01 қаз, 2025 сағат 11:11

Қазақстанда Халықаралық қарттар күні аталып өтуде

Фото: Aqshamnews.kz

1 қазан – дүние жүзінде, соның ішінде Қазақстанда да Халықаралық қарттар күні ретінде кеңінен аталып өтеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Елімізде бүгінде 2,5 миллионнан астам зейнеткер тұрады. Әрбір азаматтың лайықты қартаюын қамтамасыз ету – Үкіметтің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі.

Мемлекет қарттарға әлеуметтік қолдау көрсету және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіру бағытында дәйекті шараларды іске асыруда. ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес еңбек өтіліне қарай зейнетақы төлемдері жыл сайын артып отырады.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 8,5%-ға ұлғайды. Сонымен қатар ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне сәйкес базалық зейнетақы индекстелді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда: ең төменгі көрсеткіш 65-тен 70%-ға, ал ең жоғарғысы 105-тен 110%-ға дейін өседі.

Қарт адамдарды қолдау мақсатында республикада 127 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. 2025 жылы олардың қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттерден 7,5 млрд теңге бөлінді. Бұл орталықтар йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылықты арттыру, тіл және кәсіпкерлік курстарын қоса алғанда, аға буынның белсенді өмір сүруіне мүмкіндік беретін түрлі қызметтер көрсетеді.

1 қазанда елімізде Қарттар күніне орай арнайы айлық басталады. Оның аясында өңірлерде кездесулер, мәдени іс-шаралар, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндері өткізіледі.

Айта кетейік, Халықаралық қарттар күнін Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 14 желтоқсанда бекіткен. Мерекенің басты мақсаты – қариялардың қоғамдағы еңбегін құрметтеу, олардың өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік қолдауына назар аудару.

Оқи отырыңыз: Елімізде 100 жастан асқан 448 азамат өмір сүріп жатыр