ҚР Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Pfizer вакцинасының қолданылу қарқыны туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әуелі ол аталмыш вакцинаның қанша қоры бар екенін, сақтаулы тұрған екпенің қай уақытқа дейін жарамды екенін мәлім етті.
«Жалпы Pfizer вакцинасының 4 млн дозасын әкелуіміз керек. Бүгінде 3 млн 400 мың әкелінді. Яғни, 600 мың дозасын алдағы уақытта күтіп отырмыз.
Pfizer вакцинасының 452 мың дозасы бірінші компонент ретінде пайдаланылды және шамамен 240 мыңдайы екінші компонент ретінде егілді.
Естеріңізде болса, Pfizer бізде жүкті әйелдердің ревакцинациясы үшін де қолданылады. Енді 60-тан асқандарға да екпенің осы түрін ревакцинацияға жібердік. Бұл мақсаттарға әзірге Pfizer вакцинасының 6 мыңнан сәл асатын дозасы пайдаланылды. Бұл вакциналардың жарамдылық мерзіміне келсек, қыркүйек айы біткенше жарамды», - деді комитет басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Айтуынша, күн өткен сайын елдің Pfizer вакцинасына деген сенімі артып келеді.
«Біз Pfizer вакцинасын еге бастаған кезде тәулік сайын 500-300 адам ғана екпе қабылдағаны естеріңізде шығар. Яғни, кез келген вакцина сияқты, басында бәрі әліптің артын бақты. Кейін қауіпсіз екеніне көздері жеткен соң вакцинация қарқыны арта бастады. Бүгінде тәулік сайын Pfizer вакцинасын 15-16 мың адам қабылдайды. Оның ішінде балалар да, жүкті әйелдер де, бала емізетіндер де бар. Бүгінде Pfizer вакцинасының 1 млн дозасын тәуекел тобындағы адамдарға бағыттағалы отырмыз», - деді Айдан Есмағамбетова.