Қазақстан азаматы шетелде коронавирусқа қарсы вакцина алуына бола ма? Және шетелдік вакцина паспорты Қазақстанда жарамды ма? Бұл сұраққа ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Вакцина алғаннан кейін 6 айдан соң коронавирус инфекциясына қарсы ревакцина алуға рұқсат. Бүгінгі күнге 1 млн 200 мың адам ревакцинациядан өтті. Елімізде «Pfizer» вакцинасының 2,5 млн астам дозасы бар. Жарамдылық мерізімі – 9 ай. Бүгінгі күнге дейін бірінші компонент 564 мыңнан астам адамға, екінші компанент 300 мыңнан астам адамға егілді», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, комитет басшысы «Қазақстандықтарға шетелде вакцина алуға бола ма?» - деген сауалға жауап берді.
«Азаматтардың вакцина алуы өз еркінде және оны қайдан алатынында өзі шешеді. Бұл туралы елімізде коронавирусқа қарсы вакцина алу науқаны басталған сәтте айтқан болатынбыз. Егер қазақстандық азамат шетелден вакцина алса, оның паспортын көрсетеді. Және ол паспорт біздің ақпараттық жүйеге азамат вакцина алған болып тіркеледі», - дейді ол.