Фото:okg.kz
Қазақстанның мәдени коды – бұл ұлттық дәстүрлерді, рухани құндылықтарды және тарихи мұраны сақтау мен дәріптеуге бағытталған мемлекет шараларының жиынтығы.
Мысалы 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында бірқатар мақсаттар кезең-кезеңмен іске асып келеді. Біріншіден, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасын тауып келеді. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері сынды маңызды ескерткіштер ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізілген. Сонымен қатар, Отырар, Сайрам, Тараз сынды қалашықтарда археологиялық ескерткіштер қалпына келтіріліп жатыр.
Бағдарлама аясында әдеби, тарихи және ғылыми шығармаларды шетел тіліне аудару мақсаты да көзделген. Жақында Қазақстан тарихына арналған жеті томдық жинақ басылып шығарылады деп жоспарланған. Бұл жинақ Қазақстанның ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихын қамтиды. Оны жазуға Марғұлан атындағы Археология институты, Халықаралық Түркі академиясы, Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты сияқты жетекші ғылыми ұйымдар атсалысады. Бұл ұлттық бірегейлік пен өткеннің маңызды сәттерін қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Аталмыш игі істер туралы Президент Ұлттық құрылтайда бірнеше рет атап өткен еді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қасиетті Қазақстан» жобасы іске қосылды. Бұл жоба еліміздің киелі жерлерін зерттеп, дәріптеуде, ел ішіндегі туристік әлеуетті дамытуда маңызды рөл атқарады. 2023–2024 жылдары мәдени ескерткіштердің санын көбейту, оларды цифрлық форматқа ауыстыру, сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұрасын шетелдік аудиторияға таныстыру сынды маңызды мақсаттар жоспарланған. Мысалы, тарихи маңызы бар нысандар туралы 3D карталар мен сандық паспорттар құрылып, арнайы сайттарда қолжетімді етілуде, ал бұл өз кезегінде туристер мен зерттеушілерге ыңғайлы платформа ұсынады.
Жобаның бір бөлігі ретінде BBC және National Geographic арналары Қазақстанның сакралды жерлері туралы деректі фильмдерді көрсетті. Бұл Қазақстанның мәдени-тарихи имиджін халықаралық деңгейде нығайтуға үлес қосты. Қазіргі уақытта “100 жаңа есім” және “Туған жер” сияқты арнайы бағдарламалар да ел ішінде патриотизмді насихаттауға және мәдени мұраны қолдауға бағытталған.
Елімізден тыс жердегі ескерткіштерді де қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мысалы Сирияның Дамаск қаласында Әл-Фараби кесенесі мен мәдени орталығының құрылысы жүргізілді. Мысырдағы Сұлтан Бейбарыс мешітіне реставрация жасалды.
Сонымен бірге, мәдениеттің дамуына қолдау көрсету мақсатында шығармашылық индустрияларды дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Мысалы, Алматыда әлемдік деңгейдегі өнер мұражайы салынуда. Бұл мұражай қазақстандық өнерді әлемдік деңгейде танытуға, сондай-ақ отандық өнер саласындағы мамандардың кәсіби дамуына ықпал ететін болады.
Заманауи өнер мұражайы осы жылдың күзінде ашылады деген ақпарат бар. Бұл жобаны қазақстандық меценат Нұрлан Смағұлов қаржыландырып, құрылысын шетелдік компаниялар жүргізіп жатыр.
Жоба Алматы қаласының мәдени орталығы болуға бағытталған және мұражайда халықаралық стандарттарға сай көрме залдары, көпфункционалды залдар, реставрация шеберханалары, оқыту шеберханалары мен басқа да орындар болады. Бұл мұражай Орталық Азияда заманауи өнерге арналған алғашқы орын болмақ.
Мұндай шаралар елдің мәдени-рухани құндылықтарын сақтап қана қоймай, оны заманауи қоғамға бейімдеуге және ұлттық болмысын нығайтуға бағытталған.