01 ақп, 2022 сағат 13:27

Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинаны жетілдіре түсу жұмыстары жүріп жатыр


Мамандардың айтуынша, коронавирусты жеңудің басты құралы - вакцина. Осы орайда отандық мамандар індетпен күресте қолданыста бар вакцинаны жетілдіре түсу жұмысын қолға алды.

Бұл туралы ҚР Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Кез келген вирус ұзағырақ өмір сүрудің жолын іздейді. Яғни ол жұғу жолы мен түрін өзгертіп отырады. Қайткенде де адамдардың арасында кеңірек тарауға тырысады. Осы орайда біздің айтатын уәжіміз, індеттен сақтану шараларын қатаң ұстануымыз қажет және вакцина алуымыз қажет. Қайталаудан шаршамаймыз, коронавирусты жеңудің жалғыз жолы вакцина және реквакцинациядан өту. Әлемде вакцина алу процесі әр елде әртүрлі жүріп жатыр. Екпе алу қарқыны төмен деңгейдегі елдер COVID-19-дың ошағы болып қала береді. Оның арты вирустың жаңа штамының пайда болуына алып келеді», - деді Күнсұлу Закарья «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында. 

Оның айтуынша, елімізде індетке қарсы вакцина және ревакцина алу қарқынын жетелдету керек. 

«Жаңа штамның пайда болуы лезде. Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет. Сондықтан да екпе алу маңызды. Сонымен қатар ревакцинациядан өтуді де ұмытпаған жөн. Ревакцинациядан өтуге дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі кеңес беріп отыр. Ал вакцинамен мемлекет қамтамасыз етеді. Таяуда ғана өңірлерге 500 мың доза вакцина жөнелттік және біз бұнымен тоқтатпаймыз, жұмыс жүріп жатыр. Біз бар вакцинаны вируспен күресте одан әрі жетілдіре түсумен айналысып жатырмыз», - дейді ол.