27 шіл, 2016 сағат 20:01

Қазақстандағы дінаралық келісім үлгісі

Қазақстандағы дінаралық келісім үлгісі — біз сақтап қалуға және дамытуға тиіс ұлы құндылық. Дінаралық келісім – Тәуелсіз Қазақстанның маңызды игіліктерінің бірі де бірегейі. Түрлі ұлттар мен этностардың діндерінің өзара әрекеттесуінің тұрақты моделі, бүгінгі Қазақ елінде бөлінбейтін біртұтас жасампаздық пен келісім жағдайының негізі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, «біздің этносаралық және дінаралық келісімнің моделі дегеніміз – ол әртүрлі конфессиялардың өзара әрекеттесуі бүкіл әлемдік процессіне Қазақ Елінің қосқан шынайы үлесі» дей аламыз. «Өзіңді құтқару үшін, алдымен әлемді құтқар» деген Шығыс даналығын ұстана отырып, Қазақстан адамзаттарына XXI ғасырда өркениеттердің шиеленіссіз өмір сүруі бойынша өнегелі модель ұсынды.

Көпдіншілдік мәселесі қазіргі таңда жалғыз Қазақстанда ғана емес, өркениеттіліктің біршама биігіне көтерілген – Англия , Франция және Германия сияқты Еуропа елдерінің өзінде көпдіншілдік пен көпэтностық мәселесі күннен-күнге өзектене түсуде. Сондықтан «діни сенімге, діни дүниетанымға деген мемлекеттің көзқарасы, ұстанымы қандай болуы керек ?» деген сауал көптеген өркениетті елдер үшін XXI ғасырда анықтала түскен іспетті. Яғни, басқару органдары мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін, қоғамдағы тыныштықты, адамдардың еркін өмір сүруге деген құқығын қорғауға ұмтылады. Әртүрлі діндердің бір-бірінен теологиялық артықшылығы турала таласты ешкім шешіп бере алмайды, тек қана ортақ мәмілеге келудің жолы бейбіт қатар сыйластықпен өмір сүру екенін зерделегенде ғана ол шешімін табады.

Дана халқымыздың ғасырлар бойы «Жан біткенге қиянат жасама қарғысына қаласын, мұхтаждарға көмектес сауабын аласын»,- деп ізгілікті насихаттап, «Таспен ұрғанды аспен ұр» ұстанымы дәріптеп дұшпаны болса да қиянат жасамай оған керісінеше адамгершіліктің ең жоғарғы шыңынан қараған.

1992 жылғы қазан айында Алматы қаласында Рухани келісімнің бірінші конгресін өткізуде Елбасының рөлі ерекше. Аталған конгреске қатысқан танымал діни және қоғам қайраткерлері осы күнді адамдар арасындағы өзара түсіністікке қол жеткізу және бітімгершілікті іздеу күні ретінде бекітуді ұсынған болатын. Содан бері жыл сайын елімізде 18 қазан Рухани келісім күні болып дәстүрлі түрде аталып өтуде. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы осы Рухани келісім күнімен де тікелей байланысты.

Дінаралық келісім күні елордамыз Астана қаласында 1997 жылы алғаш рет кең көлемде аталып өтіп, ол өзімен бірге қайырымдылық істерге қолғанат болудың жаңа миссиясын алып келді.

«Ислам – татулық пен тағаттылықтың, жасампаздық пен жарасымдылықтың діні» Н.Ә.Назарбаев. Елбасымыз көптеген игі бастамаларға мұрындық болып жүргендігінен біз, яғни қазақ елі ғана емес, бүкіл әлемнің үлкен діни және қоғам қайраткерлері хабардар. Көп ұлттылық біздің кемшілігіміз емес, керісінше кеңдігіміз. Тиісінше көп ұлттың наным-сенімі де көп болатындығы анық. Осы көпұлттылықтың дінаралық келісімінің Қазақстандағы үлгісі бүкіл әлемге теңдессіз үлгі. Жер бетіндегі бүлік, соғыс болып жатқан елдер Қазақстандағы тыныштық, тұрақтылық, келісім мен үйлесімділікке қарап сабақ алса болады. Халқымыздың бірлігі мен сүттей ұйыған ынтымағы Қазақстандағы дінаралық келісім үлгісі.

Дінаралық келісім жайлы Қасиетті Құранда Аллаһ Тағала: «Іштеріңдегі зұлымдық істегендерден басқа кітап иелерімен ең тамаша түрде ғылыми, сыпайы талас жүргізіңдер. Оларға: «Өзімізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Сендердің Құдайларың да, біздің Құдайымыз да біреу-ақ. Біз соған ғана бойұсынушылармыз»,-деп айтыңдар»-делінген. (Анкабут сүресі 46-аят).

Жаратылғандардың діндері бөлек болғанымен Жаратушысы бір. Бір адамның көңілін түсіріп, уәжге жыққанның ешбір пайдасы жоқ. Мұны барлық дін қаралайды, құптамайды.

Қазақстандағы дінаралық келісім, дінаралық үн қатысу әлемдік деңгейде бейбітшіліктің болуын қалау, көпке үлгі болу.

Бүкіл мұсылман әлеміне теңдессіз үлгі бола білген тұлға Хазіреті Пайғамбар Мұхаммед қай кезде де Құранның әміріне бойсұнып, кітап иелерімен тығыз байланыста болды. Оның христиандармен диалогы ең алғашқы рет өзіне Аллаһтан уахи келген сәттен басталған. Өйткені, Мұхаммед пайғамбарлығын алғашқы боп растаған  Уарақа ибн Науфал деген христиан ғұламасы еді. Ол Мұхаммедке Мұса мен Иса пайғамбарларға уахи түскені сияқты Жәбірейіл періштемен уахидың келе бастағанын түсінген алғашқы адам. Сондай-ақ Мекке қаласындағы басқа да христиандармен тығыз қарым-қатынаста болған. Мәдина қаласына һижрат етіп (көшіп) келісімен еврейлермен қарым-қатынас жасасқан.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүние салғаннан кейін де, халифалар да кітап иелерімен үн қатысып тығыз байланыста болды. Оған мысал Құддыс қаласы алынып, хазіреті Омар бейбітшілік келісім-шартына қол қоюға барғанда христиан дінбасылары оған ең үлкен шіркеулерінде намаз оқып, құлшылық қылуына рұқсат береді. Бірақ Омар сол шіркеулерде намаз оқудан бас тартады. Себебі өзі кеткен соң мұсылмандар «Омар намаз оқыған шіркеуді мешітке айналдырамыз деп жүрмесін, бүлік шықпасын» деген оймен христиандардың ұсыныстарынан бас тартуы түсінген жанға көп нәрседен хабар береді.

Назар салып қарар болсақ, дінде рақымшылдық, жылылық, мейірім-шапағат бар. Ендеше қазіргі таңда дін адамдарының бір-бірімен алауыз болулары ұстанған діндерінің негізгі принциптеріне қайшы келеді.

Қазақ Елі ту көтеріп тәуелсіздік алғалы еліміздегі дінаралық қатынас саласында мемлекеттік сындарлы саясат жүргізіп келеді. Дінаралық келісім мен толеранттылық азаматтық бейбітшіліктің негізі. Біздің мемлекетіміздегі әлеуметтік прогрестің маңызды факторы болып есептеледі. Тең құқыққа және міндетке ие барлық діни бірлестіктер, діни сенімдеріне қарамастан, жасаған құқық бұзушылық әрекеттері үшін заң алдында бірдей жауап береді.

Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында: «Біздің Ұлы Дала мыңдаған жылдар бойы толерантты, яғни тағатты болды. Сонымен бірге, мен толеранттылықтың кейбіреулер ойлайтындай, ойыңа келгенді істеу емес екенін де атап көрсеткім келеді. Толеранттылық – өзіміз нығайтып, сақтайтын және бүкіл ұрпақты тәрбиелейтін біздің қоғамымыздың парасаттылық қалыбы», деуі кездейсоқтық емес. Қазақстан конфессияаралық және этникалық көпжақтығымен ерекшеленетін әлемдегі санаулы мемлекттердің қатарына жатады.

К.Джумекеева,

Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің басшысы