Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның урбанистер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ерлан Әукенов еліміздегі қалалардағы кеңістіктерді жоспарлауда орын алған негізгі кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде өзекті мәселелердің бірі - көше кеңістіктерінің пысықталмай жоспарлануы. Қазақстандағы көшелер мен жолдар көліктерді өткізу мүмкіндігіне қарай бағдарланған. Сонымен бірге, барша әлемде тренд тұрғындардың мобильдігін арттыруға қарай жүріп барады. Бұл тұрғыда қоғамдық көлікті дамытуға екпін қойылып, жылдамдық режимін қысқарту ескерілген», - деді Әукенов «Қалалық кеңістікті қалыптастырудың жаңа тәсілдері туралы» атты дөңгелек үстел отырысында.
Бұдан бөлек ол қала аумағын жарықтандыру мәселесіне тоқтала келе, көп жерлерде электр жарығы тартылмағынын, бұл өз кезегінде қауіпсіздік мәселесіне әсер ететінін жеткізді.
Бұдан бөлек Әукенов қала кеңістігін көгалдандыру бағыты да жеткілікті деңгейде пысықталмағанын айтты.
«Көгалдандырудың ірі аумақтары кейбір жағдайда функционалды болмай жатады және тек әсемдік функциясына арналған. Сонымен бірге, ғылыми бағдарға тоқталсақ, әлемде қалыпты өсімдіктер жиынтығынан қалаларды ондаған жылдарға көгалдандыру стратегиясына ауысу жүріп жатыр. Осы орайда әр қала үшін жекелей жасыл қорды іріктеу, бір жылдық өсімдіктерді көп жылдық өсімдіктерге алмастыру ескерілген. Қалалық саябақтар да өздерінің негізгі функциясын жоғалтып бара жатыр, яғни табиғаттың бір бөлігі болуы секілді негізгі мәнінен алыстап барады», - деді Ерлан Әукенов.