29 там, 2016 сағат 12:10

Қазақстан ядролық қарусыздандыру сыйлығын тағайындайтын болады – Н.Назарбаев

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Ядролық қарусыз әлем құру» атты Халықаралық конференцияның пленарлық мәжілісін қорытындылаған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ендігі кезекте құр ұран-сөзбен шектелмей, ядролық қарусыздандыру бастамасын іс жүзінде жалғастыру қажеттігін жеткізді. Осы орайда Елбасы нақты бірнеше ұсыныс жасады. Соның ішінде ядролық қарусыздандыру саласындағы арнайы сыйлықты тағайындау бастамасы да бар, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Ядролық қару бойынша жалпыға бірдей конвенцияны қабылдау осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі болар еді. Біз бұл бастаманы тағы көтеретін боламыз. Аталған құжатта ядролық қаруға тыйым салып, оны жоюдың нақты мерзімдері көрсетілуі тиіс. Бұдан бөлек,басқа да құжаттар әзірленуі мүмкін. Осы орайда бізге қолдау көрсетіледі деп сенеміз»,- деді Н.Назарбаев конференция қатысушыларына қаратып айтқан сөзінде.

Сондай-ақ Президент ядролық қарусыздандыру саласындағы арнайы сыйлықты тағайындау бастамасын қолдайтынын жеткізді. Алайда оның атауын әлі ойластыру қажет.

«Ол ядролық қарусыз бейбітшілік үшін сыйлық болатын шығар. Бәлкім, ядролық қарусыздандыру үшін беріледі. Біз ондай премияны тағайындауды өз қолымызға аламыз. Ядролық қарусыздандыру деп алған дұрыс шығар. Себебі бейбітшілік үшін бір емес, бірнеше сыйлық бар сияқты. Біз ойластырып, ол сыйлықты тағайындау туралы шешімді қабылдайтын боламыз. Қараша айында Астана қаласында Бейбітшілік саммиті өтеді. Сол жерде сыйлықты тағайындап, алғашқы лауреатын атауға болады деп ойлаймын»,-деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Айта кетейік, «Ядролыққарусыз әлем құру» атты Халықаралық конференция Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.