24 қыр, 2025 сағат 11:01

Қазақстан денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда

Фото: Ақорда

Нью-Йоркте Мемлекет басшысының америкалық бизнес өкілдерімен кездесулері аясында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жетекші әлемдік корпорациялармен келіссөздер жүргізді. Кездесулерге Pfizer, General Electric және өзге де ірі компаниялардың басшылары қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.

Әңгіме барысында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, озық тәжірибе мен инвестиция тарту, сондай-ақ медицина саласындағы серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды.

ДДҰ-мен ынтымақтастық

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгемен келіссөздер барысында медициналық-санитариялық алғашқы көмек коалициясы аясындағы серіктестікті нығайту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған Коалиция жұмысына халықаралық сарапшылар мен жастарды тарту үшін арнайы жұмыс тобы құрылмақ. 

Климат пен денсаулық мәселесі 

Кездесуде климаттық өзгерістердің халық денсаулығына әсері, соның ішінде Арал теңізінің экологиялық апаты да сөз болды. Тараптар Арал өңірінде кешенді зерттеу жүргізу туралы келісті. Осыған байланысты Қазақстан, Өзбекстан және ДДҰ арасында үшжақты Меморандум әзірленуде.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласында Арал теңізі мәселелері бойынша ДДҰ-ның өңірлік кеңсесін ашу бастамасы көтерілді. Бұл қадам өңірдің экожүйесін қалпына келтіру, көгалдандыру, суару жүйелерін реттеу және ауыз су сапасын арттыруға бағытталмақ. 

Жаңа ғылыми орталық

ДДҰ-ның Туберкулез мәселелері жөніндегі бөлімшесін Копенгагеннен Алматыға көшіру жоспары да талқыланды. Орталық Инфекциялық аурулар ұлттық ғылыми зерттеу институтының базасында жұмыс істемек.

Бұл бастамалар Қазақстанның денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға, халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.