08 қыр, 2021 сағат 18:00

Қазақстанда 7 млн-ға жуық адам вакцинаның 1-компонентін алды


Қазақстанда 7 млн-ға жуық адам вакцинаның 1-компонентін алды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Соңғы айда республикада коронавирус инфекциясының таралу индексі 17 пайызға төмендеді. Инфекциялық төсек-орын жүктемесі 56-дан 36 пайызға дейін азайды. Сонымен қатар реанимациялық төсек-орындардың да 45 пайыздан 36 пайызға дейін төмендеуі байқалады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Сонымен қатар ол елімізде халықты вакцинациялау жұмысы жүргізіліп жатқандығын атап өтті. 

«Бүгінде вакцинаның 1 және 2-компонентінің 12,6 млн-нан астам дозасы қолданылды. Оның ішінде 1-компонент алғандар саны 7 млн-ға жақындап қалды. Нақтырақ айтар болсақ, 6 млн 928 мың адам екпе алды. Бұл халықтың екпе алуға жататын тобының 69,5 пайызын құрайды. Екінші компонентпен 5 млн 755 мың адам қамтылды. Екпе пункттерінде вакцинаның шамамен 1 млн 540 мың доза 1-компоненті және 880 мың 2-компоненті бар»,- деді Марат Шоранов.