Сурет: freepik.com
Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда құрғақшылыққа байланысты күріш тапшылығы бола ма деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Шынында, биыл қатты құрғақшылық болды, бірақ барлық аймақта емес. Қызылорда облысы әкімдігі мәліметінше, өңірде құрғақшылықтан күріш дақылдары зардап шекпеген. Жыл сайынғы деңгейде қанағаттанарлық өнім күтіліп жатыр. Біз жартысын тұтынып, қалғанын экспорттаймыз. Сондықтан құрғақшылықтан күрішсіз қаламыз деген қауіп жоқ", - деді ОКҚ брифингінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары Шаймерден Ахметов.
Шенеуніктің айтуынша, Қазақстанда айтарлықтай экспорттық әлеует бар. Отандық ауылшаруашылық өнімдерін Ресей мен Үндістандағы экспорт жабылғандықтан, жаңа нарықтарға жіберуге болады.
"Бірақ бәрі біздің өндірушілердің шешіміне байланысты. Бағаның қандай болатынына, жаңа нарықта немесе бұрын экспорттаған ескі нарықта, қайсы тиімдірек екеніне байланысты шешім қабылдайды", - деп қосты Ахметов.