24 қыр, 2018 сағат 11:43

Қазақстандық «Түн құдайы» фильмі Парижде көрсетілді

Парижде өткен француздың «L'Etrange Festival» кинофестивалі аясында режиссер Әділхан Ержановтың фильмографиясы көрсетілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Туындылар арасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Риэлтор», «Үкілі кәмшат» және «Түн құдайы» фильмдері де бар.

Режиссер Әділхан Ержановтың айтуынша, оның фильмдеріне француз көрермені аса қызығушылық танытқан. Келушілер саны көп болып, кезекке тұрып күткендер де болған. Сонымен қатар, режиссер түрлі кәсіби кездесулер мен сұхбаттар өткізген.

«Француздар өнер мен киноны бразилиялықтар футболды түсінгендей ұғынады. Олар үшін өнер - ұлттық дәстүр. Сондықтан да кинодағы авангард сол жақтан тарайды. Кинодағы моданы Канн мен Франция жасайды. Ол жақтың көрерменімен сөйлесудің өзі ғанибет. Олар синефилдер - қазақ киносында болып жатқан дүниелерден хабардар. Оларға шынымен де менің кином қызықты», - деді Ержанов.

«L'Etrange Festival» ширек ғасырға жуық уақыт өткізіліп келеді. Бұл фестиваль «ерекше, қайталанбайтын, сирек, жоғары деңгейдегі» фильмдерге арналған. Фестиваль бағдарламасында негізгі байқау (Ларс фон Триердің «Джек тұрғызған үй» фильмі көрсетілетін) мен қысқаметражды фильмдердің байқауынан бөлек, конкурстан тыс бағдарламада жапон жаңа толқынының фильмдерінің көрсетілімі, аңызға айналған Nikkatsu атты жапон студиясының фильмдерінің ретроспективасы, сондай-ақ «Жаңа таланттар», «Деректі кино» секциялары бар.