12 қыр, 2023 сағат 12:00

Қазақстандықтарда қанша яхта мен жеке ұшақ бар?

foto: @superyachtfan

Қалтасы қалың қазақстандықтарда 490 жеке яхта мен 248 ұшақ бар. Мұндай мәліметтер "Ашық НҚА" порталында жарияланған Салық кодексі жобасына қатысты жасалған консультативтік құжатта көрсетілген.

«Қазіргі уақытта елімізде келесі қымбат тауарлардың импорты тіркелді: 0,70 литрі 5 995 968 теңге тұратын «MACALLAN 50YO» вискиі және ликер-арақ бұйымдары (акциздің сомасы – 714 теңге), 3 литрі 4 225 131 теңгеге бағаланатын «Cognac Remy Martin Louis XIII» коньягі (акциздің сомасы - 300 теңге), 0,75 литрі 888 929 теңге болатын «Сhateau Petrus» шарабы (акциздің сомасы - 26 теңге) әкелінді. Сондай-ақ, 15 данасы 143 100 теңге болатын «Cohiba» сигаралары, 40 данасы 120 000 теңге сомасына «Don Antonio Churchills» сигаралары әкелінді», - делінген жаңа Салық кодексінің консультативтік құжатындағы деректе.

Ұлттық экономика министрлігі жариялаған құжатта Қазақстанда яхталар мен жеке ұшақтар шектеулі адамдар тобында ғана бары айтылған. Осылайша 490 яхта жеке тұлғалардың, ал 176 яхта заңды тұлғалардың иелігінде боп шықты, сондай-ақ жеке тұлғаларда - 248 ұшақ, ал заңды тұлғаларда 665 ұшақ бар.

Бүгінгі таңда заңнамамызда мұндай асқан байлыққа салық белгіленбеген.

Жаңа Салық кодексі 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Заң жобасын жасаушылар асқан байлыққа салық енгізу жолдарын қарастырып жатыр.