
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасының арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шарт қылмыстық саладағы өзара көмек беруді көздейді. Негізінен, күдікті мен айыптының кінәсін дәлелдеуге бағытталған тиісті әрекеттерді қамтиды. Осы ретте екі елдің құзырлы органдарына тергеу амалдарын жүргізуге құқықтық көмек береді», - деді ҚР Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов.
Осы орайда қамауда отырған адамдарды уақытша беру, тінту, заттарын тәркілеу, сраптама жүргізу, жауап алу, ақпарат және басқа тергеу амалдарын қамтиды. Бұл келісімде көрсетілген барлық тергеу әрекеттері біздің заңнамамызда бар.
Шарт құқықтық көмек көрсетуден бас тарту үшін негіздерді де көздейді. Құжатты ратификациялау екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Шарт міндетті түрде ратификациялауға жатады, өйткені ол адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайды.
«Жалпы, еліміз осындай шартты 27 мемлекетпен бекітті. Оның арасында Қытай, Ұлтыбритания, АҚШ секілді елдермен жасалды», - деді М. Ахментжанов.
