Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысы барысында 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан экономикасы есептік кезеңде қаңтар-тамыз айларында жинақталған өсім қарқынын 4,3% деңгейінде сақтағанын айтты. Бұған макроэкономикалық тұрақтылық пен инвестициялық белсенділік, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы қолайлы жағдайлар ықпал етуде.
Мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында қабылданған шаралардың арқасында экономиканың барлық салаларында оң үрдіс байқалатыны аталып өтті. Өсімнің негізгі қозғаушылары өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс болды.
Өнеркәсіпте жыл басынан бері тұрақты өсім байқалуда, қаңтар-қыркүйекте 8,3%-ды құрады. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 11,3%-ға ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,7%-ды құрады. Ішкі нарыққа бағдарланған салаларда елеулі өсім байқалуда, соның ішінде фармацевтикалық өнімдер шығару, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өнімдері мен сусындар, сондай-ақ, мұнай өнімдері өндірісі.
Экспортқа бағдарланған салаларда да өсімнің тұрақты қарқыны байқалуда, мәселен, қара металлургия өндірісі 7,8%-ға, түсті металлдар өндірісі 6,6%-ға өскен.
Ауыл шаруашылығында өсім 1,9% деңгейінде сақталған, сондай-ақ, құрылыс қаңтар-тамыз айларындағы 0,1%-дан осы жылдың 9 айында 3,5%-ға дейін артқан.
Экономиканың нақты секторындағы жоғарғы өсім қызмет көрсету саласының тұрақты өсім жолына бірте-бірте шығуымен сүйемелденеді. Осы жылдың 9 айында көлік қызметтері 4,7%-ға, сауда және байланыс — 3%-ға, жылжымайтын мүлік операциялары — 2,1%-ға артқан.
Экономика дамуына оң әсерін беріп жатқан инвестициялар өсімінің динамикасы жақсарып келеді. 2017 жылдың 9 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4,4%-ға өсті. Сауда мен құрылыста инвестицялардың ең көп өсімі байқалуда, сонымен қатар жылумен және сумен қамту желілерінде жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде өнеркәсіпте де инвестициялар өсімі байқалып тұр.
Негізгі капиталға инвестициялар өсімі алдымен ішкі көздермен қамтамасыз етілді, ал қаржыландырудың сыртқы көздерінде төмендеу байқалады.
Тұрақты макроэкономикалық жағдай тұрғысынан, тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы түсімі 2017 жылдың І жартыжылдығында $10,5 млрд-қа дейін 8,6%-ға өсті. Қазан айының басындағы жағдай бойынша еліміздің халықаралық қоры алтын-валюта сақтық қорларының 10,2%-ға өсуі есебінен $89,4 млрд-ты құрады.
Тоғыз айдың қорытындылары әлеуметтік-экономикалық өсімнің барлық салаларында оң қарқынның сақталғанын көрсетеді. Осыны ескере отырып, жыл қорытындысы бойынша кем дегенде 3,4% деңгейінде экономика өсімі орын алады деп болжанған.