
Қазақстан CОVID-19-ға қарсы вакцинаға қажеттілігін қамтамасыз ету үшін әлеуетті өндірушілермен жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ауру өршіген жағдайда халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шараны жүзеге асырып жатыр. Халықтың әлсіз топтарын вакцинациялау үшін тұмауға қарсы 2,2 млн доза вакцина сатып алынды. Вакцинациялау 15 қыркүйекте басталып, бүгінгі күні 1,5 млн-нан астам адам егілді. Елдің CОVID-19-ға қарсы вакцинаға қажеттілігін қамтамасыз ету үшін әлеуетті өндірушілермен жұмыс жүргізіліп жатыр. Вакцинациялауға жататын халықтың алдын ала саны 2,8 млн адамды немесе тұрғындардың 15 пайызын құрайды», - деді министр Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кеңесте .
Сонымен қатар ол карантин шараларының орындалуын бақылау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Мониторинг тобының жұмысы барысында 17 тамыздан бері 14 812 рейд жүргізіліп, 5 147 нысанда карантин режимін бұзу анықталды. Карантин режимін негізгі бұзушылықтар – бұл адамдар көп жиналатын шаралар өткізу, маска режимін бұзу, әлеуметтік арақашықтық сақтамау және антисептиіктердің болмауы. Карантин режимін бұзушыларға жалпы сомасы 300 млн теңгеден асатын 5160-тан астам әкімшілік айыппұл салынды», - деді Алексей Цой.
