07 сәу, 2021 сағат 10:45

Қазақстан мен Иран Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды

Бүгін елордада Қазақстан мен Иран Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Құжат Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифтің елімізге ресми сапары аясында рәсімделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылы бүкіл Шығыс әлеміне ортақ атақты тұлғаларымыз әл-Фараби және Абай жылдарын белсенді атап өттік. Осы ретте, достас Иран жерінде олардың мұрасын насихаттау бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастыруда көрсеткен қолдауы үшін ирандық достарымызға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ, біз екі елдің мәдениет, білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастығын арттыру өзектілігін ашып көрсетіп, көне қолжазбаларды зерттеу бағытындағы екіжақты байланыстарды жандандыруға, ғалымдардың сапарларымен алмасуға, тарихи жәдігерлермен танысуда өзара ықпалдастықты жалғастыруға келістік», - деді Мұхтар Тілеуберді Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифпен кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне арналған мәлімдемесінде.

Оның атап өтуінше, бүгінгі келісөздер екі мемлекет арасындағы қатынастардың келешегін айқындау және халықаралық ахуал бойынша пікір алмасу тұрғысынан өте пайдалы болды.

«Келіссөздер нәтижесі бойынша Қазақстан мен Иран Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойдық», - деді ҚР Сыртқы істер министрі.