21 қаң, 2025 сағат 12:33

Қазақстанда 60-тан аса әкім орынбасарына айыппұл салынған

Фото:sima-land.ru

Қазақстанда 60-тан аса әкім орынбасарына айыппұл салынды. Бұл туралы экология министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Министрдің айтуынша, «Қазақстан Ғарыш Сапары» спутниктік суреттерінің көмегімен рұқсатсыз пайда болған қоқыс орындарын анықтау мүмкіндігі бар.

Экология департаменттері оқиға орнына барып, әр жағдайды тіркейді. Әрі қарай, қоқысты жою жөнінде әкімдіктерге нұсқама беріледі. Егер бұл талап орындалмаса, жауапты лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«2024 жылы 164 лауазымды тұлға 9,4 миллион теңге көлемінде айыппұл түрінде жауапқа тартылды. Оның ішінде аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары деңгейіндегі 61 лауазымды тұлға да бар», – деді министр.

Соңғы жылдары заңсыз қоқыс орындарының саны азайып, олардың жойылу көрсеткіші артқан. Мысалы, 2018 жылы 8,7 мың қоқыс орны анықталып, оның 57 пайызы жойылған болса, 2024 жылы 4,8 мың қоқыс орны тіркеліп, олардың 91 пайызы тазартылған.