Фото: https://www.shutterstock.com/
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында орташа жалақы мөлшері бойынша айқын көшбасшы болып тұр, бұл туралы Ranking.kzке сілтеме жасап Ult.kz хабардайды.
ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеті жариялаған мәліметтерге сәйкес, 2024 жылда Қазақстанда орташа номиналды жалақы 817,2 АҚШ долларын құраған.
Бұл көрсеткіш Өзбекстандағы (437,8 доллар) және Қырғызстандағы (411,2 доллар) жалақыдан шамамен екі есе жоғары. Ал Тәжікстан Қазақстаннан 3,4 есе артта қалып отыр, онда орташа жалақы 242,8 долларды құраған.
Айта кету керек, Тәжікстандағы бұл көрсеткіш соңғы жылдары айтарлықтай өсім көрсеткен. Номиналды жалақы бір жыл ішінде 24,9%-ға, ал нақты жалақы 21,1%-ға артқан. Бұл Орталық Азия өңіріндегі ең жоғары өсім. Ал Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда жалақының өсу қарқыны бұдан төмен болған.
Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері де өңір бойынша ең жоғары деңгейде. Өткен жылы ол 85 мың теңгені (181,1 доллар) құрады. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 89,4 доллар болса, Тәжікстанда – 54,9 доллар, ал Қырғызстанда – 28,3 доллар деңгейінде болды.
Сонымен қатар, Қазақстандағы қаржы саласы мен тау-кен өнеркәсібі ең жоғары табысты салалар қатарында. Мысалы, қаржыгерлер мен сақтандыру саласы мамандарының жалақысы орта есеппен 1,7 мың доллардан асады, бұл Тәжікстандағы көрсеткіштен үш есе жоғары.
Орталық Азия елдері Еуропа елдерімен салыстырғанда өмір сүру құнының төмендігімен ерекшеленеді. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан тұрғындары үшін өмір сүру шығындары салыстырмалы түрде қолжетімді болғанымен, Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен жалақы деңгейі өңірдегі көшбасшылық орнын айқындайды.