Қазақстан Жазушылар одағы мен Иранның Жазушылар қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Салтанатты рәсім Астанада «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты халықаралық әдеби форумы аясында өтті. Форумның екінші күні проза, поэзия, драматургия және аударма ісіндегі өзекті мәселелер 4 секцияға бөлініп талқылануда.
«Қазақстанның заманауи әдебиеті парсы тіліне өте аз аударылған. Бүгінгі меморандум парсы аудиториясына қазақ әдебиетін насихаттауға және аударуға серпін береді деп үміттенемін. Екінші жағынан, классикалық парсы әдебиеті барша әлемге танымал болса да, қазіргі парсы әдебиетін білетіндер аз. Бүгінгі келісімнен соң, қос халыққа қазақ және парсы әдебиетінің заманауи өкілдері кеңінен таныларына сенімдімін», - деп атап өтті Иран жазушылар қауымдастығының төрағасы, ақын, жазушы Хади Саери Киасари.
Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағының басшысы Ұлықбек Есдәулет екі елдің бағзыдан қалыптасқан әдеби байланысын дамыта түсуге ниетті екенін жеткізді.
«Парсы әдебиеті әлемге асыл қазыналар сыйлаған бай әдебиет болып саналады. Шахнамадан бастап, Румидің, Жәмидің, Сағдидың, басқа да Шығыс жүлдыздарының шығармалары бізде аударылып келген. Әрбір буын ұлы ақындар мен жазушыларды қайталап аударып ұсынып отырады. Бізде Тұрмағамбет Ізтілеуовтан бастап, парсы тілінен аударатын үлкен аудармашылар мектебі қалыптасқан. Алматылық Сафар Абдулло аударған М. Әуезовтың әңгімелері, Абайдың қара сөздері осымен төртінші рет шығып жатыр. Сол жолды жалғастырып, қазақ әдебиетін парсы оқырмандарына таныстыра түсуді көздеп отырмыз», - деді Ұлыбек Есдәулет.