Қазіргі таңда мемлекет пен жекеменшік әріптестігі бүкіл әлемде кеңінен таралған. Әлемнің барлығы дерлік дамыған және дамушы елдерінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестігін қолдану бойынша бірінші орынға автожолдарды салу және қайта жөндеу саласын қоюға болады, одан біршама қалыс қалатын салаларға денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау және канализация, теміржолдар, аэропорттар салу сияқты негізгі салалар жатқызылады.
Біздің елімізде әуелгі баста, яғни тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі негізінен мемлекеттік активтерді басқару элементі ретінде қарастырылған болатын. Бастапқы қадамдарда инвесторларға жалғыз инструмент – концессия ғана ұсынылды, яғни дәлірек айтсақ, бұл редакция бойынша қазақстандық концессия объектілерін шетелдік концессионерлерге жалға беру ғана қарастырылды.
Мемлекет пен жекеменшік әріптестігінің шығу тарихына көз салар болсақ, тіпті Ежелгі Рим дәуірінде мунисиптер (municipal – қазіргі заманғы муниципалитеттердің аналогы) пошта станциялары, порттар, су өткізгіш жолдар, базарлар және моншалар сияқты антикалық инфраструктуралар объектілерін басқаруды жекеменшікке беру практикасын қолданған. Францияда XVI-ғасырдан бастап билік өкілдері өз бақылаулары аясында жекеменшік есебінен экономикалық қажеттіліктерді, оның ішінде транспортпен қамтамасыз ету және коммуналдық қызметтерді дамытуды қолға ала бастады. Дәлірек айтар болсақ, 1552 жылы Францияда қоғамдық инфраструктура саласындағы ең алғашқы концессия – Адам де Крапонн деген кәсіпкерге Кро алқабында канал салу жобасы берілді. Ал, Ұлыбританияның өзінде мемлекеттік концессиялар жекеменшікке XVII-XVIII ғасырларда беріле бастады – Англия мен Уэльс елдерінде маяк қызметтері мемлекет пен бизнес өкілдерінің әріптестігі принципі бойынша өрбіді. XIX ғасырда концессиональды механизмдер арқасында теміржолдар, ірі-ірі кеме өткізгіш каналдар және көптеген басқа инфраструктуралық кешендер салынды және осы ғасырды концессияның «Алтын ғасыры» деп аталуы да тегін емес. Бұл аралықтартағы концессия механизмімен іске асырылған атақты жобаларға Суэц каналы (1855 жыл) мен Париждегі Эйфель мұнарасын (1887-1889 жылдар) жатқызуға болады.
Қазіргі таңда әлем елдерінің әрқайсысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің даму деңгейі мен бағыттары әртүрлі, және кейбір елдерде, оның ішінде Қазақстанда да аталған қарым-қатынастардың қалыптасуы мен енгізілуі әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр.
Негізінен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің даму жолын мынадай кезеңдерге бөлуге болады:
1) Дайындалу (осы сала бойынша мемлекеттің саясатын пысықтау, қажетті заңнамаларды талдау және қалыптастыру, осы сынды мәселелерімен айналысатын арнайы ұйым құру, т.б.);
2) Енгізу (МЖӘ-ті қолдану аясын кеңейту, жобаларды қаржыландырудың жаңа жолдарын іздеу, заңнамалық кедергілерді жою, МЖӘ жүйесінің біртұтастығын қалыптастыру, т.б.);
3) Жетілдіру (методологиялық инструкциялар мен нұсқаулықтарды жасау, МЖӘ-ті іске асыру модельдерін жақсарту, жобаларды қаржыландырудың дамытылған жүйесі, МЖӘ мәселелері бойынша жоғары біліктілікті мемлекеттік қызметкерлер).
Қазіргі уақытта Қазақстанда 1-ші кезең толық аяқталды деп айтуға болады және 2-ші шақтың кейбір позициялары басталып та кетті. Десе де, даму барысында толғандыратын мәселелер де жоқ емес
–Аталған саланы дамыту бойынша дұрыс жолды таңдадық па?
–Болашақта қандай міндеттер атқару қажет?
–Жеке бизнестің МЖӘ жобаларына қатысуы үшін барлыұқ жағдай жасалды ма?
–Қай жерде қандай қателіктеріміз бар және оларды қалайша қарқынды түрде түзетіп, одан әрі жетілдіре аламыз?
Осы сынды сұрақтар бойынша алдағы уақытқа жоспар құрар болсақ, әлемдегі басқа елдердің даму жолдарын толық қайталамай, тек тәжірибелерін ғана ескере отырып, өзіміздің даму жолымызды бірнеше есе қарқындата түсуге болмай ма деген ой келеді. Мысалы, алдыңғы қатарлы халықаралық практикалардың көрсеткіштері, жобаларды іске асырудың жетістігі, өз кезегінде мониторинг жүргізу мен бағалауды жоба басқарудың қажетті және бөлінбес бөлігі ретінде қарастыратын жоба менеджментінің механизмдерін қолданған кезде арта түсетінін көрсетіп отыр. Бұл мәселені шешу үшін бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру мен мониторинг жүргізуді, жоба басқару тұрғысынан қарауды (оның ішінде жобаларды басқарудың Ұлттық стандарты негізінде) қолдана отырып жүзеге асыруды ұсынуға болады.
Қазіргі уақыттағы осы саланың әр жылда әр жоба бойынша қайталанатын өзекті мәселелерін тез арада шешудің жолдарын тапсақ, біршама сатыға жоғарылап қалар едік. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жетік меңгерген мемлекеттік қызметкерлердің жоқтығы – аталған саланы дамытудың басты кедергілерінің бірі. Осы саланы өз бетінше практикалық түрде меңгеріп жүрген мемлекеттік қызметкерлердің теориялық дайындығын пысықтап жіберуге қомақты қаржы да, күш те қажет емес, тек ұйымдастыру жұмыстары тиімді орындалса жеткілікті. Жобалардың іске асырылуына тоқсан сайын жүргізілетін мониторинг нәтижесінде анықталатын сол жоба барысында жіберілген олқылықтарды тек тіркеп қана коймай, оларды оперативті түрде шешуді қолға алсақ, басқа дамыған елдердің ғасырлар бойы сұрыпталып жеткен жетістіктеріне бірнеше, әрі кетсе оншақты жылдың ішінде жете аламыз.
Орынбасар Әбсатов – Қазақстандық
мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының сарапшысы
Ұлт порталы