораториялық жанр. Бұрыныраққа көз жүгіртсек, бұл музыкалық жанр бүкіл ұйым тарихында билік жүргізуші өкіметті мақтап-мадақтаумен ғана болған. Бір-біріне егіз қозыдай ұқсайтын Кеңес заманындағы шығармалардың бәрінің болмыс-сипаты осындай. «Ленин, партия» бейнесінің монументалдығын, күрделілігін суреттеу үшін бір қазанға бәрін сала берген: симфониялық оркестр, үлкен хор, балалар хоры, үрлеме оркестр, халық аспаптары, бірнеше солист. Сондағы көздеген мақсат – тыңдарман қауымды орындаушылардың көптігімен таңқалдырып, мысын басып тастау. Менің пайымдауымша, көп жылдар бойы осы жанрға басқа көзқарастың жоқтығынан оған көп ешкім жақындауға жүрегі дауаламады. Бұл қатарда өз ерекшелігімен, жаңашылдықпен көзге түсетін Жоламан Тұрсынбаевтың үш кантатасын және осы жолдар авторының «Реквиемін» атай аламыз.

Хорға жазылған шығармалардың аздығы сонша, қазірде хор ұжымдары репертуар жаңартарлық ештеңе таба алмай мазасыздануда. Концертте музыканттардың қолына ұстағандары жұлым-жұлымы шыққан, сиясы оңып кеткен, бұдан 40-60 жыл бұрынғы қолжазба ноталар. Әйтеуір, олар мұның бәрін әлдеқашан жаттап алған. Дегенмен, кейде бір жарық сәуле де көрініп қалады, ол, мәселен, өскемендік композитор Светлана Апасованың шығармалары дер едім.

Камералық-аспаптық жанрға келсек, бұл жанрда көбінесе жастар және облыстарда тұратын авторлар еңбектеніп жүр. Түсінікті жағдай. Композитор өз шығармаларын қасындағы ұжымдар мен солистерге бейімдеп жазып, солардың орындауында тыңдайды. Көрерменіне туындысын тікелей ұсына алатын суретшілерден және оқырманымен тікелей байланыстағы әдебиетшілерден композитордың айырмасы бар. Ол тыңдарман екеуінің ортасында тұрған орындаушы музыкантқа тәуелді. Сондықтан да орындаушымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу өте маңызды. Бұл реттегі жағымды үлгі ретінде Серікжан Әбдінұровтың бүкіл баян репертуарын жазып шыққанын атап көрсетуге болады.

Ширек ғасыр бойы жалпы тыңдарман талғамы, түсініктері тым төмендеп, түсіп кеткенін байқаймыз. «Музыка» десең, тек ән деп біледі, басқаны қойғанда, күй де жоқ, терме де ойға алынбайды. Айтылып ұмытылған, айтылмай жатып ұмытылған ән, оны орындап барып ұмытылған әншілер, жанбай жатып сөніп қалған жұлдыздар… Ата-апаларымыз, замандастарымыз кейде бір әнге, бір әншіге ренжіген кезде айтарым: «Шыдай тұрыңдар, әрі кеткенде бес жылда бәрі орнына келеді» деймін. Бұл жағдайдың себебі: авторлардың 99 пайызы әліппелік білімі жоқ әуесқойлар. Әр әуесқой өз-өзіне деген сүйіспеншілігі мол, мүлдем сын көтермейтін өркөкірек. Кеңес заманында әр ән көркемдік кеңес сараптамасынан өткеннен кейін ғана жалпы жұртшылыққа тек сапалы, көркемдігі жоғары деңгейде жететін. Мысалы, 70-ші жылдары сапасы өте төмен, ұлттық мүддеге қатысы жоқ деп Ш.Қалдаяқовтың әйгілі «Сыган серенадасының» өзін бір кеңес өткізбей тастаған екен.

Бүгінгі «қазақ әні» дегеннің бәрін қазақша қылып тұрған оның мәтіні. Егер әуенін басқа тілдегі өлеңмен айтса, сол халықтың әні болып шыға келер еді. Сүйемелдеу гармониясының да қазақ менталитетіне үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Қазақ әуезінің гармониясы домбыра-қобыз бұрауынан шығады, негізі – кварта-квинта. Ал біз күнде естіп, құлақты тосырқатып жүргеннің бәрі еуропалық минор аккордтарымен сүйемелденген, оның үстіне басым көпшілігі үш буынды екпінмен жасалған (вальс екпіні, қазақ музыкасына Л.Хамиди енгізген). Кәсіби композитор, керек десеңіз, бір сағатта мұндай әннің ондаған данасын жасап шығара алады.

Кәсіби композиторлардың терең мәнді әндері айтылмай қалуда. Біріншіден, олар әуесқой сияқты күндіз-түні бір әннің соңында жүрмейді, екіншіден, ең әйгілі деп жүрген эстрада әншілерінің де оны айтуға мүмкіндігі мен білімі жете бермейді. Ал 5-6 жылда жоқ болып кететін әншілерден не күтесің… Дегенмен, біздің арамызда жоғарыда айтылған трафаретке жоламайтын, өз қолтаңбасы, әуені, стилі, өзіндік мәнерге ие композиторлар бар. Мысалға Марат Ілиясов пен Донеділ Қажымовты айтуға болады. Бұл тұрғыда аға буынның айтулы өкілдері Кеңес Дүйсекеев пен Ескендір Хасанғалиев шығармалары классика деңгейіне шықты деп білеміз.

Біз бүгінгі күн талабына сай еңбектенуге тырысамыз. Республикада 18 қазақ халық аспаптар және 18 камералық оркестрлер бар. Оркестрлер репертуары аз, ал композиторды күтіп тұрған жұмыс көл-көсір. Бұл да болса Тәңірдің бізге берген бір сыйы шығар. Одақ мүшелері Еркін Нұрымбетов пен Рахат Мәдреев репертуар толықтыру мақсатымен біздің шетелдік достарымыздың шығармаларын қазақ оркестріне түсіріп жүр. Тыңдарман қауым Фараджев (Әзербайжан), Непесов (Түрікмен), Броннер (Москва) және басқалардың туындыларын зор ілтипатпен қабылдауда. Жаңашылдық әдістемелермен дайындалған біздің шығармалар бір жағынан оркестрлік ұжымның кәсіби өсуіне де септесуде. Камералық оркестр бүгінде біз үшін шет елге шығудың ең төте жолы. Шағын құрамды ұжымның мүмкіндіктері мол, жүріп-тұруы ыңғайлы. Оның үстіне камералық оркестрге жазылған Қазақстан композиторлары шығармаларының жоғары әлемдік деңгейі елімізде бағалана қоймаса да, ол жетістігіміз шет ел музыканттары тарапынан мойындалып, басқа елдер оркестрлерінде өзімізден гөрі жиі орындалады.

Біздің буын Қазақстан композиторлық мектебінің академизмін сақтай отырып, әлем музыкасына тек өзіне тән бағытпен енді. 70-80-ші жылдары республикада классикалық шығармашылық екі бағытта болатын. Бір жағынан Орталықта (Москва, Ленинград) білім алған, кәсіби шеберлігі зор, бірақ ұлттық нақыштан алшақ композиторлар. Екінші топ – қазақы әуезге сүйенген, алайда,  кәсібилігі әлемдік деңгейден төмен тұрған авторлар. Осы екі дәстүрді үйлестіре келе біз өз жолымызды таптық. Сөйтіп, қазақ ұлттық әуезі жоғары сапалы композиторлық машықпен синтезделіп үйлесті. Бүгінде біздің шығармашылық шабыт түрлі этникалық бұлақтан бастау алса да, бір арнаға құйып, үлкен дария болып ағып жатыр, оның аты – Заманауи Қазақ Музыкасы.

Балнұр ҚЫДЫРБЕК,

 композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Қазақстан композиторлар қауымдастығының Төрағасы