31 там, 2019 сағат 12:37

Қазақстанда Азия елдері қалам­герлерінің І форумы өт­еді

Азия құрлығына ортақ мәселе

Азия қаламгерлерінің I форумы бәріміз үшін көптен күткен үлкен оқиға болғалы тұр. Көп жылдардан бері біздің шетелдермен, әсіресе, Азия елдерімен әдеби байланысымыз жадау, жұтаң күйге түскен еді. Қай елдің қандай бағытта жұмыс істеп жатқанынан бейхабар болып қалдық. Сондықтан әдеби бағыттағы қарым-қатынастың нығаюына жол ашатын алғашқы форумнан күтеріміз көп. Саяси жағынан болсын, әлеуметтік-экономикалық жағынан болсын, әрқилы деңгейде өмір сүріп жатқан Азия елдері – бір-бірімізді етене жақын танып, халықтық мәселелерімізді кеңінен қозғап, бір-біріміздің ішкі дүниемізге үңіле отырып ұлттық болмыс-бітімімізді айшықтасақ, келешектегі келелі істерге айқын баспалдақ қаланар еді.

Әлем әдебиеті әртүрлі бағыт-бағдармен дамуда. Ал осынау кең құлаштағы әлем әдебиетінің де, жекелеген ұлттар әдебиетінің де ең негізгі ортақ мәселесі – адам мәселесі. Жер-жерде тағдыр-талайы әртүрлі ұлттар мен ұлыстар, адамдар мекен етіп жатыр. Адамзат ешқашан жетілген қоғамда өмір сүрген емес. Адам бар жерде, тіршілік бар жерде үлкенді-кішілі мәселелер де түгесіле қоймайды. Ал осы қоғамның айнасы, ол – әдебиет. Шым-шытырыққа толы қоғамды ізгілендіретін де – әдебиет. Сондықтан әдебиетті дамытуға бағытталар іс-шаралардың толастамағаны жөн.

Темірхан МЕДЕТБЕК,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

Негізгі мақсат – жалпы қоғамдағы әдебиеттің рөлін көтеру

Сонау бір жылдары, нақтырақ айтсақ, осыдан  43 жыл бұрын Әнуар Әлімжанов ағамыз Жазу­шылар одағы басқармасының төр­ағасы болып тұрған кезде Азия, Аф­рика жазушыларының конференциясы болған деп еститінбіз. Кеңестік кезеңнің де жақсы дүниелері болды. Кеңестік идеология әдебиетті басты қаруы ретінде, тәрбие құралы ретінде пайдаланды әрі үлкен қолдау көрсетті, жазушыларға қамқорлық жасады.

Кейінгі жылдары әдебиеттер байланысы үзіліп қалды. Дү­ние­жүзілік әдеби процестің құ­­рам­дас бөлігі ретінде қазақ әдебиеті де дамып келеді. Енді осы өткізілгелі отырған Азия елдері жазушыларының І форумы 4-6 қыркүйек арасында Нұр-Сұлтан қаласында басталмақшы. Негізгі мақсат – жалпы қоғамдағы әдебиеттің рөлін көтеру, жазушы мәртебесін асқақтату. Сол арқылы әдебиетті басты тәрбие құралына айналдыруға ықпал ету.

Форумда көптеген мәселе көте­ріледі. Мәселен, Оңтүстік Ко­рея­ның танымал жазушысы Ко Ын «ХХІ ғасыр поэзиясындағы жалғыздық мәселесі» деген та­қырыпта баяндама жасайды. Қа­тар елінен келетін Нобель сый­лығына үміткер Моза әл-Малки «Әлемдік әдебиеттегі Азия адамының бейнесі», Дүниежүзілік Ақындар конгресінің президенті, монғолиялық Менд –  «Азия поэзиясының әлемдік әдебиетке әсері» деген тақырыпта әңгіме өрбітеді.

Әзербайжан Жазушылар ода­ғы­ның төрағасы Анар Рзаев, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб бей Өмероғлы түркі тектес әдебиеттің бүгінгі хал-ахуалы туралы сөз қозғайды.

Қазақстаннан Олжас Сүлей­менов, Төлен Әбдік, Қабдеш Жұмаділов, Әнес Сарай, Бек­сұл­тан Нұржекеұлы, т.б. жазу­шыларымыздың сөз сөйлеуі күтілуде.

Еліміздің барлық өңірлерінен, Алматы мен астанадан 200-дей қа­ламгер қатысады. Азияның Жапония, Малайзия, Қытай, Сауд Арабиясы, Иордания, Оңтүстік Кореясынды 40-қа жуық елінен делегат келмекші.

Біздің қаламгерлеріміздің шы­­ғар­малары сол елдерге, ал Азия мем­лекет­тері жазушылары шығармалары біздің тілі­мізге аударылмақшы. Мұндай үл­кен халықаралық басқосудың әде­биетіміздің көшінің ілгері дамуына айтарлықтай ықпал ететініне сенемін.

Бауыржан ЖАҚЫП,

 Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары

 

Ойлы шаруаның бірегейі

Ең алдымен, Қазақстан Жазу­шылар одағының біраз жылға созылған тоқыраудан кейін заман талабына сай қарекет жасай бастағанын айтар едім. Бір­шама уақыт бұрын ел астанасында Еуразия астаналары ақын-жазушыларының жиы­нын өткіз­генін, Алматыдағы Шығар­машылық үйді қала әкімінің қол­дауымен қайта жаңғыртып, қаламгерлердің игілігіне беруін, прозалық шығармаларды әлемнің алты тіліне аударта бастауын және алдағы Азия қаламгерлерінің І форумын ұйымдастыруы – ояну ғана емес, ойлы шаруаның басы және бірегейі.

Ертеңгі болар форум әдебиетіміздің өзге жұртпен терезесін тең көрсете алуына игі қадам болып отыр. Әлем әдебие­тінің озық үлгілерімен біраз таныс болғандықтан, халықаралық сыйлық иелерінің шығармаларын өз әдебиетіміздің таңдаулы үлгі­ле­рімен салыстырып қарасақ, ақын­дарымыз Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, Тұманбай мен­ Сағи­лар­ды айтпағанда Т.Медет­бек, С.Ақсұңқарұлы, Е.Рау­шан, Ж.Бөдеш, прозашылары­мыз М.Мағауин, Т.Әбдік, Т.Нұрмаған­бетов, Ж.Шаштайұлы, Б.Нұржеке, Р.Отар­баев, Н.Дәутайұлы, Ә.Ас­қар, М.Байғұттың шығар­ма­лары аударуы келіссе, әлем әде­биетін таңдандырары хақ. Бұдан бөлек, тұяқ дүбірлері алты қырдың ар жағынан естілетін дарынды жастарымыз қаншама. Әлем білсе, Абайды, Әуезовті, Нұрпейісовті білер. Басқасынан әлем мүлде хабарсыз. Әдебиеті әлсіз елді қанша жерден экономикасы мықты болғанымен, әлем мойындамайды.

Форум қазақ әдебиетін таны­ту­ға күш салуы керек. Бұл да жар­намалық қызметтің бір түрі. Демек, шет тілге аударылатын қазақ ав­торларының таңдаулы шығар­маларын арнайы комиссия мен Жазушылар одағы іріктеп, қолға алса деймін. Бұл жерде ағайындық емес, ақиқат, өкпе-наз емес, әділет төреші болса керек.

Ақын-жазушылардың алыс-жақын шет­елмен шығармашылық байланысына толықтай жағдай жасаған жөн. Оған қоса жас қаламгерлердің топтама жинақ­тарын мемлекеттік тапсырыспен жылына бір рет шығарып жатса, үлкен қамқорлық емес пе?!

Жазушы Ә.Асқар бұрынғы «Аударма» баспасын қайта жандандырып, жұмысын жүргізсе, әде­би аудармаға қозғау салар еді. Форумда осы аталған мәсе­лелер қозғалар деп сенемін. Әде­биетімізді әлсіретіп алмау жа­зушылардың ғана емес, мем­лекет­тің де парқы мол парызы.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы

 

Өзара байланысты нығайтады

Әлем әдебиетінің ақын-жазушыларымен ортақ байланыс орнату мәселесін көтеру керек. Өкінішке қарай, біз бүгін алыс шетелді былай қойғанда, мына тұрған өзбек, қырғыз ағайындардың сөз өнерінде қандай жаңалық болып жатқанынан бейхабармыз. Өзге елдер түгіл, біз қазір бір-біріміздің не жазып жүргенімізді оқымаймыз. Қазақ қаламгерлерінің кітаптары сатылымға түспейді. Азия елдері де қазақта қандай ақын-жазушылардың бар екенін білмейді деп ойлаймын.

Алдағы форум барысында шығармашылық әлеуетін толық жүзеге асыру үшін жыл сайын талантты қаламгерлерге мемлекет тарапынан грант беріп тұру туралы ұсыныс айтар едім.

Қазақ әдебиетінің соңғы жиырма-отыз жылдағы жетістігі – кез келген тақырыпты батыл жазатын болдық. Ал сол тақырыптарды игеру мен көркемдік шеберлікпен беру тәсіліміз – көңіл көншітпейді. Әлемде де, бізде де қазір әдебиет жалпы жұрттың жанына аса әсер ете қоймайтын, көпшілік түсінбейтін – белгілі бір топтың ойынына айналып барады.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,

сыншы

 

Әдеби ұйым құрылса...

Қазақ әдебиетінің өткен тарихына көз салсақ, баба­ларымыздың ықылым заманнан еуразиялық алып әдеби-мәдени кеңістікте өмір сүргенін көреміз. Кейін мұның ауқымы тарылды. Мәдени бағыт өзгерді. Біз бұдан ұтқан жоқпыз. Азия қаламгерлерінің I форумы сол ұлы дәстүрлерге қайта жол ашады деп сенеміз. Сол мыңжылдық тарихы бар байланыстарды, рухани көпірлерді қайта орнату бағытында диалог болғанын қалар едік. Осы орайда Азия жас қаламгерлерінің Әдеби ұйымы құрылса, оның штаб-пәтері Алматы қаласында орналасса деген ұсынысым бар.

Қазақтың қара өлеңі – мазмұндық форматы жағынан әлем әдебиетінде баламасы жоқ құбылыс. Алғашқы екі жолы – дерексіз (абстрактылы), үшінші жолы – мағына ұясы, соңғы жол – түйіндеуші. Біз осыны жапон хайкуы, парсы рубаяты деңгейінде насихаттай алуымыз керек деп ойлаймын. Ғазал анасы бәйіт болса, қазақ өлеңінің анасы – қара өлең.

Әлем және қазақ әдебиетіне ортақ проблемалар алдағы форумда анық көрінеді деп ойлаймын.

Ерлан ЖҮНІС,

«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

 

Шығармашылыққа тың серпін береді

Азия елдеріндегі жастар әдеби тұрғыда бір-бірімен еркін араласа алса, әдебиеттің болашағы үшін тың серпіліс болар еді. Түп негізі тереңнен бастау алатын Азия халықтарының әдеби әлемі – қазынаға толы. Бір-біріміздің әдеби, тарихи болмысымызға үңілу арқылы, өзара ымыраластығымыз бен достығымыз ұлғаяр еді. Көркем шығармаларымыздағы көркемдіктің аясы кеңейіп, жаңашылдыққа деген бетбұрыс пайда болар еді. Бұл игіліктердің қай ұлт үшін де маңызы зор.

Азия қаламгерлері бір-бірінің шығармаларын оқып, түсіну үшін, түйсіну үшін сапалы аудармалар мен сауатты аудармашылардың санын көбейту керек. Біздің әдебиетіміздің Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік ке­ңістіктегі алар орны зор. Сол қасиеті мен қадірін нығарлау үшін, айқын таныту үшін аударманың биік деңгейде болғаны жөн.

Мерей ҚАРТ,

Қазақстан Жазушылар одағы Семей қалалық филиалының төрағасы