Фото: pikabu.ru
Қаңтар-тамыз айының қорытындысы бойынша Қылмыстық құқықбұзушылық жасағандар арасында 30,1 мың жұмыссыз бар. Бұл былтырғыдан 5,1%-ға аз, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты Ranking.kz порталына сілтеме жасап.
Соның ішінде 5,5 мың азамат теріс қылық, ал қалған 24,6 мыңы қылмыс жасаған.
Осы 24,6 мың адамның 10,7 мыңы орташа ауырлықтағы қылмыс, 8 мыңы – ауыр қылмыс, 5 мыңы – онша ауыр емес қылмыс, 959-ы аса ауыр қылмыс жасаған.
"Заңды бұзатын жұмыссыздардың саны жылдан жылға азайып келеді. Мәселен 2022 жылы бұл көрсеткіш 3,6%-ға, 31,7 мың адамға, 2021 жылы — 21,8%-ға, 32,9 мың адамға, 2020 жылы — 22,8%-ға, 42,1 мың адамға, 2019 жылы — 6,5%-ға, 54,5 мың адамға дейін төмендеді", - делінген хабарламада.
Өңірлер бойынша қылмыс жасаған жұмыссыздардың ең көбі Алматы қаласында тіркелді: 5 мың адам — былтырғыдан бірден 27%-ға көп.
Одан кейін Астана (3 мың адам, 5,8%-ға көбейген) және Алматы облысы (2,4 мың, 40,7%-ға азайған) тұр.
Ең төменгі көрсеткіш – Ұлытау (239 адам), Абай (710 адам) және Қызылорда (781 адам) облыстарында.
Жұмыссыздардың 35,1%-ы ұрлық жасағаны үшін ұсталған: 10,6 мың адам — былтырғыдан 8,3%-ға аз.
Сондай-ақ жұмыссыздар арасында ең "танымал" құқықбұзушылық түрлерінің ішінде алаяқтық (3,7 мың адам, 13,9% көбейген), ұсақ ұрлық (3,1 мың адам, 7,1% азайған), есірткінің заңсыз айналымы (1,6 мың адам, 6,9% азайған) және жол қозғалысы немесе көлік пайдалану ережелерін бұзу (1,2 мың адам, 8,4% көбейген) бар.