
Қазақстанда Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік басқару – мемлекеттік жоспарлау жүйесіне жаңа тәсілдерді табысты енгізудің негізгі бөлігі. Осы бағыттағы трансформацияның негізгі қағидаты «Адамға бағытталу» болады. Жаппай цифрландыру, оның ішінде Data Driven Government платформасын енгізу мемлекеттік басқару жүйесін жақсартудың негізгі элементіне айналады және тиісінше мемлекеттік жоспарлау жүйесінің табысты қызметін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қайрат Келімбетов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Спикер 29 қаңтарда Президенттің Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын мақұлдағанын, оны 2021 жылғы 10 ақпанға дейін қол қоюға енгізу жоспарланғанын атап өтті. Тұжырымдамаға сәйкес, мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру кезінде мемлекеттік аппарат пен мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік басқарудың 5 іргелі қағидатын басшылыққа алатын болады.
«Біздің мемлекетіміз халық үніне құлақ асатын, қоғамға есеп беретін, кәсіби және прагматикалық болуы тиіс. Мемлекеттік басқарудың сервистік моделіне көшу үшін мемлекеттік аппараттың алдына 9 негізгі міндет қойылды. Сонымен бірге, мемлекеттік басқару тұжырымдамасын іске асыру ауқымды жұмысты талап етеді. Осыған байланысты, Асқар Ұзақбайұлы (Үкімет басшысы Асқар Мамин – авт.), Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы Тұжырымдаманы іске асыру жоспарын 1 наурызға дейін әзірлеуді тапсырған жөн деп санаймыз», - деді Қ.Келімбетов.
